Кәсімбай мен Зылиха айтысы (1-бөлім)
Кәсімбай Құсайынұлы, Зылиха · 2 мин оқу
Кәсімбай:
Бұл елге келгеніме айдан асты,
Дәм-тұзы таныстырды танымасты.
Қай жерге барсамдағы құрмет тұтып,
Жас, кәрі, бәрі тегіс амандасты.
Өлеңге қызықпайтын жандар болмас,
Талайы өзі келіп қайымдасты.
Көңілімнің көгершіні қалқып ұшып,
Әр күнгі салған әнім таңға ұласты.
Бұл елден жүрегіме түйінгенім,
Өнердің қайнап жатқан көзін көрдім.
Көремін қайда барсам той қызығын,
Бұл менің тебіреніп сүйінгенім.
Таңдандым тамашасын көргенде елдің,
Келеді әңгімесін тыңдай бергің.
Артыңда алаңдайтын іс болмаса,
Келеді тамашалап жүре бергің
Ән салып арындатып отыр едім,
Жеңгей жан айтысуға сен де келдің.
Зылиха:
Жүзінен жылы жанның түңілер кім,
Дәм айдап бізге дағы мойын бұрдың.
Мақтан ғып мұны маған айтты деме,
Елімнің сый құрметін көзбен көрдің.
Естідім Гүлғайшамен айтысыңды,
Тыңдарға тәуір екен өлеңдерің.
Келгенің жақсы болған текті елге,
Ел көрмей есер бала ес білеме.
Шырағым, жас екенсің қарымың аз,
Сөздерім қышқыл тисе өкпелеме.
Еліңнен жалғыз кепсің өздігіңнен,
Жақсы ғой нақты істің жөнін білген.
Бұл елге сөгіс айтар жөнің қайсы,
Құрметтеп орныңды төрден берген.
Айтарым тағы да сол ақыл болсын,
Жарбаңдап көп алыспа көрінгенмен.
Кәсімбай:
Жаныңда жалын болса бар ма уайым,
Сақтайды күнәсізді перуайым.
Қай жерде қанша уақыт жүрсемдағы,
Ешкімге мұң шағынып жыламаймын.
Қашанда басым силы көпке менің,
Айтылған бір қалжыңға өкпелер кім.
Нағашым өзі ертіп келген еді,
Үйрен деп өнегесін өркенді елдің.
Зылиха:
Жүйрік те қарлығады жал болмаса,
Тұманда адасасың жол болмаса.
Келіпсің үлгі алам деп өскен елден,
Елдіктің сәні қайсы ән болмаса.
Жақсы ғой мың естуден, бір көргенің,
Шырағым, бұл да сенің жөн білгенің.
«Жақсының жаттығы жоқ» деген сөз бар,
Жөн болған сыпайылықпен көрінгенің.
Кәсімбай:
Келгенде кім айтпайды сөз кезегін,
Бұл жерге шақырмасаң неге келдім.
Сөзіңнің баурағыштық құны болса,
Назыңа құлақ түрмей ары дер кім.
Талабың өміріңнің жарық жолы,
Шығасың биігіне бұрын елден.
Толқынға жүзе алмаса арман кемең.
Сықақтап мазақ етер көрінгенің.
Басыңның қымбаттығы тағы да сол,
Беталды бейбақ іске берілмеген.
Зылиха:
Бұл сөзді тауып айттың бала қайным,
Жүрегің жасымай ма болса уайым.
Тағы бір сөз кезегі келіп еді,
Қазірше бетін ашып қозғамайын.
Солай да былай еді сөздің нағы,
Қай жайды естімейді ел құлағы.
Жепіріп Гүлғайшаны жібергенің,
Жігерін әйелдердің құм қылады.
Көрмедім еш пендені жұлқып тартып,
Болмаған соң басқадан сөзім артық.
«Нәрсіз» деп ойладың ба бізді шырақ,
Әйелден қайсы еркектің құны артық.
Кәсімбай:
Асылын кім сақтамас жүрегінде,
Сөздің де қымбаттығы өрнегінде.
Қалыпсың шамырқанып қалжың сөзге,
Қабырғаң сенің дағы сөгілген бе.
«Айтпаса сөзге сөздің әкесі өледі»
Қызынсаң қарамайсың көңілге де.
Ер болсын, әйел болсын бәрі бір ғой,
Текті жан оған бола бүліне ме.