Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Орынбай мен Әлібек айтысы (2-бөлім)

Орынбай Тайманов, Әлібек Байкенов · 3 мин оқу

Тәйтелі бар түйенің патшасындай,
Түйесі оның баққан сай тасындай.
Қашаннан түйешінің алдын алып,
Өзінен өзге жанды тұр асырмай.
Жыл сайын боталайды інгендері,
Ботасы бесті атанның тұлғасындай.
Арыстағы зауыттың арғымағы,
Шабысы мейіріңді қандырады.
Батырлар бұған мініп жауға аттанса,
Ойрандап жау ордасын қан қылады.
Әскерге мыңдап, жүздеп тізіп бердік,
Осындай боз бен қара, кер, құланы.
Басқасын мен әзірше қоя тұрдым,
Осы да сусыныңды қандырады.

Әлібек:
Халқыма осы айтыстың болар мәні,
Сондықтан жырдың көркем келсін сәні.
Беталды құрғақ сөзді айта берсең,
Шықпайды еш нәтиже мағыналы.
Ореке, осы жерде құрғақ сөзден,
Жөн еді айтылуға малдың саны.
Бұл жөнде жұмған ауыз ашылмады,
Себеп не, Оңтүстіктің Орынбайы?
Он сегіз ауданыңнан екі-ақ аудан,
Болды ма бетке ұстауға қолда бары?
Шәуілдір, Арыста да кемістік көп,
Белгілі бұлардың да бізге жайы.

Мен айтсам малдарыңыз кеміп кеткен,
Ореке, айта алмадың сол себептен.
Көн тулақ, көтерем боп өлген ат пен
Жүгімен түйең де көп жолда шөккен.
Мал басың біздей болып неге өспеді,
Жайына жақсы қарап болсаң күткен?
Себеп не, малың қалай өспей отыр,
Қамсыз ғып қойған болсаң қора-шөппен?
Ореке, осы жазда қанша малың,
Өзің айт өлді орынсыз күтпеуліктен?
Тағы да қанша бас мал қысыр қалды,
Қой, сиыр, түйе, жылқы – төрт түліктен?
Соларды біле тұра көрсетпесең,
Қалайша құтыласың кемшіліктен?
Өзің де айта алмассың Орынбай қарт,
Орынсыз асылдың деп өтіріктен.
Бітеді мал баққанға деген қайда?
Ұят-ау, үйренгенің Әлібектен.
Тұрғанда ойсыраған олқылықта,
Баймын деп мақтанасың қай ретпен?
Нанар ем нар мен тұлпар бергеніңе,
Мал басын біздей болсаң өркендеткен.
Ерлерін облысымның айтпақшымын,
Атақты мал бағуда еңбек еткен.

Аралда «Сазды» колхоз жері жайлы,
Кең алқап, қонысы мол, кең орайлы.
Бір жағы боз нұралық, бір жағы көл,
Жылқы мал жайылуға өте ыңғайлы.
Төлімен төрт түлігі түгел өскен,
Белесте қаптаған мал қыбырлайды.
Екі айда енесінен артық өсіп,
Көргенде танымайсың құлын, тайды.
Атақты бұл колхоздың жылқышысы,
Барлық ел білер тегіс Ыбырайды.

Тағы да бар колхозы «Иіркөл» атты,
Бұл колхоз обылысымда озған даңқы.
Шопанын сол колхоздың таныстырам,
Жетпіске жеткен жасы Қонай қартты.
Бұл кісі жүз саулықтан жүз сексен бес,
Қозы алып бәрі де аман, жақсы бақты.

Көрсетсем көз алдыңа Пірімовты,
Өсірген колхозында төрт түлікті.
Союздық Ұлы Совет депутаты,
Халық үшін еткен еңбек игілікті.
Пірімов Қазалыда «Қызыл туда»,
Көр барып, табам десең кемшілікті.
Орынбай көпті көрген жүйрік қартым,
Абайла, айтқан сөздің аңдап парқын.
Облысым озат, алда келе жатыр,
Көрдің ғой табысымның шама-шарқын.
Елімде ерлерім көп орындаған,
Отан мен партияға берген антын.
Айрықша облысымның өсті малы,
Бар шығар қолыңызда барлық саны.
Малымның жыл жарымдық шөбі дайын,
Түзеттік қысқа қарсы бар қораны.
Қорамның көркемдігі үй секілді,
Нанбассыз десем мұнда мал тұрады.
Ореке, облысыңның мал жайынан,
Сөйлеші қолыңа алып домбыраны.

Орынбай:
Белгілі бұл айтыстың бізге мәні,
Сынай бер келмей жатса жырдың сәні.
Сенде де толып жатқан кемшілік бар,
Ойлама сезбейді деп оны кәрі.

Планың жалпы есеппен орындалды,
Сол үшін елің Қызыл туды алды.
Жеке алғанда мыңдаған қой жетпейді,
Тағы жоқ бірнеше жүз сиыр малы.
Қазалының «Ақөзек» колхозында,
Неге айтпайсың, Әлібек, болған хәлді?
Бүкіл елдің денесін түршіктірді,
Аштықтан төрт жүз қойдың қырылғаны.
Зіл тастап аңғартыпсың бір мақалды,
Ағартқам жоқ, мен де бос шаш-сақалды.
Мал баққыштың бір түнде қырық қойын,
Қасқыр қырса не деп ең ол сойқанды?
Жер өртеп даңқын жайған тентектерше,
«Бозкөліңнің» бар жерде аты аталды.
Ақылыңнан береке таба алмаспын,
Осылайша үйретсең бақпай малды.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз