Қалқа мен Қуат айтысы (4-бөлім)
Қалқа Жапсарбаев, Қуат Терібаев · 2 мин оқу
Қуат:
Аршалы, Қоянкөз бен Сарытау, Жүрек,
Шыңдары паңданады көкті тіреп,
Қоянкөз, Ақшұнақтың аңдары ну,
Бауырында ойнақтаған арқар түлеп,
Аспанға мойнын созған қарағайы,
Тұрғаны табиғаттан тілек тілеп.
Төгілген төмен қарай қорым тастар,
Шатқалға тастағандай біреу күреп.
Құрақ, су, құмға барсаң, Ақжал, Бүйен,
Балқашқа құлаш ұрып жатыр иен.
Тайсойған, Үлек пенен Жарамжалда,
Кең байтақ өрісім сол отар малға.
Су ішіп Сарытұмадан күніне бір,
Тірілді Ақтау менен Қаражар да.
Қалың мал кернеп жатыр ақ даланы,
Көлдері малға сусын арнадағы.
Май шығып түгін тартса төр түлегі,
Көрген жан шүйгініне таңғалады.
Қар жауса үш күн жатып көрген емес,
Он күнде барған арық жалданады.
Жұт қарасын көрмейтін бұл жердегі,
Ақсудың малы семіз таңдамалы.
Асыра құлашыңды кең сермейсің,
Сөзіңнің артық-кемін теңгермейсің.
Бір жұтсаң сапырулы сары қымызынан,
Тайлақтай бүйі тиген дөңгелейсің.
Самалы көк майсаны тұрар шайқап,
Ауасы өте салқын шөлдемейсің.
Жансебіл неткен, Қалқа, өлерменсің,
Тисе де сөзім ауыр теңдемейсің.
Көңілді өтірік сөз жаралаған,
Сезімім ойдан күтіп хабар алған.
Жұрт байқар кемшілігін екі жақтың,
Тауды да, даланы айттық бағанадан.
Тауларды тасырқамай басып кеттің,
Жорғадай төр аяғын тағалаған.
Ауданда орден алған бастықтарың,
Ішуге толық шығар астықтарың.
Ей, Қалқа, Түрксибтің қасындасың,
Біріңді екі қылып асырғансың.
Қызыл құлақ саудагер бәрі сенде,
Ауданыңның тәртібін басынғансың.
Самагонды қайнатып жалақ қағып,
Сатып жүрген жерінде шатылмасын.
Жараспай ынтымағы еңбек десе,
Колхоздың берекесін қашырмасын.
Алып сатар дегеннің аты жаман,
Байқа бір күн газетке басылмасын.
Қалқа:
Мақтанғанда көңілің,
Мұхитта жүрген жайындай.
Өнеріңді байқамай,
Қуат батыр пайымдай.
Төпеп кетіп барасың,
Алды-артыңа қайрылмай.
Орынды жауап сұрап ем,
Кімнен болған кемшілік,
Осыны қалдым айыра алмай.
Он шақты күн болып ед,
Мен барғалы ауылыңа.
Жоқ дүниені бар етіп,
Сөйлейсің, Қуат, даурыға.
Құрғақ сөзді сұлулап,
Берекесіз дау қыла.
Мен тұрғанда кем еді,
Жетпіс екі пұт тұқымың,
Сонан бері Ақсуға,
Аспаннан бидай жауды ма?
Жайлауың мен қыстауды,
Орынсыз, Қуат, мақтадың.
Көсіле бермей көрпеңді,
Бойыңа қарай шақтағын.
Қатты сөзді білерсің,
Қабырғаңа батқанын.
Сондай жерің бар болса,
Малыңды неге бақпадың,
Ретін неге таппадың.
Өтірік берген мәлімет,
Тыйылар қашан шатпағың
Тілесең, Қуат ашамын,
Өлеңнің қазына қақпағын.
Сол жайлауға тимеген,
Өмірі сенің керегің.
Жапырағын жайқалған,
Қойың мен жылқың жемегін.
Он екі айдың ішінде,
Қаншама сізде мал өлді?
Өлшеусіз шығын не деген!
Етке берген малдарың,
Матайдан барып өтпеген,
Ақсуға қайтып жетпеген.
«Бастаушы» деген колхоздың,
Өгіз бен аты өлгелі,
Сықырлап тұр қотырдан.
«Көкжайдақ» деген колхоздың,
Жиырма төрт танасы,
Төрт-ақ күнде өліпті,
Нені қарап отырған,
Райзоңның маманы?
Қуат:
Алдағы егісіме тұрмын дайын,
Сұрасаң тәрбиелеп айтам жайын,
Толық па сіздің елдің тұқым қоры,
Сонан-ақ сезіледі кедей, байың.
Менен, Қалқа, тоқпысың,
Сөзіңнің көрдім соққысын.
Топтап айдап малыңды,
Қараталға шұбатып,
Астық іздеген жоқпысың?
Өтпеген соң астыққа,
Адамдарың сатып жүр,
Жолда сойып тоқтысын.