Шарғын мен Нәсілхан айтысы (1-бөлім)
Шарғын Алғазыұлы, Нәсілхан Тоқтасынова · 2 мин оқу
Жаз жайлау қоңыр салқын майда желді,
Еріксіз жинағанда жайлауға елді.
Жаз жайлау бейне бейіш секілді деп,
Қазақтың айтып өткен кемеңгері.
Жазда ойын, қыста сауық, тамаша жоқ,
Құдайым, сорға жаратқан ендігі елді.
Қазаққа той дегенің бір тамаша,
Ат мініп, шапан киіп өрбіді енді.
Бірігіп қыз-бозбала тамаша еткен,
Әркім-ақ той болғанда желігеді.
Сипаттап айтпағанмен әшкере тұр,
Барлығы бастан өткен желігі енді.
(Таралып той хабары кезді елді,
Ширыққан ақындардан тағат тозды.)
Азырақ тағат етіп тыңдасаңыз,
Әңгіме айтатұғын келді енді.
Бұл сөзді анық дейді көзі көрген,
Оянып таңы туып өзгерілген.
Жоғарлап надан тұрмыс, ел оңалып,
Кезі еді замананың түзу келген.
Отыздың сегізінші дәл жылында,
Шақырған мұғалімді тізімменен.
Айында сентябрьдың шәрі барсақ,
Бір Албан тойын жасап қызын берген.
Іленің жайылмалы жазығында,
Көресің бозбаланы қызып жүрген.
Үйіне Тобажанның қонақ болдық,
Ақшылдау адам екен ұзын келген.
Жолымыз түзу екен дегенменен,
Қонағасыға қой сойған сиы ерен.
«Тобажан, әнеу күнгі және келген,
Айтысар кісі бар ма оныменен.
Мейманыңды бұл тойға салып барғын»,-
Үйіне молда кетті соныменен.
«Байтал шауып бәйге алмас» деп салыпты,
Немене асып тұрған солғұрлы елден».
«Қатын», – деп, – ойбай пәле» – жұрт шулады,
Дүрлігіп есімді алды көрмегенмен.
Бір үйге алты қанат ел жиналып,
Қос қатын отырыпты сәніменен.
Құбылтып әнді шырқап салып отыр,
Толқыма патефонның әніменен.
Айырса бір-біріне танығысыз,
Аққудай көлде жүрген парыменен.
Еріксіз алып барып отырғызды,
Білтеге от қойғандай дәріменен.
Шетіне жақындасып отырғанда,
Сабынмен иіс жұпар дәріленген.
Құдайға сонда шақаң сиынды енді,
Мен емес, бәрімізге қиын келді.
Төрт үйге өлең айтқан барлық халық,
Өлеңді тыңдаймыз деп жиылды енді.
Ішінде Қойлыбайдай зәңгісі бар,
«Осымен айтыссын!» деп бұйырды енді.
Аспанға әнді шырқап әлгі қатын,
Біресе боз торғайдай сіберледі.
Біз келіп тізе қосып отырғанда-ақ,
Өлеңді қоя берді, ілінбеді.
Оқушы жас жеткіншек тыңдап тұрсаң,
Жақсы мен жамандары білінеді.
Шарғының осы тойда не өледі,
Бақ берсе патша құдай тіріледі.
Осы жері қиынырақ келіп отыр,
Көрмеген бұрын алып сырын енді.
Сескенер ешнәрседен қатын емес,
Абайлап қарағанда түрін енді.
Болғанда Тәйірберді, Тілеуберді,
Таралған Оразайдан Темір енді.
Ондағы жолаушылап келген қатын,
Тайжанның болады екен келіндері.
Әбеу еді оның байы жұртқа мәлім,
Ол да отыр барқыт ұстап жеңіне енді.
Айтбосын бұларменен жекжат екен,
Әлжан боп сегіз сары бөлінеді.
Қысылып мәлік сонда кеткен екен,
Абайлап бір қарасам өңіне енді.
Менің де бетім қызып қалған екен,
Бір сүрттім маңдайымның терін енді.
Басалық бұдан былай өлең жаққа,
Қараңыз өлеңшінің кебіне енді.
Нәсілхан:
Құдеке, амансың ба, бері кел, бері!
Азырақ өлең айтып серуенделі.
Болмасаң адуынды, жөнел аулақ,
Жігіттің келсін бері өнерлі ері.
Жаманы жасығымен жоламасын,
Өзіне үн шығарсын сенгендері.
Байтал бар байталда да ат табатын,
«Байтал»деп кекетіпсіңдер сендер мені.
Ақтыққа жетелеген сағыр, тұғыр,
Қалайша аттан кеммін, тең келмелі?!
Кей жігіт «еркекпін» деп мақтанғанмен,
Бағасы жақсы әйелден кем келеді.