Манап пен Надежда айтысы (3-бөлім)
Манап Көкенов, Надежда Лушникова · 2 мин оқу
Нарынқол, Жамбыл аудан, Шелекпенен,
Бір өзі миллион қозы көгендеген.
Талғардың төсі толған курорттары,
Кісіге құшақ жайған «келем» деген.
Пальтоңыз Қарғалының шұғасынан,
Жеңгейге базарлыққа «шубасын» ал.
Сіздегі «жарты қала» – комбинаттан,
Біз жаққа картон қағаз қашан шығар?
Ал, аға, көкөністі көксегенде,
Келіп тұр өзің көрген Қаскелеңге.
Әй, қайдам, облысыңыз мән берер ме,
Помидор, картоп, сәбіз – ас дегенге?
Қорқыт пен Тұрмағамбет қос данышпан,
Туылып Қармақшыда өнер ашқан.
Соларға бар ма еді тең келері,
Күмбезін көтерді ме сенген елі?
Еңбекпен жер жүзіне асқан бағым,
Сондықтан айтыс десе жасқанбадым.
Ақынмын Үмбетәлі бата берген,
Жарамас кезек тоспай айта берген.
Манап:
Жақаев тың түлетті үлгі ісімен,
Сырластың өзің барып ол кісімен.
Алматы облысы да күріш екті,
Сыр бойы диқанының үрдісімен.
Еңбекте, семьяда Батыр ана,
Қанықсың Ұлбаланың атына да.
Ол жайлы әңгімелей бастағанда,
Ынтықтың «айта түс» деп, ақын аға!
Жер басып қос аяқсыз жүре білген,
Қайратын ел таныған білегінен.
Қасымтай, Сәлиманы мақтан етем,
Тең келмес батырларың біреуімен.
Белгілі Одағыма шырын қауын,
Алады шырын қауын көздің жауын.
Қауынның бір кеспесін жегеннен соң,
Қалады ұмыт болып айтқан дауың.
Әлемге әйгілі ғой қаракөлім,
Алтынмен бағаланған құнды өнім.
Қысы-жаз біз өсірген қаракөлден,
Тон киіп жүрген жоқ па сіңлілерің?
Шалқыған Шалқиядай кен де бізде,
Одаққа даңқы кеткен ем де бізде!
Ақыны Алматының айтысушы –
Тәрбие ап, оқып қайттың сен де бізде!
Жақсы жыр естігенде жайтаңдаймын,
Мен сізді «осал қыз» деп айта алмаймын.
Шабытым шаршы топты ұйытқанда,
Шабыста шын жорғадай шалқаймаймын!
Қияға қанатыңды сермеп едің,
Өлеңмен өрден-өрге өрлеп едің.
Қарындас, ағаңды да «осал» деме,
Жібермес сөзден есе мерген едім.
Сынадың комбинаттың кемшілігін,
Сөзің жөн, дей алмаймын ерсі мұның.
Бұрында ісі нашар болғанымен,
Өнімнің кереметін көрші бүгін.
Мал менен комбинатқа жетер қамыс,
Беруде сол қамысым көптен табыс.
Қарындас, жанашыр боп мінімді айтсаң,
Бермейміз жарыссаң да қолдан намыс.
Жасырмай, айтсақ сөздің расын дәл,
Ауылда мал ұстамай тұрасыңдар.
Қаладан ет-сүт іздеп кезек күтіп,
Кінәлап көрінгенді шығасыңдар.
Үйіңнің, шаруаңның бабын тауып,
Қайтеді асырасаң бірер тауық?
Еліңе насихатта осыны да,
Ет іздеп, көше кезбей босқа шауып.
Мақтану болды, Надя, бар арманың,
Жақсы екен бар ауылың, бар ауданың.
Білімнің дариясынан сусындатқан,
Білесің Қызылорданың жаңарғанын.
Бәйгеден дәмелі ғой қосқан аттар,
Сыр елін қас та мақтар, дос та мақтар.
Қоймай-ақ көкке саты сағат сайын,
Ғарышқа ұшып жатыр космонавтар.
«Кем дейсің көкөнісің әлі күнге»,
Надяжан, шының ба бұл, әзілің бе?
Кем түспес Алматыдан Қызылорда,
Жайылған дастарқанның мәзіріне.
Көрмедім асып-тасып жатқаныңды,
Мін айтсам, ойлайсың тек ақталуды.
Орның жоқ көкөністен мақтануға,
Айтпасаң «Көкбазарға» сатқаныңды.