Шашубай мен Көшен айтысы (1-бөлім)
Шашубай Қошқарбайұлы, Көшен Елеуов · 2 мин оқу
Шашубай:
Балқаштың құтты жері Саршығаннан,
Жыр төгіп, асқақтатып ән шығарған.
Тынысы тарылмаған жүйрік едім,
Үш жүзге мәшһүр болып даңқым барған.
Бұл күнде мыспен күптеп босағамды,
Шынтақтап Бектау-ата, Босағаңды.
Жастанып шалқар көл мен Дересінді,
Байлығым басып жатыр осы араңды.
Дариям қандай болса қазынам сондай,
Шоқтығым Алатаудан аса алады.
Жерім бар көз жеткісіз кен шалқыған,
Дүние таңырқаған зор даңқыңнан.
Көпіртіп, көк теңіздің көбігіндей,
Сол жерден мың-мың тонна мыс қалқығам.
Алыбым күміс күптеп, алтын аптап,
Қазынам алқабымда жатқан қаптап.
Байлығы сарқылмайтын Қоңыратым,
Қойнына алуан кенін келген сақтап.
Айтқанын іске асырып заманымның,
Ішінде орнатылған аз-ақ жылдың,
Ернеуі қанша алса да кемімейтін,
Елімнің Шығыстағы қазанымын.
Дүниеде зауыт болса нелер алып,
Келемін баса көктеп, артқа салып,
Ертектей елден елге аңыз болып,
Шығады Балқаш атым жерді жарып.
Өзендей арнасындай қызыл мысы,
Сарқырап күндіз-түні жатады ағып.
«Мак-Кули»машинасы үйдей тасты,
Быт-шыт қып қас қаққанша тастай шағып.
Дүниеде екі алыптың біреуі - мен,
Басқасы астар түгіл болмайды әдіп.
Баса алмас салмағымды менің ешкім,
Бірімін шығыстағы алып күштің,
Қашан да менікі деп айта аламын,
Одақта үштен бірін өнген мыстың,
Байлығым ерік берген шарықтауыма,
Келмеген қапталыма Қап тауы да.
Одақта үштен екісі менен өнген,
Сыймай ма молибденім мақтауыма!
Отыз ту жеңіп алған Күн сымбатты,
Жеңіске жеткізгендей іс шыңдатты.
Көгертіп көсегемді көсем берген,
Ішінде бір Туым бар ең қымбатты.
Біз берген молибденнен сауыт киіп,
Танкілер қалың жауға кетсе тиіп,
Талқандап темір торын, тас қамалын,
Тау-тау ғып өлексесін кетеді үйіп.
Байлықтың биік құзын ұялаған,
Қыранмын асқар көрсем қиялаған.
Балқашқа тең келетін шың болмаса,
Шоқыға анау-мынау ұяламан.
Алтайдай биігімсің Қарағанды,
Сен ғана тең келесің мына маған.
Досеке, Көшен қайда, Қайып қайда?
Кемшілік ұқсамайды айыққанға.
Осында барды бар деп, жоқты жоқ деп,
Өзара сынға салсақ айып бар ма?
«Жатпасын қисық ағаш тез алдында»,
Ақындар соны түгел сезе алдың ба?
Не жайда Қарағанды осы кезде,
Елестет бірің шық та көз алдыма?
Көшен:
Шашеке, жұрт алдында шаппай желдің.
Алдыңа әдеппенен сәлем бердім.
Орның бар шабыттанып шарықтауға,
Қырағы қыранысың айдын көлдің.
Байлығы Балқашыңның ұшан-теңіз,
Сай келген бағытына ерікті елдің.
Әйгілі бар әлемге мыс қазансың,
Төрінен орын алған туған жердің.
Отанның өзі берген Қызыл Ту тұр:
«Табысқа! Жеңіске!» деп ұран салып.
Балқытқан мың тонналап болат темір,
Орасан заводтардың жаны – көмір!
Майданға қару-жарақ, азық-түлік,
Таситын темір жолдың қаны – көмір!
Мұз бұзып, толқын тілген, теңіздерде
Керемет кісілердің әні – көмір!
Бүгінгі техникалы тіршілікте,
Көмірсіз, айта алмаймын, бар деп өмір.
Сарқылмас сол көмірдің дариясы,
Қапталған қара алтынның қазынасы.
Бойында Қарағанды сан ғасырға,
Жетеді Қап тауындай мол мұрасы.
Көмірдің күшін байқап қарасаңыз,
Қамалдың бұзылмайды қай қиясы?
Дегенде Қарағанды, фашистердің
Үрпиіп, тік тұрады төбе шашы.
Өйткені, біздің көмір бомба болып,
Жауғанда, жерге кірген жаудың басы.