Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шарғын мен Нәсілхан айтысы (3-бөлім)

Шарғын Алғазыұлы, Нәсілхан Тоқтасынова · 3 мин оқу

Нәсілхан:

Әр сөзің рас дейміз, расында,
Шәридің қалжың сөз жоқ арасында.
Исламнан сегіз міндет бұйырылған,
Өтеуге дін мұсылман баласына.
Исламның не болады түбірігі?
Ақпенен көзің жетсін қарасына.
Құдайдың бергеніне шүкір қылып,
Қайна деп құртты салған жарасына.
Азығын күні бұрын қамдамаса,
Біраз жыл жер мен көктің арасына.
Жер мен көк, арсы-күрсі ұлық қалар,
Жазылған қандай жанның панасына.
Таппасаң осы сөзді дәлелменен,
Басыңа қатын жаулық саласың да.
Бибі Фатима әйелден жәрдем болса,
Сен сорлы су түбінде қаласың да.

Шарғын:

Үдеді Нәсілханның жүгіруі,
Не болсам болмақшымын бүгінгі күні.
Дін Ислам, мұсылманның баласына,
Исламның сегіз міндет бұйыруы.
Бесеуін мойын тартпай істеу керек,
Үшеуін әптен біліп тиылуы.
Молдадан ғылым талап етуінше,
Исламның бес парыз түбірігі.
Пәлеге айып Нәби сабыр еткен,
Құдайым ғазез еткен бұрынғыны.
Хақ расұл Мұхаммедтің құрметі үшін,
Ғаламның он сегіз мың құбылуы.
Иманды жеті парыз хақ деп сену,
Өлген соң адамзаттың тірілуі.
Текес пен Алатаудың ағынындай,
Қорықпай бұл Шарғынға ұрынуы.
Мен емес ойнар кісің, абайласаң,
Шындаса жұлып тастар жұлыныңды.

Нәсілхан:

Қарашы, адыраның ақыл азын,
Бір елдің жеңемін деп дауылпазын.
Тілегін тәкәппардың бермес Алла,
Өлім ғой осы тойда болсаң жазым.
Қай жерде қаза тапқан айтып берші?
Кешегі хазіреті имам Ағзам.
Дін Ислам мұсылманның балалары,
Арансыз ада қылар қай намазын?
Айтылмай оқылудың мәнісі не?
Білуге мұсылманға бұны ләзім.
Осындай үлгілі сөз бір білмейсің,
Үйренген әдепсіз боп сенің аузың.

Шарғын:

Жеңілсем, адам деме, құдағидан,
Шығады өлең таппақ бұ да мидан.
Патша «Мансұр» деген заманында,
Қамауда қаза тапан Хазреті имам.
Шамның Бағдат деген қаласында,
Дін үшін Хазреті жанын қиған.
Жаназа намазында азан айтпас,
Ойладың қас қаққанша мұны қайдан?
Ауырлап артқан жүкті қалар емес,
Үйіне ала бастан бура жиған.
Асқынып құрт ауруға шалдыққан соң,
Басына шелекпенен суды құйған.

Нәсілхан:

Бұл сөзді әрең таптың өлгеніңнен,
Көп қылам көрмегенді көргеніңнен.
Қайтер екен дегенге мақтанбағын,
Өткізем өткір тілді өңменіңнен.
Басамын албастыдай әзір сені,
Ап келмесең тірілтіп көрдегіңнен.
Үлгісіз Албан атам жігіттері,
Ежелден артып кеткен жол-жөнінен.
Көз салсаң әйелінің дағдысына,
Ыштаны шығып жүрер көйлегінен.
Бір болыс Албан малын жинасаң да,
Артылмас біздің байдың біреуінен.

Шарғын:

Қарашы, мақтанғанын өрледім деп.
Үйден бесік қуанады өңгерді деп.
Бастарын жын ұрғандай тартып алып,
Тұрғандай безгек ауру үнемі кеп.
Қатынын байларының алғашында,
Қаларсың есіктегі күңдері деп.
Жігіті сіздің елдің маубас келер,
Семірген іште жатып жөргегін жеп.
Албанда Ерсары мен Ниязбек бар,
Сансыз мал айдап кеткен ілгері көп.
Жәмеке, Жансерке, Батыр Ұзақ,
Талайдан озып шыққан ілгері боп.
Жігітін Қарқараның көргеніңде,
Артынан жүгірер ең өлермін деп.
.......................................................
Жан сақтап қашқын болған өрдегі кеп,
Көңілсіз көп жамандап қалар деген,
Әйтпесе елдеріңнің міндері көп.

Менімен жарамайсың айтысуға,
Көресің өнерімді қайтысымда.
Иманбек ... деген адам,
Елудің келген екен алтысына.
Екі жүз рауғаштың басын жеген,
Бәстесіп Әлімбектің сапасына.
«Екі жүз рауғаш» деп ат қылатын,
Өліп қала жаздаған қапылыста.
Сата деген келіге басын тығып,
Қалыпты басын тығып асығыста.
Жиналып отыз ойыншы, қырық қиялшы,
Балтаны ұрғын депті осы тұста.
Келі сынып талқаны төгілгенде,
Жетпепті, о, шіркіні қос уысқа.
Бұны мен өзім жанымнан шығарғам жоқ,
Күлдірген Нұрбек айтып осы қыста.
Шұбыртып осы өлеңді айтқанымда,
Күлкіні қоя берді үйде-тыста.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз