Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қалқа мен Қуат айтысы (2-бөлім)

Қалқа Жапсарбаев, Қуат Терібаев · 3 мин оқу

Миына сөз қонады саналы ердің,
Байқатып алды-артымды тежеп бердім.
Көпті көрген Қалқа едің, көне болып,
Айтылған ишаратты сезед дедім.
Қытығыңа әдейі тие сөйлеп,
Тіліңді, түйрер болсаң, безеп бердім.
Дауысыңды көтеріп домбыраңды ал,
Тербете сөйлесін деп кезек бердім.

Біразырақ толғайын,
Көмейден сөзді желдеген.
Қалам-сауыт менде жоқ,
Сырлап оқып жөндеген.
Адыра болса асамын,
Қарағай, қайың ну жатсын;
Қарғығанда көлденең!
Қаратал, Көксу жерім бар,
Мекен қып халқым, көлбеген.
Жарлыөзек пен Мұқаншы,
Мұқыры, Көксу арасын,
Есепсіз мал – ең дәулет ,
Құрымдай болып кернеген.
Сөзіңді Қуат түсіндім,
Ел жайын айтып бер деген.
Ал сөйлейін сөз тыңда,
Жүйрік пе озбай терлеген.
Тілдіде ешкім жеткен жоқ,
Кешегі біздің Қабанға.
Сөз беріп пе еді Бақтыбай,
Қатар жүрген адамға.
Бақтыбайдай емеспін,
Балаға енші бергендей.
Шарпыны тиген маған да.
Сөзге-сөздің кезегі,
Келгеннен соң, Қуат-ау,
Барынша бір көсілмей,
Тежеліп мен де қалам ба?
Жетісудай жерім бар,
Берекелі елім бар.
Мұсабек пен Шадрин,
Батыр туған ерім бар.
Қандай жауап сұрасаң,
Айтып берер жөнім бар.
Шаруаға келгенде,
Бес қолым бірдей демеймін.
Менің де біраз кемім бар.
Құмда жатыр қой-жылқы,
Құландай ойнап, семіріп.
Сиыр жағы нашарлау,
Жасырып оны қайтейін,
Әлі-ақ қалар көрініп.
«Бесқайнардың» бидайын,
Отырған жоқ колхозшым,
Басуға тіпті ерініп.
Ол колхоздың бастығы,
Сұрасаң аты – Қиялов.
Еңбегі сіңген ерлерді,
Даттауға қалай қиялық.
Ардақты бүгін еліме,
Отаннан орден сый алып.
Сұрасаң тағы мал жатыр,
Өз жайында бағылып.
Бес-алты колхоз тұқымы,
Кемшілдеу еді басында.
Түгел болды бұл күнде,
Арамыздан табылып.
Қант зауыт халқыма тұр қойнын ашып,
Ақтарып мол қазына жеміс шашып.
Ақ ауыл айналасы колхоз, совхоз,
Ең байлық құт-береке жатыр басып.
Жетісу арнасында қант зауыттың,
Байлығы тұрған жоқ па жұрттан асып?

Көшесінде биік үй,
Төбесі көкті шалып тұр;
Қарасаң көзің талып тұр.
Ертеңгісін, кешкісін,
Радио саңқылдап,
Бұлбұлдай әнін салып тұр!
Бізде кәрі, жас демей,
Москва берген хабарды,
Үйді-үйінде алып тұр.
Электірі жанып тұр.

Сатылының басынан,
Көксудың шыққан жарнасы.
Күндіз күміс, түнде алтын,
Ағатұғын арнасы.
Мақтанарлық «Кировтың»
Тең өскен бүгін шаруасы.
Көлемінде ауданның
Берекенің қамбасы.

Береке бар елімде,
Қыдыр бар менің жерімде.
Далам толы егінге.
Қасиет бар байқасаң,
Басқарып жүрген ерімде.
Айтып болдым, ал Қуат
Сөйле шаруа жөнінде.

Ақсу биыл астықты
Жоспарға жетер алды ма.
Еңбекке астық берді ме?
Колхозшының алдында,
Әйтпесе, тағы, Қуат-ау,
Белшеден батып борышқа –
Құтыла алмай қалды ма?
Әлде топтап мал әкеп,
Бидай деп кірге салды ма?
Жасырмай айт, ей, Қуат,
Кемшілікті ар қылма,
Көргенім жоқ естимін,
Ақсу сенің еліңді.
Бересіге мол-ақ деп,
Жұмыртқа мен теріңді.

Қуат:
Қиялды сергітейін көкке өрлетіп,
Қозғайын әнімменен жыр тербетіп.
Дүниеден құр қалам деп кім ойлайды,
Ұстамдық жөнін тапса қолы жетіп.
Өлеңді сұлу тізіп шығаралық –
Ел сынар арасында қалса кетік.
Болса деп өзім шыққан тауым биік,
Отырсың Қалқа менен үміт етіп.
Сөз қоспай арасына өтіріктен,
Екі елдің айтысалық сырын шешіп.
Шындыққа қайта айналып сөз келеді,
Ассаң да асқар таудан теңіз кешіп.
Жерімес құлан қағынан, ойнағынан,
Әркімнің өскен жері алтын бесік.
Адымы өтіріктің ұзамайды,
Тастайды шындық көрсе белді кесіп.
Ақсудың кең даласы ұлан-байтақ,
Өседі өлкесіне шалғын жайқап.
Ойы саз, қыры киік сағым жүзген,
Көз салып көлеміне көрсең байқап.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз