Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қуат пен Жақсыбай айтысы

Қуат Терібаев, Жақсыбай Жантөбетов · 3 мин оқу

Жақсыбай:
Сөйле десең Қуатым,
Тарихтан жырды бастайын.
Болат таға жорғамын,
Оты шыққан жарқылдап,
Тұяғым тиген тастардың.
Қазақ десем көп халық,
Айта берсем көп тарих.
Үш жүздің ұлы жүзінен,
Атамыз біздің бопты анық.
Ұлы жүздің ішінде
Бәйдібекке тоқталып.
Жарықшақ батыр туыпты
Домалақтай анадан.
Албан, Суан, Дулат боп
Жарықшақтан тараған.
Дулаттан Сыйқым, Жаныспен
Ботпай, Шымыр жаралған.
Кешпей суды толқытқан,
Тумай жауды қорқытқан,
Атақты Рүстем Дастандай,
Батырлар шықты арадан.
Ботпайдан шыққан ұраны
Сыпатай мен Аңдасты,
Диқанбай, Сәмен, Байсейіт
Хандарменен қағысып,
Қанды қанжар шабысып,
Ел қорғаған қолбасшы.
Қанқой атты қас батыр,
Ақмешітті салған ол.
Ақбоз атпен жер шалып,
Елпең-елпең желген ол.
Ақ қанжарын асынып,
Егеулі найза алған ол.
Өрттей шалқып жалыны,
Жаудың тобын жарған ол.
Бұлт шайнап, мұз бүріккен
Байзақ батыр Мәмбетті,
Бұғау қырыққан бәйтерек,
Жас жолбарыс келбетті.
Жүзжасар батыр о да асқан,
Ел қорғаған он жастан,
Халық тарығып сасқанда,
Қамалды бұзып жол ашқан,
Айдаһардан ап қашқан.
Балуан Шолақ ел көркі,
Бойына өнер жарасқан,
Бір қолымен көтерген,
Елу бір пұт кір тастан,
Қырық өгізді атқанда,
Отыз метр дуалдан,
Асып түсті бұзбастан.
Әлемге даңқы жайылып,
Елге болды бұл дастан,
Сол ерлердің ұрпағы,
Жауды қуып барады,
Момышұлы Бауыржан,
Қашса да көрге қоймастан.
Ерлерің болса бұған сай,
Батырлығы зор асқан.
Айтқын Қуат ақыным,
Ел есітіп, ер білсін,
Қалдырмастан бір бастан.

Қуат:
Ақтарсам сөз қазынасын терең ойдан,
Қоймамды таппаймын ба өзім қойған.
Өлеңім өнегелі өрнекке бас,
Сайрандап қайтқанымша дүние тойдан,

Ұраным – ер Бөрібай заты Найман,
Қалмақтың шебін бұзған қалыңдардан.
Қабанбай Қаракерей, Көкжал Барақ,
Жүрегі жаудан қайтып шағылмаған.
Түйенің бұлшық еті өркешіндей,
Дұшпанға күші басым бағынбаған.
Дарынды батырлардың ұрпағымын,
Тынысы сасқалақтап тарылмаған.
Озбайтын шешен болсаң сөйленерсің,
Жүйрік деп естуші едім сарындаған.

Алакеш, Тоқта Барлық, Тарбағатай,
Сөйлейін жерлерімнің атын атай.
Ұшан теңіз Ақсу, Сарқант, Лепсі,
Жерлеген Қаракерей Садыр Матай.

Алматы облысым даңқы биік,
Сайраймын құрметіне басымды иіп.
Тамаша салтанаты зор болған соң,
Атаған гүлстан деп халқым сүйіп.
Сөйлескен Алатауым аспанменен,
Тел өскен еркеленіп арқар, киік.
Елімнің қасиетті ордасына,
Жүрмесін аңғалдықпен тілің тиіп.
Ал өзің қаның қызыл көбелекше,
Жақсыбай жалыныма кетпе күйіп.

Алатау, Жетісудың анасындай,
Жер қайда берекелі даласындай.
Секілді сегіз ұжмақ жайнап тұрған,
Сән бар ма Алматының қаласындай.
Мүлтік жоқ көшесінде цемент жапқан.
Оң қолдың оқтан түзу саласындай.
Бойлаған шынар терек күнге еркелеп,
Көрінген райханның ағашындай.
Нұр шашып қызыл алтын жанған шамы,
Шолпанның таңда туған шарасындай.

Жасалған үйлері бар сәнді сарай,
Жарығы құйылады қызыл арай.
Айналып қызығынан кете алмассың,
Қалаға келе қалсаң әлде қалай.
Жұлдыздай жымыңдаған электрдің,
Көрінер жарығынан бүкіл маңай.

Бағында шашақ атқан гүлдер жайнап,
Бұлбұлдар неше түрлі үнмен сайрап.
Тіреуі мрамордан үйлерінің,
Жасаған шеберлері қалай ойлап.
Күмістей жапырағы жарқырайды,
Қарайды көрген адам биік бойлап.
Елімнің ардақты өскен ұл мен қызы,
Ішінде салтанатпен жүреді ойнап.
Екпіндеп өскен елдің сәулетіне,
Сын тағып оңай болмас кінә қоймақ.

Жақсыбай, көрсетемін сөздің кебін,
Айтайын анық туған елдің ерін.
Салқын бел, Сартау жүрек, Бала күнгей
Құлпырып масатыдай жатқан жерім.

Танысаң Текелінің көрінісін,
Жаралған адам үшін, өмір үшін.
Күнінде мың тоннадан кем бермейді,
Қарасаң руданың төгілісін.
Саркөл мен үш Кегенде жатқан малдың,
Көргенде таң қаласың семіргішін.
Көксу мен Қараталым қатар аққан,
Өлкеге суат болған сенімдісің.
Ескелді, Балпық батыр мекен еткен,
Мол еді қасиетің тегің Үйсін.
Лепсі басқан Сарқан, Ақсу, Бөпен,
Кетпейтін жердің қоры кемерімсің.
Қырында сан мыңдаған жылқым жатыр,
Өлеңмен аралайын желіп ішін.
Сусындап шүйгін түзіп тұнық ішкен,
Ой желке, құлан мойын сұлу пішін.
Аттан зор арғымақтай тел өседі,
Биенің емген құлын жебіндісін.
Тыңдаған табысымды айтқан сайын,
Фашистің тіккен туы жемірілсін.
1943 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз