Орынбай мен Әлібек айтысы (1-бөлім)
Орынбай Тайманов, Әлібек Байкенов · 3 мин оқу
Орынбай:
Орынбай даңқы шыққан кәрі тарлан,
Бәйгенің сансыз топта алдын алған.
Жетпістің жетеуіне жасы келіп,
Кісі емес шабысынан әлі танған.
Сайраған Оңтүстіктің бұлбұлы едім,
Тілінен нұр төгіліп, балы тамған.
Жарысқа сол Орынбай тағы түсті,
Саңлақтай самғап шауып, ырғиды ордан.
Оңтүстік енші берген үлкен орда,
Байлығы баға жетпес ескі қорда.
Жамбыл мен Қызылорда – екі отауды,
Қондырған сәулетпенен оң мен солға.
Енші алып кеткеніне бес жыл болды,
Еркің мен тізгініңді алып қолға.
Мол суат, шұрайлы жер қоныс беріп,
Жөнелткен жасау артып сансыз нарға.
Алдыңа төрт түлік мал түгел салып,
Таңдаулы айдатып ем жүйрік жорға.
Атаның сол дәулетін қалай күттің,
Әлібек, айт домбыра алып қолға.
Әлібек:
Сөз тыңда Орынбайы Оңтүстіктің,
Бірісің озған топтан шын жүйріктің.
Ілетін шыңнан қашқан алтайыны,
Өзісің алтын топшы ақиықтың.
Бірімін мен де Сырдың саңлағының,
Бәйгесін алған талай игіліктің.
Ал енді сұрағыңа жауап берген,
Сүбелі сөзін тыңда Әлібектің.
Қариясың қалған көне қара орында,
Өзіңше отау депсің Қызылорда.
Ең әуел қазақ халқы астана еткен,
Қай қала ед, Ореке, оны ұмыттың ба?
Бұл жерді қысқа есіңе салып өттім,
Таласы әңгіменің емес онда.
Тарауы табысымның толып жатыр,
Облысым сендей емес келеді алда.
Сұрауың Әлібектен қай табыстан,
Балықтан, егістен бе, яки мал ма?
Әйтеуір сұрағаның табылады,
Байлық мол, көрді көзің, ерке Сырда.
Мен қазір мал жөнінен жауап берем,
Ореке, зейін қойып сөзді тыңда.
Осыдан бес жыл бұрын өзің айтқан,
Мал-басым жуық еді он бес мыңға.
Төрт жүз де жетпіс бес мың малым қазір,
Ореке, өтірік жоқ тұрсаң шынға.
Көптіктен Сыр бойына сыймай малым,
Бір жағы қаптап жатыр сонау қырда.
Арғымақ ақалтеке, асыл тұқым,
Жылмиған жылқыларым жүйрік-жорға.
Екпінді мал өсірген ерлерім бар,
Ақындар асқақтатып қосқан жырға.
Майданға топтап тұлпар берудеміз,
Жау жеңген сыйлық етіп батыр ұлға.
Осындай мал өсірген еңбегі үшін,
Облысым ие боп тұр қызыл туға.
Табысым-табысыма жалғасумен,
Мәңгілік ту тұрмақшы біздің қолда.
Қалған қарт қара орында, малың қандай?
Жауап бер Әлібектің сұрағына,
Толды ма мал өсіру жоспарларың,
Толмаса себеп неде қалған сонда?
Білемін бір мал емес, әр жағынан,
Облысың көрінеді соңғы орында.
Орынбай олқылықтың астындасың,
Үлгі алып жаңа отаудан тез қимылда.
Орынбай:
Қуандым Қызылорда, табысыңа,
Жұртшылық құлақ қойды дабысыңа.
Көп екен еңбек ері балаларым,
Сүйсіндік жүйріктердің табысына.
Оңтүстік осал болса Әлібекжан,
Топ жарып түсер ме еді жарысуға?
Ұқсайды Қызылорда малы барға,
Менің де мейірімім түсті жануарға.
Өлкесі Оңтүстіктің малға толды,
Тіл жетіп есептеуге саны бар ма?
Қыл құйрық, аруана, желмаялар,
Мұндай асыл сіздерден табылар ма?
Тоқсан күн шөлде жұрсе мойымайтын.
Осындай мал жинау ғой танығанға.
Мінгенде Шәуілдірдің желмаясын,
Сағатта аралайсың жер аясын.
Көңілдің күйі тасып, шабыт билеп,
Аспанда ай мен күнге қол жаясың.
Тұлғасы тұтас біткен аруана,
Жануар тым қолайлы шаруаға.
Одақта түйе зауыт Шәуілдірде,
Таратқан бүкіл елге ойсыл қара.
Он нарға жүк тиесең тау көшіред,
Түйенің тұқымы сол асыл-таза.
Он мың түйе өреді келесінен,
Бес мың бір жүз бота жүр енесімен.
Шәуілдір кім таң қалмас түйесіне,
Тоқталық түйін сөздің жүйесіне.
Басқаларды бұл жерде қоя тұрып,
Келелік соны өсірген иесіне.