Қазанғап пен Нартай айтысы (1-бөлім)
Қазанғап Байболов, Нартай Бекежанұлы · 3 мин оқу
Қазанғап:
Ән мен күй ақын сәні шырқап тартқан,
Тыңдаған шабыттанып, жігері артқан.
Сайраған ақын елге ерке бұлбұл,
Сөз қалмас тізе берсе адамзаттан.
Тасқынын өлең-жырдың ағытайын,
Суындай Сырдарияның аунап аққан.
Әлібек, домбыраңды сабалама,
Жортақтап оза алмадың біздің қарттан¹.
Сондықтан деміңді бас, сөз тыңдағын,
Інісі Орынбайдың Қазанғаптан.
Әлібек тиістісің сөз тыңдауға,
Несіне Бауыржанды салдың дауға.
Оңтүстік тәрбиелеп оны өсірген,
Қолынан аттандырған бар деп жауға.
Ауылымнан асқан батыр ұл туғасын,
Бола ма оны айтып мақтанбауға.
Ол батыр бүкіл елім қуанарлық,
Бергенде Ұлы Отаны оған жарлық.
Москваның түбінен жауды қуып,
Ісіне сүйсіндірді елді барлық.
Қазірше ерлік жайын қоя тұрып,
Тылдағы өндірістен сөз қылалық.
Атақты Сыр саңлағы Нартай қайда,
Нағып тұр, топты жармай айқай салып?!
Тыңдасын Оңтүстіктің о да жайын,
Жүрмесін абайсызда қапы қалып.
Сөйлейін біраз жыр төгіп,
Қазыналы кенімнен.
Леңгірімді айтайын,
Суреттеп әуел ерінен.
Жасымда жалғыз там еді,
Айналасы шаң еді.
Күншілік қазір қала боп,
Қара алтын онан өнеді.
Онда бар сансыз батырлар,
Медальды және орденді.
Депутатым Құлышов –
Осылардың бірі еді.
¹Халық ақыны – Орынбай Тайманов.
Ерлерім қайла соққанда,
Құлатар тауды қопарып,
Мол байлықты күреді.
Нартай:
Жармаспа, Қазанғабым, Әлібекке,
Деймісің мені мұнда келді текке.
Алайын тозаңыңды қағып-қағып,
Шыға ғой мықты болсаң жекпе-жекке.
Атама әуре болып Ленгіріңді,
Ұқсайтын іс бітірмес салпы етекке.
Жыл сайын өндіре алмай бар көмірін,
Ұялмай арқалап жүр елден өкпе.
Кезінде қызу майдан кертартатын,
Шығын ғып сөзіңді оған әңгіме етпе.
Міндерің артылады терген сайын,
Барады жаным ашып көрген сайын.
Бұрқырап зығырданым қайнай түсед,
Төбеңе жай тасындай төнген сайын.
Айтпасаң өз басыңның амандығын,
Кем емес тасбақадан шабандығың.
Жібектей ақ мақтаңды жиып алмай,
Сойылым тигелі тұр саған мығым.
Бос сөзді боратқанда алқынбайсың,
Жүйрік боп жалғыз шапсаң аңқылдайсың.
Қар басып, жаңбыр жаншып жатыр мақтаң,
Батыр-ау, неңе мәз боп сампылдайсың?
Қазанғап:
Соқтырдың, Нартай, сөздің дауылын да,
Жоқтай-ақ еш кемшілік ауылыңда.
Бос сөзді желдей есіп кете бердің,
Жұмыстың қарамастан ауырына.
Колхозың «Жаңа тұрмыс» жақын Сырға,
Салмадың оның ісін неге сынға.
Отыз гектар күріштің жарымы ұшқан,
Аңғармапсың салынып жайдақ жырға.
Сексен гектар тарысы құрғап кеткен,
Сыр қасында тұрса да, зар боп суға.
Жер жүзі таң қалады Мақтаралға,
Тіл жетсе, ол тұрады мақтанарға.
Ленгірдің сәл кемісін айтты екен деп,
Мен сенің айқайыңнан жасқанам ба?
Күн райы көктемде ауыр болып,
Қалуы рас болмашы мақта солып.
Бірақ оған еселеп еңбек етіп,
Әлдеқашан орыны кеткен толып.
Оңтүстіктің бар халқы тегіс тұрып,
Ноқталап Сырдың суын шөлге бұрып.
Мырзашөлге орнатқан үлкен қала,
Жаңадан Киров атты канал құрып.
Оған шектес Мақтарал ауданым бар,
Мақтаның мұхиттары жатқан болар.
Сарыағаш, Келес, Арыс, Түркістанмен
Фрунзе – ақ алтынның кені бұлар.
Қос орденді мұнда бар Жайлыбаев,
Ерлері толып жатыр көңіл толар.
Асырып Атымтайдан жомарттықты,
Мақтаралдан қақ жарып Қалпе шықты.
Миллион отыз алты мың сомды беріп,
Бір өзі танк колоннасын құрды мықты.
Ол танктер жаудың бұзып қамалдарын,
Сан миллион дұшпанды көрге тықты.
Нартай-ау, нақ осындай іс көрсеткен,
Адам жоқ іздегенмен сенде тіпті.
Бір жылда бір мың пұттай мақта терген,
Аягөз үздік шықты барлық жерден.
Сағындық Фрунзеде үздік шығып,
Гектарға алты жүз пұт мақта берген.
Мұндайлар толып жатыр біздің елде,
Асандай болса ерлерің айтшы сен де.
Сырыңнан аулап алған балығыңды айт,
Ұқсамай ұйытқып соққан сары желге.