Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Гүлғайша мен Кәсімбай айтысы (2-бөлім)

Гүлғайша, Кәсімбай Құсайынұлы · 2 мин оқу

Гүлғайша:

Кетті ғой Керей бала сөзің өтіп,
Байтал деп қоймадың ғой сен кемітіп.
Арынды талай жүйрік жолда қалған,
Қырандай тасқа соққан бұлаң етіп.
Қырмызы қызыл түлкі мен емес пе,
Отырсың қотыр қарға сүбің кетіп.
Шабыты бөктергінің тышқан дейді,
Отырсың әлде неден үміт етіп.
Бәйгеден байтал озып жүйрік қалса,
Шығарсың сүмірейіп шұбың кетіп.

Кәсімбай:

Аспанда мен қыранмын алақтаған,
Ілінген тұяғымда салақтаған,
Аспаннан қыран келіп жұрмарласа,
Көздері аққуыңның алақтаған.
Жасынан жер шарлаған тұлпардан да,
Байтал да озамын деп талаптанған.
Тұлпардан байтал озып бәйге ала ма?
Кеуделі нелер жанды жаратпаған.

Гүлғайша:

Сөйлейсің Керей жігіт мені паң ғып,
Ауыздан шыққан сөздің бәрін заң ғып.
Қапаста мен сайраған сандуғашпын,
Тоғысай сен отырсың тышқан аңдып.
Мініңді бойыңдағы түгел айтсам,
Ұрыстан ерінбейсің дереу қамығып.
Сауысқан сандуғашпен тең бола ма,
Сен құзғын жемтік аңдып жүрген қаңғып.

Мінезің бейне сенің қотыр қарға,
Секілді шарқ-шұрқ еткен майсыз арба.
Жапалақ жалып-жұлып етіп тышқан аңдып,
Соғып жүр төс сүйегін қара жарға.
Кісіге ат танитын мен сандуғаш,
Есерге ес білмейтін амал барма?

Кәсімбай:

Мен тұйғын сен кекілік қорғалатқан,
Астында ақ көрпенің жорғалатқан.
Болсаң да алтын басты затың әйел,
Білсін деп қадіріңді малға сатқан.
Білмейсің істің жөнін түгел ойлап,
Не керек түк білмейсің босқа жатқан.

Гүлғайша:

Отырсың әнге шырқап өлеңдетіп,
Сөзбенен жетемін деп көпке кетіп.
Қонышыңа жанқалтаң жоқ шытық тығып,
Мінің көп кісі күлер тамаша етіп.
Қонағым сыпайы елге енді келдің,
Кигені біздің елдің ылғый шеттік.

Кәсімбай:

Кигені Қызай елдің жайпақ табан,
Жүрісі ылғи майда жайтақтаған.
Білмейтін жан қадырын оңбаған ел,
Басында бұйырған жоқ байпақ саған.

Басыңа дәл сегіз кез шұлауыштай,
Тартыпты ортасынан тұр ауыспай.
Кигені еркектердің ылғи шеттік,
Түсіп қалса келеді екен қолына ұстай.

Гүлғайша:

Кигені керей елдің шошақ тымақ,
Мінгені өңкей жорға китің сымақ.
Өкшесі етігінің бір қарыс боп,
Қожырайып отырады екен мұртын сипап.
Жауырыны атқа мінсе тоқтамайды,
Тор шолақ біздің елде жоқ па сипақ.
Мінезін өздерінің білмейді де,
Ел сөгіп, жұрт кемітіп етер қиқақ.

Кәсімбай:

Кигені Қызай елдің жайпақ етік,
Таусылар өкшесінен сұбы кетіп.
Ежелден әйел сыры маған мәлім,
Тұратын мол нәрседен үміт етіп.
Табылып осы арада сөз жүйесі,
Ұялттым келіншекті төмендетіп.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз