Қаныбек пен Тәни айтысы (5-бөлім)
Қаныбек Нүсіпұлы, Тәни Тоңғатбайқызы · 3 мин оқу
Осылар аты шулы ұры емес пе,
Ұрының Мамырбегің бірі емес пе,
Қай жаққа зым-зия ғып жібересің,
Білініп әрбір тұстан тұр емес пе?!
Тәни:
Қаныбек:
Болғанда Қызай – анам, Меңіс – бабам,
Бола гөр қысылғанда өзің панам.
Аузыма келгенімді қайтармаймын,
Шатпақы жан екенсің сөзің жаман.
Сұрасам ата жөнім Меңіс екен,
Баласы төрт Қызайдың тегіс екен.
Шағыр өліп, Қызай анам жесір қалып,
Қойшағадан Бегімбет, Дербіс екен.
Атамменен өз атаң бір туысқан,
Ұрпағы Тілеуберді сен бір тегің.
Тумаған тайыншадан уыз қосқан,
Білемін, Тәйірберді ата тегін.
Ау, Тәни, атыңды естіп келем өктеп,
Шығады жаз болғанда жеміс көктеп.
Мұндай сөз түсіндірген біз екенбіз,
Айтыңыз келген жерден тегін тектеп.
Тәни:
Сырыңды бірталайдан мен де білдім,
Басып жүр желкелетіп кедейлігің.
Салымы әр нәрседен кем болады,
Несібі аз бұйырған кенде елінің.
Мақтайсың Қожаназар бай-манабын,
Болған соң бәрі жақсы елдеріңні,
Иіріп сен де айдап жүрмес пе едің,
Ортаймай толықтанып кем-кетігің.
Қаныбек:
Қыстауың Сарымсақты сала-сала,
Жырғалаң өзге жерден аласа ма.
Тегінде өзіңе қас осындай сөз,
Бұл сөзді сен айтуға жараса ма?!
Белгілі қатпа, шүңгіл қолымызда,
Өзіңе соның бәрі қараса ма.
Тәни:
«Тә» деген тағы бір сөз танауың-ау,
Жараға осы сөзім, шырағым-ау.
«Тә» десем таңырқамай құлағың сал,
Неліктен кетіп отыр шыдамың-ау?
Қаныбек:
Үстінің басы «Әліп», Қабағы «Әм»,
Дүниеге келе бермес солардай жан.
Болғанда аузы «Ти», мұрны «Ығұн»,
Бата алсаң оңаларсың осылардан.
Тәни:
Бір бетің қапқа «Сәкүн» ол да ғарып,
Біле ме екен деп едім сәбет салып.
Айтып ем ғарыппенен Үсеніңді,
Болған соң өзі жезде апамды алып.
Сізбенен осы сөзді біз естідік,
Естіртсең басқа жанға ұят анық.
Қаныбек:
Ғарыпты өзің айттың, өзің бастап,
Атағың ақын Тәни шыққан жақсы-ақ.
Өлеңді енді маған ғарыппен айт,
Жұбатып басқа сөзге кетпе тастап.
Тәни:
Қаныбек көңіл ашып, айттың ермек,
Қыстауым қарабура жүрген жерлеп.
Біздерге ғазіл, мазгүр өлең айтпақ,
Баршасы бұрынғыдан қалған өрнек.
Мінезді құдай берген жасырам ба,
Осындай ұлы дуда кетем өрлеп.
Жасымнан жібек баулы ақ сұңқармын,
Қағамын қанатымды көкке сермеп.
Дүниең келер-кетер опасы жоқ,
Қызығы бұл жалғанның алмақ-бермек.
Бәріне бұрынғыдан қалған өрнек,
Жақсының нұсқа көрген соңына ермек.
Шай келтір құдаларға жылдамырақ,
Қаталап жанның бәрі кетті шөлдеп.
Қаныбек:
Иісің әтір сабын, жұпар сасыр,
Артылтып жүйрік болсаң сөзіңді асыр.
Жүк болған қырық есек, бір қашырға,
Ұрғашы амалы асқан сен бір масыл.
Қатын қып мал есептеп сатып алған,
Ойлашы ұрғашыдан еркек асыл.
Жырғалаң және Текес жүрген жерім,
Аралап толып жатыр білгендерім.
Біреуді жақсы, біреуді жаман қылып,
Жаратқан соның бәрін патша керім.
«Бәйге алмас байтал шауып» деген сөз бар,
Болар ма ұрғашыда ешбір сенім.
Бұралған тал шыбықтай қыз болмаса,
Тегінде қатын емес менің теңім.
Өлеңді айтпай жатып сөз сұрадың,
Жатпай ма шалдыққанға осы жерің.
Тәни:
Алдымнан ешбір адам шықпаушы еді,
Талай жан қырғауылдай ықтаушы еді.
Қор болған қайран тілім талай жанға,
Сөз нарқын бір өзіңдей ұқпаушы едім.
Мен бүгін бір қырсыққа шалыныппын,
(Берейін, өз қолыммен жолыңды енді).
Айтайын айт дегенде ал қарагер,
Болғанда бірде жолды, бірде арам тер.
Бір асқанға бір тосқан деген осы,
Мінеки, қолмен ұстап көзбенен көр.
Қаныбек:
Аман жүр қайда жүрсең нағашы апа,
Сөзіме менің айтқан болма қапа.
Қара көк тұқымынан үзілмеген,
Жоқ еді менде ешбір бұта-шата.
Барғанда ақиретке қалың нешік,
Ісіңнің қолдан келер атын ата.
Сонда Тәни әдептен аспай келді,
Аяғын титтей қия баспай келді.
Шетіне торғын орамал жүзік түйіп,
«Мінеки, жолыңыз!» - деп тастай берді.