Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қаныбек пен Тәни айтысы (3-бөлім)

Қаныбек Нүсіпұлы, Тәни Тоңғатбайқызы · 2 мин оқу

Тәни:

Ұрынсаң адасқаның иен түзге,
(Көрінбей жоқ боласың қайта көзге.)
Түскем жоқ машина мен кесте бізге,
(Айтысам деп менімен елеуреме?!)
Төгілген өлең сөздің нөсерімін,
Қарсы шауып қандай жан келер бізге.

Қаныбек:

Қыранмын қылт еткеннен адаспайтын,
Қиырдан көктей шолып аластайтын.
Кірсең де жеті қабат жер астына,
Жеп-жеңіл желкеңнен ап дара ұстайтын.
Дауылмын шығаратын тоз-тозыңды,
Жел сөзге ешбір жаннан қалыспайтын.
Қаларсың асқақтасаң өкініште,
Біліп қой, қара таңдай қарғыстайтын.
Әйелдің айыр тілі кезікпесе,
Ала өкпе аптықпамен қағыспаймын.

Өлеңді бастап едік ырғасумен,
Жауапты қайтарыстық сырға сырмен.
Әйелден мұндай саңлақ шығады екен,
Кезігіппін Бегімбеттің жорғасымен.
Өлеңді ел мақтаудан бастап кеттік,
Қызыққа жұрт желігіп жырғасымен.

Тәни:

Ұраным – Тәйірберді, атам – Мәмбет,
Тұрысбай жақын аға немерелес.
Тұрысбай мен Орысбай қатар шығып,
Ешбір жан қыр жағынан баса келмес.

Жақсылар толып жатыр шыққан көптен,
Артылар қай мансабың Ыстанбектен?!
Мал басқа атасынан өктеп озған,
Көре алмай мұны күндеп дұшпан да өткен.

Ісімен үлгі болған ақылы азға,
Жай білер біздің елде асыл аз ба,
Айтысып болыстыққа таласқан жоқ,
Жол берді Тұрысбайдай асыл затқа.

Қаныбек:

Жолболды Торғайменен бір туысқан,
Жайылған әр тарапқа алаш – ұран.
Он бес Қожаназар бір анадан,
Таралып өсіп-өніп неше дудан.
Мақтайсың Тұрысбай мен Орысбайды,
Артық па Қасым зәңгі Оралбайдан?
Мақтанып нағашыңды қосып айттың,
Шалысым менің дағы әр рудан.

Кім білмес Сарбұлақта Оразайды,
Қайым Оразайды, Жобалайды.
Жүйріктікпен жөніне жауап табар,
Нағашым қызыр шалған Сыламжанды.
Баласы Әбді ажы Тәлім болыс,
Бақ қонған төрт түлігі бәрі сайды.
Аумайды әділдіктен жалғыз қылдай,
Жайлы боп зәңгілерім ел сұрайды.

Тәни:

Қызайда кім озады Бегімбеттен,
Аңыз ғып айтады екен келген-кеткен.
Сасанның байлығы артық, көл, дәрия,
Сұрай бар Мамырбек пен Жайырбектен.
Қас, Күнес екі өңірді араласаң,
Кең пейіл елім жатыр жайында өткен.
Текестің боранындай елім білсең.
Ерден нәпсі, байынан қайыр кеткен,
Мақтанып айтатындай қай жерің бар,
Бар болса тыңдасын жұрт Қаныбектен.

Қаныбек:

Тәни-ау, жасық қандай, асыл қандай,
Айтайын бір әңгіме қапы қалмай.
Мыңғыртып айдағанмен төрт түлікті,
Абиыр алып бермес шық бермес бай.
Байлық пен жомарттықтан кім асады,
Көл-көсір Тойекенің асы қандай!
Бата қып, ат шаптырып, өлең қылған,
Ақындар сайыпқыран асылғандай.
Үйірлеп ту биені сойғанында,
Қанынан Қарағанты тасылғандай.
Байлықтар бар болмаса, бұл немене,
Еліңде толып жатыр сасыған бай.
Дербіс пен Бегімбетің ас бергенде,
Үлгі етсін ата салтын асырғандай.
Жан өткен қасқа жолды бізден бұрын,
Үйреткен елге жосын Қасымқандай.

Қолынан қотыр, шолақ тай шығармай,
Шығарса құты қашқан жан шығардай.
Еліңде естуімше Шығайбай көп,
Күні өткен қараулықпен қан шығармай.
Бір астың бәйгесінде жүз жылқы алып,
Болсаның бола қалды жалшыдан бай.

Білсеңіз байлық деген осы емес пе,
Жомарттық жақсы адамның досы емес пе?!
Пейіліне Қожаназар мал менен бас,
Орнатқан бақ пен бақыт қос емес пе?!

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз