Қазанғап пен Нартай айтысы (2-бөлім)
Қазанғап Байболов, Нартай Бекежанұлы · 3 мин оқу
Нартай:
Қазанғап, неге сонша шытырлайсың,
Қалбаңдап қарсы ұмтылып тыпырлайсың,
Мақтаң мен Ленгіріңнің мінін айтсам,
Жауырды жаба тоқып сыпылдайсың.
Кемісе, кемшілігің, пайда емес пе?
Несіне болмашы деп шұқымдайсың.
Мен саған жоқ дедім бе жақсы кісің?
Көргенмін көбісінің өзім түсін.
Куйбышев колхозында мың адамың,
Бір айда бір баланың істеді ісін.
Жабылып төрт-ақ гектар егін орса,
Бәйге алып соларға да беремісің!
Жұмысы Жуалының жатыр жусап,
Жаным-ау, көзің бар ғой, көремісің?
Бізде де кемшілік бар толып жатқан,
Колхозда жеке-жеке болып жатқан.
Табысқа не десең де баймын сенен,
Жеңісті көрсеттік біз малдан баққан.
Мені де олқы деме байлыққа тым,
Көре біл, күрішіме тақпайсың мін.
Шетіне шалқып жатқан шыға алмайсың,
Теңіздей бір облысты жапқан бүтін.
Тап биыл бес мың гектар артық ектік,
Көрсетіп күштіліктің кереметін.
Күріштің тәңірісіндей өрендерім,
Асырды жер жүзінен өнерлерін.
Дүйсенбай, Қашақбай мен Асан, Ыбырай,
Бермейтін бәрі палуан жауға белін.
Сақадай сақылдап тұр тракторым,
Арналса артық кетпес оған жырым.
Озып кеп МТС-терім алды бәйге,
Бітіріп бар жұмысын сенен бұрын.
Қазанғап, болғанды айттың, толғанды айттың,
Баянда болашақта не боларын?
Қазанғап:
Ойлама, Нартай, мінім жоқ екен деп,
Сынасақ мін түзеуге болады сеп.
Еліңде үш МТС-ің олқы жатқан,
Білдірмей кетпекпісің оны да ептеп.
Директор Жалтанов пен Өтепберген
Жұмысын сала алмай жүр, жолға реттеп.
Оңтүстік – мол дария қорғасынға,
Ұқсайды зауыттарың ордасына.
Союздық жарыстарда оза шығып,
Орнатқан Қызыл туы бар басында.
Айқайды салғаныңмен, Нартай ақын,
Көзің жетсін біздерден озбасыңа.
Айтпастан балығыңды басып қойдың,
Қақалып қылтығына қалғансың ба?
Нартай:
Қазанғап, буын жоқ қой қызыл тілде,
Табады құрғақ ұйқас әркімдер де.
Мастанып бәрін айтып көки бермей,
Жоқты іздеу шын ақынның міндетінде.
Кендерің, зауыттарың, алыптарың,
Теңдесер тең таппаса жер бетінде.
Қуанып мен де саған үн қосамын,
Әндетіп жырмен жұртты тербетуге.
Егерде мініңді айтпай қаша берсең,
Шынымен айналғаның кер кетуге.
Сұрайсың қайта-қайта балығымды,
Балыққа білмейсің бе қанығымды.
Сен шығар балық жесе қақалатын,
Теңізге тең көретін арығыңды.
Майданға балықшылар беріп жатыр,
Сезбейді жеген ерлер тарығуды.
Трестің Арал еді енді бірі,
Болатын бетке шіркеу соның міні.
Планын биылғы жыл бере алмады,
Басқадан облысымда бәсең түрі.
Болмаймын арашашы айыптай бер,
Ақынның жәрдемдессін өткір тілі.
Бәрін айт, бәрекелді, мақтаңды айтшы,
Оның да келмей жатыр әлі сыны.
Бұл өлең екеумізге бірдей нәсіп,
Тербеткен жасымызда жырдан бесік.
Жинап ал ақ мақтаңды, малыңды өсір.
Баратса көкейіңді жеңу тесіп.
Ойсырап бұл екеуі кем жатқанда,
Менімен шаба алмайсың бірге ілесіп.
Жел сөзді қутыңдатпай қарызыңды өте,
Сөйлей бер содан кейін желдей есіп.
Қазанғап:
Отырсың бар тапқаның өтірік боп,
Планын бұл тресің бітірген жоқ.
Әйтеуір суда тірі балық жүр деп,
Санайсың құр малданып көңілге тоқ.
Түп-түгел болғандай-ақ пландарың,
Желігіп жеңеміз деп ұрандарың.
Жиырма проценттей балық жетпей,
Соған да орынды ма қуанғаның?
Астық, мақтаң, өндіріс кейін жатыр,
Жалғыз-ақ мал өсіріп ту алғаның.
Белгілі сенің жайың, Нартай, бізге,
Аралың масқара боп елімізге.
Жетпіс бір процентке әрең жетті,
Жоқтай-ақ тірі балық Сыр теңізде.
Тресті басқарушы Сатаевың,
Балық аулау ісінің білмес жайын.
Бас балықшы болса да жүзе білмес,
Жүзе білмес кісінің ауы жүрмес.
Атап айт болса тағы білген мінің,
Түйресін олқылықты өткір тілің.
Аямай кемшіліктің аш пердесін,
Жұмыстың асыл жырмен жуып кірін.
Бірсыпыра мақтаны сен де еккенсің,
Көрсетші ол ісіңнің бізге түрін.
Балықтан басқа сенде бар ма өндіріс,
Айтып бер кемшілікке соның бірін.
Елім бай майданға көп бердім батыр,
Кең байтақ өндірісті жерім жатыр.
Түсінсең тоқтар жерің осы, Нартай,
Қызықпай қысыр сөзге қызыл-жасыл.
1943 жыл.