Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Маясар мен Нұрлыбек айтысы (3-бөлім)

Маясар, Нұрлыбек Баймұратов · 3 мин оқу

Асқардай өр кеуделі алып жайын,
Ажарлы аз мысалмен аңдатайын.
Қажырлы Қарағанды кеншілерім,
Жөнелткен көмірінен тәулік сайын.
Алпыс мың автомат пен мың зеңбірек,
Тағы да сексен танк болар дайын!
Көмір өмір адамзат баласына,
Қасиет толып жатқан бәрі осында.
Жол тартып сегіз қатар вагон тұрса,
Семей мен Қарағанды арасында.
Бір жылғы көмір жүгім сыймас бұған,
Осыны он жыл тасып аласың ба?

Мақтандың кемем жүр деп баржы тағып,
Суымда көп-ақ дейсің құндыз-балық.
Нұрлыбек, Семейіңнің бар табысын,
Әкетем бір сапарда-ақ тиеп алып.
Балқаштан басталатын темір жолым,
Оралға Ақмоладан өтеді ағып.
Салт атпен жолаушылап жүрсең егер,
Ақыным, жетер едің қашан барып?

Орнымен таласым жоқ тасқаныңа,
Табыспен алға аттап басқаныңа.
Бір сұрақ алтын кенің қанша болды?
Түңдігін жауып қойып ашқаныңа?
Ертістің мол суынан пайдаланбай,
Орнаған өндіріс жоқ қастарыңда.

Жер жоқ деп дүниеде Ертістен бай,
Атадың кендеріңді талай-талай.
Ақжалын, Балажалын, Шұқырым деп
Қоссаң да тауыңды әкеп Хан Шыңғыстай.
Алтыны көл-дария боп ағып жатқан,
Қолтығым Майөзекке келмейді сай!

Санайсың жергілікті кәсіп көп деп,
Семейде сарқылмайтын нәсіп көп деп.
Майдандық айлық план алып қойған,
Солардың таптым бүгін бәрін тектеп.
Қарқын жоқ жұмысыңның біреуінде,
Кер тартып кейін жатыр шегіншектеп.

Айтарлық Семейіңде ең бір қымбат,
Ол рас бар екені ет комбинат.
Қос қолдап колбасаңды ұста да отыр,
Бар болса жарасарлық сыр мен сымбат.
Терісін сойған малдың қарға шұқып,
Жатқаны көз алдыңда емес пе ұят.
Кәніки, байлығы мол асыл жерің,
Сүйенген түп тірегің мал мен егін.
Жоспарың әлі жатыр орындалмай,
Қай жылы толтырасың оның кемін.
Барыңды қолыңдағы орындасаң,
Жеткенің, жетілгенің ол да сенің.
Сапасыз айқайыңа сасатұғын.
Ақынды таптың қайдан жатқан тегін.
Айта ғой табысыңды халық естісін,
Мен бердім көп алдында сөз кезегін.

Нұрлыбек:
Екі ақын, екі облыс тартысқанда,
Шындарын сынға салып айтысқанда.
Дүмпуі асыл сөздің аз тимеді,
Қасқайып қарсы тұрып атысқанға.

Әйгілі жүйрік ақын топта қызбақ,
Хас батыр қан майданда қамал бұзбақ.
Ат қосса ұлы топта екі облыс,
Бәйгеден бірі қалып, бірі озбақ.

Сондай-ақ, Майеке ақын, түстің топқа,
Айтылды артық пен кем, бар мен жоқ та.
Орынды-орынсызды соза бермей,
Ақыным, үлгім сізге енді тоқта.

Маясар:
Халықтың алып күші Қарағанды,
Қуат боп өн бойына тараған-ды.
Өр Донбас жау қолында қалғанында,
Майданды жабдықтауға жараған-ды.

Мағынасыз неге керек сөз тергенің,
Ер еңбек, отан байлық – күн көргенім.
Қолыма он төрт жаста домбыра алып,
Сан топта сайысқанда сыр бермедім.
Өр Донбас жау қолында қалған күні,
Көмірді білемісің кім бергенін.
Соғыстың қару-жарақ құралы үшін,
Артылтып тәулік мезгіл үлгергенім.
Кенің жоқ, қаруың жоқ, дұшпанға айбат,
Барлық пен табысыңды бір көрмедім.
Сен рас алтын ошақ босағамсың,
Мендей қып қару-құрал бір бермедің.

Нұрлыбек:
Жау келіп ел шетіне жанасқанда,
Алқапты кен байлыққа таласқанда.
Шындық, бақыт, әділдік тұтқасына,
Оралып қара жылан жармасқанда.
Кім не істеп, не қойды Отан үшін,
Кімде-кім өз ісімен сынасқанда.
Пердесін осы сырдың ашпақ едім,
Айтысқа әуелінде жол ашқанда.
Байқалды артық-кем іс енді ақыным,
Істерін екі облыс айтысқанда.
Майекем, кемшілікті түзермін тез,
Арттырып таудай үлкен табыстан да.
Қош болып ақын аға қолыңды бер,
Тілектес боп жүрермін әрқашанда.
1943 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз