Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қаныбек пен Тәни айтысы (2-бөлім)

Қаныбек Нүсіпұлы, Тәни Тоңғатбайқызы · 2 мин оқу

Шығыпты ақын әйел Бегімбеттен,
Мақтан қып айта берді келген – кеткен.
Хабарды осылайша естіген соң,
Көңілім бір көруге үміт еткен.

Көңілім айтыссам деп жүруші еді,
Сырымды құрбыларым білуші еді.
Естіліп аруағы сол Тәнидің,
Біздерге кезі келмей жүруші еді.

Дәм айдап Бегімбетке барып қалдық,
Тамаша тойды қолға алып бардық.
Аққозы, Шүңгіл, Қатпа, Төртуылға,
Айтысып сол Тәнимен анықталдық.

Ұлынан бір атаның тоқал да бар,
Ел екен тамашаға шындап құмар.
Жерінен қарабура ат жіберіп,
Ұстастық сол Тәнимен ұмар-жұмар.

Жерінен Қарабура Тәни келді,
Құрметтеп елі жатыр Тәниді енді.
Қауындай ұрғашы-еркек қақ жарылған,
Тәниді бастап алып үйге енді.
Белгілі ақын екен жұртқа анық,
Дауысы саңқылдаған ашық-жарық.
Деңгейі орта бойлы адам екен,
Тәниге отырған жұрт айтты барып.

Тамаша өлең айтып беріңіз деп.
Ілініп осы сөзге отыр екен,
Іркілмей қоя берді әуен салып.
«Бәріңе олжа салам»- деп сөйлейді,
Көрімдік құдалардан сұрап алып.

Отырды Тәни сүйтіп өлең бастап,
Қасына қыз ілесті бір бесаспап.
Отызға аяқ басып қалған екен,
Жан екен шыға салма сөзге жақсы-ақ.

Қаныбек:

Тәниден бір біз емес қашатұғын,
Жел сөзге бала бар ма сасатұғын.
Азырақ тамаша ғып сөз бастайын,
Жиылған жамағаттар сөзімді ұғын.
Сөйлесем ұлы дуда міне осындай,
Жаманды салауатым басатұғын.
Жаман болсаң мініңді мойныңа артып,
Жақсы болсаң елге айтып шашатұғын.
Көрінді қырғауылдай жүнің қызыл,
Биікте сұңқар едім жататұғын.
Алшері екі атар маузыпанмен,
Жерінен неше қысым ататұғын.
Сөз баста ақын Тәни енді маған,
Ұйқыңды кісі келді ашатұғын.

Тәни:

Той бастар сіз бен бізге келді кезек,
Барша жан екеуімізді алды көзеп.
Бекінген биік тауда мен бір түлкі,
Еш адам ала алмаған оғын кезеп.
Байқармыз жүйрік болсаң өнеріңді,
Айтыңыз, құда бала, бойға тежеп.
Басқа жан тамаша ғып өлең айтсын,
Біздерге кейін-кейін келер кезек.

Қаныбек:

Заманың зулап өтер атқан таңдай,
Мінезің сыр алмаған елде қандай?
Бекінген биік тауға түлкі болсаң,
Түйілдім аспандағы балапандай.
Аспаннан ғайып перім босқа келсе,
Дүниең көрінеді алақандай.
Осындай ұлы дуда ерегессем,
Алдыма кетуші едім қара салмай.
Сыйласаң мені де, сені сыйлағаным,
Көңілге сөз айтамын жара салмай.
Бойыңды қорғасындай балқытармын,
Жел сөзім шындап айтсам арасандай.
Өзіңе білдіремін өнерімді,
Бұрыннан жүруші едім жанаса алмай.

Тәни:

Менімен жүйрік болсаң жанасқаның,
Қиын ғой шабан болсаң жанаспағым.
Көтеріп өзін-өзі мақтанып кеп,
Әркімнің көріп едім адасқанын.
Аузыңды тартып сөйле, құда бала,
Жел сөзге өстіп жүрген мен бір сағым.
Кейбіреу бет алдына мақтанам деп,
Өзінің білмеуші еді шама-шарқын.
Құдайым ерегестен беруші еді,
Шырағым ерегессең менің бағым.
Бірнеше ұлы дуда озып жүрген,
Бәйге аттай осы кезде дәл ғой бабым.

Қаныбек:

Әтей-ақ, Тәни, саған келіп едім,
Мақтанған талай жанды көріп едім.
Мен дағы ұлы дуда озып жүрген,
Несіне мен шапшаңдап желігемін.
Есірік бейбас ауыз мақтаншақтың,
Білдіріп білмегенін беріп едім.
Аузымды тартып сөйлеп көргенім жоқ,
Көзіңе бүгін сенің көрінемін.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз