Қаныбек пен Тәни айтысы (4-бөлім)
Қаныбек Нүсіпұлы, Тәни Тоңғатбайқызы · 2 мин оқу
Бәйгеден шу дегенде шаян да озар,
Жүйріктік делебесі топта қозар.
Молдажан болыс болып ол да өткен,
Адамның сөйлегенде дертін жазар,
Жұртына кішіпейіл, шоңдығы жоқ.
Тамаша жүрген жері бейне базар.
Жамбысын, малын айтып не қылайын,
Отыз ұл бір дамбалдың өзінде бар.
Рухын Тәйірберді білсең тегіс,
Мұндай жан құрбысында кімнен шығар.
Атаны, ел жақсысын байқап сөйле,
Келгенде бұл тураға көңілің сынар.
Тәни:
Көңілім еш адамнан сынбап еді,
Талай жан жел сөзімді тыңдап еді.
Дәулетті теріп айтса артылам деп,
Сөзімнің бұл турада кетті теңі.
Кетерміз ерегессең жамандасып,
Қоялық, ерегеспей, сердебені.
Қаныбек:
Айтыссам қорықпаймын сердебеден,
Қалды ма мені сөзің жерлемеген.
Өлеңнің жас басыңнан соңына еріп,
Пешенең жан екенсің өрлемеген.
Сені мен мені сынап көреміз деп,
Бұл үйде жан қалды ма терлемеген.
Бұл үйге симай кетті талай адам,
Тамаша кездеспейді өзіңдей жан.
Артық-кем, жаман-жақсы сөзді айттық,
Тамаша тіршілікте бұл-дағы сән.
Келемін тілден бұйда іліктірмей,
Бір сөзін бір сөзіне біріктірмей.
Қожекең үшеу-ақпыз, Бегімбет көп,
Қоя ма өз ақынын дүрліктірмей.
Құдайым осындайда оңдаушы еді,
Тұрғыға жетпейінше күйіктірмей.
Ақынның ашты тері қашан шыққан,
Араға ала бәдік, бүлік кірмей.
Бір сөзді Тәни тағы қоя берді,
Төрдегі үлкендерге ырық бермей.
Тәни:
Қаныбек сөз сөйлейсің өктем-өктем,
Сібеге қолды болып аузың кепкен.
Жел өкпе, қызыл ауыз мен емеспін,
Тарихта уақиға екен бастан өткен.
Мініңді жездей қақтап сілкілесем,
Бақиға кетер едің қайғы-дертпен.
Қаныбек:
Ол кезде жігіт болдым арыстандай,
Кең иық, талыс дене, қарыс маңдай.
Жауымның тас бұғауын талқандағам,
Әйгілеп ерлігімді танытқандай.
Намысын жіберетін ер бола ма,
Сен білсең, мен сібеге мінді емеспін.
Арыспын алысқанды табынтқандай,
Желігіп сен несіне шаптығасың,
Арасын ез бен ердің анықтамай.
Тәни:
Қонақ боп жырғалаңда Ыбырайға,
Кез болып Ыбырайдай сұмырайға.
Астынан атын сойып Шылбы ақынның,
Қызайда мұнан өткен ұры бар ма?!
Ауылына зарлай-зарлай Шылбы қайтқан,
Тапсырып екі аруақ пен бір құдайға.
Қасқырдай қорадағы қойға шапқан,
Дербіс пен Бегімбетте құны бар ма?!
Көзі ашық шариғатқа қылап қылған,
Мұндайлар жамандықтан тиылар ма?
Қанжардай қадап-қадап сөз айтамын,
Кәрленсем, маған десе тілі балға.
Қаныбек:
Сөзіңді жақсы адам ақтайтұғын,
Бай да бар, бақыр да бар мақтайтұғын.
Бекшойын ұры болды елден шыққан,
Тәуба ғып еш уақытта жатпайтұғын.
Жаз болса көк жайлауда бие сойып,
Сасытып ұрлық етін сақтайтұғын.
Үйінде жатса таңы атпайтұғын,
Сондықтан зәңгі Ошақбай жатпайтұғын.
Қай жаққа Әділбекті жібересің,
Ешкімге қарны ашып шаппайтұғын.
Кедейдің бір шолағын қағып алар,
Ешкімге дәті жетіп айтпайтұғын.
Басына пәле келсе жанын беріп,
Сенімді бір адам жоқ ақтайтұғын.
Маңпаңы малыменен бірге кетті,
Жамандық осы емес пе жатпайтұғын.
Шайтаның, Тәни, сенің басым екен,
Көңілің еш нәрседен қайтпайтұғын.
Дегенмен қыршанқының өзі екенсің,
Өрде төстеп, еңісте шаппайтұғын.