Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қалқа мен Қуат айтысы (3-бөлім)

Қалқа Жапсарбаев, Қуат Терібаев · 2 мин оқу

Кей пенде ішке сақтап сыр ашпайды,
Өлеңім қазған сайын құлаштайды.
Шаршы өрге қатар шапқан екі жүйрік,
Таласпай тар кезеңде сынаспайды.
Ақсудың шөбі шүйгін, малы семіз,
Екінің бірі мұны растайды.
Мол сыйып кең жатады төрт түлігі,
Жер іздеп бөтен жаққа шұбатпайды.

Жоюға кемшілікті серт беремін,
Бос мақтап даурығуды жек көремін.
Астықтан мемлекетке өткен жылы,
Отыз мың центнердей төккен едім.
Ешкімнен қарыз сұрап алғаным жоқ,
Кеміне азын-аулақ ет төледім.

Екпінің Қараталдың ағынындай,
Шағанның сөзің бұлдыр сағымындай.
Үй саның артығырақ болғанменен,
Жоспарың біздікінің жарымындай.

Жеңістің үн қосқанбыз ұранына,
Мысқалдап мол дүниені тұрамын ба?
Сегіз мың центнер ет бермек едім,
Отыз мың ғып өткіздім – ұнады ма?
Жүн мен сүт артығымен орындалды,
Бұл да жауап болмай ма сұрағыңа.

Қуаттың өлең жыры таусылмайды,
Осындай білмек болсаң елдің жайы.
Борыш жоқ мойынымда өтелмеген,
Асыра орындалған жүн мен майы.
Сөзіңнің көрдім байқап өкше-іздерін,
Білмейтін шаруа жайын епсіз бе едім.
Жоспарға келешекте беретұғын,
Жеті мың центнер ет өткіземін.

Өлеңнің шешілмеген сымбалы бар,
Бұтақтап соғатұғын жымдары бар.
Өсуге құлаш ұрып қанат жайған,
Ақсудың тоқсан жеті мың малы бар.

Колхозым тәрбиелеп өсіреді,
Қыс құмға, жаз жайлауға көшіреді.
Әркімнің келешекте үміті зор,
Дүниеде жалғыз сен бе несібелі.
«Көптің аузы – уәлі» деген рас,
Мақтанар осы Қалқа десіп еді.
Жаңа шыққан мүйізін едірейтеді,
Қараталдан бөлініп көшіп еді!

Қалқа:
Біздің елдің жайлауы,
Қора, Шажа, Балықты.
Еркелеген баладай,
Бауырында Дегерез,
Шығарады шалықты.
Қарасырық, Қараүңгір,
Таудың бірі даңқты.
Қарала ағаш қазанның,
Құзар-құзар тасына,
Бүркіттер ұя салыпты.
Тау ешкі мен бұғысы,
Жазды күні төсенген,
Атлас, қамқа мамықты.
Айыр кезең майлы ошақ,
Арасанның етегі.
Арасан деген суым бар,
Үш күн жатып шомылса,
Адамның қалмас кеселі.
Ақтөбенің түбінде,
Солдаттың сайы Текелі,
Текелі жайын сөйлесем,
Асыл қазына мекені.

Бауырсақтай тауымның,
Бүлдірген мен шиесі.
Таңдайыңа салғанда,
Тамыр дәрі ішкендей;
Босайды адам жүйесі.
Бір ай жатып оттаса,
Қомдығынан жарылад,
Күн қақты болған түйесі.
Ертеңгісін желіге,
Алшаңдай басып келеді,
Өрістегі биесі.

Сайларымда саялап,
Тау ешкі мен елік тұр,
Мың-мыңнан өсіп, өніп тұр.
Бұзаумен бірге ілесіп,
Қорама өзі келіп тұр.
Бірінші қыдыр елден де,
Екінші қыдыр жерден де,
Сол қыдырлар дарыған,
Оразбай сынды ерлерім,
Үш жүз мыңнан майданға,
Көмектерін беріп тұр.

Адамымыз осындай,
Отанға шын берілген.
Істері көзге көрінген,
Ойнасаң тегі болмай ма,
Қуатым-ау теңіңмен.
Кировтың алда ауданы,
Ысылған іскер бастықты,
Қырық төртінші жылында,
Отыз мың пұт майданға,
Аттандырған астықты.
Естуші едім Ақсуды,
Бір қатар аудан алды деп,
Астығы көп, малды деп.
Биылғы жыл, Қуатым,
Жоспарың жетпей қалды деп.

Биеннің өлкесінде жердің нуы,
Қыдырдың шығып жатқан қайнап буы,
Басынан берекелі Ақсу-Лепсі,
Белгілі ежелден-ақ диқан туы.

Елі бай кем болмаған мал мен бастан,
Бір кезде ен дәулеті шалқып тасқан.
Жоспардан биыл Ақсу құтылмапты,
Сол жердің берекесі неден қашқан?

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз