Орынбай мен Әлібек айтысы (3-бөлім)
Орынбай Тайманов, Әлібек Байкенов · 3 мин оқу
Бір жарым жылдық жем-шөп жидым депсің,
Жалпы санға семіріп гуілдепсің.
Қазалыда жиған шөп Қармақшыға
Ас болмайды, онысын сен білмепсің?
Жиырма үш колхозыңның жиған шөбі,
Он күннен артылмайды, осы ма ісің?
Одан соң бұл колхоздың барлық малы,
Жаныр ма шөп болмаса тасқа тісін?
Қыстың көзі қырауда мал жұтаса,
Тасуға басқа жақтан келмес күшің.
Мысалға Қармақшының бір колхозын,
Алайын көрмей жүрсе сенің көзің.
Микоян атындағы артеліңнің,
Жайына тоқталады менің сөзім.
Бұл колхоз аман малын шығаруға,
Тиіс еді мың тонна шөп жиюға.
Екі жүз қырық тонна әрең жиды,
Әркімнен кәшек, сабан алып сауға.
Бұл жерде қыс болғанда жұт болады,
Бұл қылмыс, тиістісің мойындауға.
Әлібек, жүйесіне тоқта сөздің,
Орынсыз сала бермей омырауға.
Жырменен ағартқанмын сақал-шашты,
Әділ сөз ерітеді қара тасты.
Екі ауданға ерекше тоқтағанға,
Демегін сөз таппады, мені састы.
Екі ауданның бар малын есептесем,
Сен айтқан төрт жүз мыңнан мүлдем асты.
Сондықтан ишарат қып айтып едім,
Деп ойлап осымен-ақ таласпас-ты.
Ал енді мен тоқтайын дәулетіме,
Сабыр қып кідір сөздің нәубетіне.
Мыңғырған мың-мыңдаған малдар бітті,
Кең алқап Оңтүстіктің әулетіне.
Қырғызбен шектес жайлау «Оғам», «Шатқал»
Тіл жетпес «Ақбұрқанның» сәулетіне,
«Қос Тұра», «Боралдай» мен «Арыс», «Шұбар»,
Бұлардың жер сай келмес келбетіне.
Осылардың бәріне де төрт түлік мал,
Өрбіген симай қаптап тау бетіне.
Арда емген асау тайым өңгеріп ап,
Әкетер айғырыңды ел шетіне.
Айтайын енді саған план жайын,
Бізде де қыстың шөбі болды дайын.
Орта есеппен мал саны орындалды,
Бірақ мен артық сендей мақтанбаймын.
Әрине бірен-саран колхоздар бар,
Биғам қалған етпестен қысты уайым.
Оларға керек шара қолданылып,
Істері түзелуде күн-күн сайын.
Жеңіл мен байқашы өзің ауыр қандай?
Қала мен салыстыршы ауыл қандай?
Сен оған таласқанмен жұрт біледі,
Арасы екі облыс болар сондай.
Әлемді батырлықпен таң қалдырған,
Майданға ер бердің бе Бауыржандай?
Қазақтың қалың қолын ол бастаған,
Қырғанын білемісің жауын қандай?
Әлібек домбыраңды құр сабамай,
Айтып бер ерің болса нақ осындай.
Әлібек:
Кім көнбес сөз жүйесін айтсаң тауып,
Айтыста бәйге алмайсың жалғыз шауып.
Дәл сөйлеп сұрағыма жауап бермей,
Басыңа түсіп отыр қандай қауіп?
«Мал басы орындалды орта есеппен»,
Дегенді қайталайсыз ауық-ауық.
Өсімін өз малыңның өзің білмей,
Ореке, Оңтүстікке келдің бе ауып?
Малыңды өткен жылы азайтып ап,
Мініңді жасырмақсың жылы жауып.
Ореке, айқасқалы келдің жуық,
Қалмасын сыйламасам көңілің суып.
Теріңді қартайсың да шығарармын,
Алған соң алдыма сап біраз қуып.
Он төрт мың қоздайтұғын саулығым бар,
Ішінде декабрьдің болмақ туып.
Сонымен қойдың санын асыруға,
Даяр тұр қойшыларым белді буып.
Асады сиырым да бұзауменен,
Кемімді кереметім кетер жуып.
Шөпті ол не десең де алдым жиып,
Таудай ғып қыстауларға қойдым үйіп.
Балауса, көк жоңышқа, жасыл мия,
Көргенде кете алмас ең көзің қиып.
Шөбінен Қармақшының кемі бар-ды,
Ореке, жақсы кыпсың қатты тиіп.
Ұзатпай бір шарасын қолданамыз,
Қоймаспыз Оңтүстікше жауып тұйық.
Болар ем, ақын аға, әбден ырза,
Жөнсізін өз аулыңның алсаң тыйып.
Жүйрікке ақыным ең теңсің деген,
Жігіттен қарт та болсаң кемсінбеген.
Жерім деп, отауым деп, өзің бастап,
Боласың облысымды менсінбеген.
Қандай жас сені сыйлап құрмет етер,
Елімді қызыл тулы елсінбеген?
Абырой мал жағынан ала алмайсың,
Келіссіз құрғақ сөзді желпуменен.
Отырсыз арқа сүйеп Бауыржанға,
Бауыржан батыр жігіт тиген жауға.
Даңқына батырлардың біз де ортақпыз,
Көп жігіт жібергенбіз қан майданға.
Сөз соңы сұйылғалы бара жатыр,
Ореке, айналыпсың шын шаршауға.
Қазанқап, жастау едің, өзің кеп түс,
Қартыңды айырып ал салмай дауға.
1943 жыл.