Маясар мен Нұрлыбек айтысы (2-бөлім)
Маясар, Нұрлыбек Баймұратов · 3 мин оқу
Оралған мал кіндігі Шыңғыс тауға,
Түскенде мал айдауға, жер талауға.
Ер Мамай, Ақтанберді, Батыр Барақ,
Найзасын көкке білеп шапқан жауға.
Кім жетер ой теңізі Абайыма,
Бәйтерек құлаш жайған маңайына.
Салсаң да бір саласын салмақ болар,
Әр ұлттың ақынының талайына.
Өрбіген осы өреннің ұрпағымын,
Самғамай шаршы топта қалайын ба?
Асқан дарын, асқар бел ақын Абай,
Сансыз жұлдыз ішінде толған айдай.
Ақыл ойлы адамның ардагері,
Шыңындай ақындықтың бір Гималай.
Көкпекті көбік атқан Аякөзім,
Көсіле құлаш жаяр келді кезім.
Құлыным құланша ойнап, ботам нардай,
Арқардай биылғы төл туған қозым.
Көк тоғай балдыр құрақ айналасы,
Сары алтын сарқып шөккен сай-саласы.
Шаншылған жағасында заңғар зәулім,
Баян мен Қозы Көрпеш тұр моласы.
Осындай жер сауыры, құт құндағы,
Қазақтың қадірлемес қай баласы?
Шыңғысқа құлаш жайған қара Қалба,
Бөленген қайың тал мен қарағайға.
Жеріңде бұл секілді сәулетің жоқ,
Тырбиған мәз боласың қарағанға.
Сол құттың сүтін еміп, суын ішкен,
Ежелден батыр елміз еркін өскен.
Ел қорып, жерін торып, жауын шолып,
Сан батыр туды санын садақ тескен.
Жаулардың жағаласқан жанын сығып,
Семсермен серпіп тартып, басын кескен.
Екпіні – соққан дауыл, жауған қардай,
Айбыны – алпыс құлаш айдаһардай.
Жар қабақ, бұғы мойын, тұлпар тұлға
Еспембет Қабекең мен ер Боранбай.
Ол рас Қарағанды халқыма айқын,
Алсаң да қалың кенін сарқылмайтын.
Қаһарын Қарағанды төгіп салса,
Сыртынан дұшпан көрмей қалтырайтын.
Біз сіздей кез боп тұрмыз үлкен күшпен,
Істелген санасқалы үлгілі іспен.
Ел мақтар, ер сынардай не бітірдің,
Жауының төбесінен жайдай түскен.
Майеке, бердім кезек, сөйле кәне,
Ел байлық, жер байлығы – өндірістен.
Маясар:
Жайыңды енді ақыным баяндадың,
Келгенше хал-шамаңды аянбадың.
Ән шырқап домбыраңды шерткеніңде,
Айтар деп аталы сөз аялдадым.
Қайың тал, тас пен құмды құрасаң да,
Маңына мендей шыңның таянбадың.
Қайткенде асамын деп әнмен шалқып,
Алтай мен Керекуге иек артып.
Басқаның байлығына жармассаң да,
Семейің жас балаша отыр малтып.
Бар мәзір дәріптеген табысыңды,
Сыйғызам уысыма бір-ақ қарпып.
Болғанда алтын ошақ Қазақстан,
Мен биік бәйтерекпін Күншығыста.
Бойыма бітпей қалған қасиет жоқ,
Өзегім қара алтын мен қызыл мыстан.
Ақыным толғана бер құлақ салып,
Өлшеусіз дариямын жатқан ағып,
Қадірлі, қасиетті Қоңыратыма,
Дүниеде тең келеді бір-ақ алып.
Нілді мен Жезқазғанды қоссаң бұған,
Қояды алып біткен кейін қалып.
Жалынын жанған өрттей лапылдатып,
Қайнатсам мыс қазанды сақырлатып.
Қазына қызыл алтын ақтарылған,
Арнаға құйған селдей лақылдатып.
Бір күнгі мыс кенімді елу мың ат,
Бере алмас қазаныма жақындатып.
Апталық мыстан құйған оқтың жүгін,
Тасымақ болсаң егер Нұрлыбегім.
Жәй емес, арба жегіп, жинап әкел,
Семейдің облысының бар көлігін.
Сайланып бекіністе жатқан торып,
Жабыла жауға шапса жетпіс полк.
Бір жұма атысарлық оқ жасауға
Бір күнгі берген жезім жетер толық.
Алты жүз ауыр танк салып ойнақ
Ұмтылса қандай қамал қалмас жайрап.
Соларға оқ өтпейтін сауыттардың,
Құрышын мен беремін күнде сайлап!
Одақта мыс қазанмын жеке дара,
Өлшеусіз байлығы бар жетпес баға.
Алыппын Қарағанды – қара шаңырақ,
Көмірден кесек туған кескін жаңа.
Салынған жер астынан заводтардай,
Орасан шахталардың кейпін қара.
Еңбектің дүкені деп жұрт атаған,
Шыңырау забойларым сала-сала.
Құралған алпыс ұлттан мыңдаған ер,
Әр лавам алтын піспек, қара саба!
Көпіртіп қара алтынды қопарғанда,
Ақ Жайық тасығандай арна тола.