Кәсімбай мен Айжамыш айтысы (3-бөлім)
Кәсімбай Құсайынұлы, Айжамыш · 2 мин оқу
Жаныңды жадыратар асқақ әнім,
Бойыма ерте біткен асқақ дарын.
Көрген жан жалғыз ғана сен емессің,
Шамасын менде білем мақтанғанның.
Жаралмас жан біткендер ыңғай кілең,
Сыпайылық жақсы ісіне құлай білген.
Әйелге жанаспайтын жаман ат жоқ,
Ыржыңдап көп алдында күле берген.
Айжамыш:
Әріптес осы сөзді көріп айттың,
Келмейді сен қақтықсаң менде қайтқым.
Отыр ең бағанадан дүмбілездеу,
Тіл шығып енді міне сайрай қапсың.
Әдепті жастайымнан үйренгенмін,
Сөзіне орын таппай күйзелген кім.
Ешкіммен жүз шәйісіп отырғам жоқ,
Шамы екен езу тартып күлген кімнің.
Қақың жоқ мені өзіңше өзгертуге,
Әр кімдер ие болсын өз дертіне.
Сен емес сендейлердің жүзі келсін,
Кім кепіл сүмірейіп кетпесіне.
Кәсімбай:
Әріптес ақылсыздау жан екенсің,
Басыңды сыйға тартып сөз етерсің.
Ел ішін кемсітуге жеткен жоқсың,
Көрер ек таңсық емес шөпжелкесің.
Қазақта ақындар көп әйел затты,
Әрі іскер ақылға бай, инабатты.
Ел емес ерге әрең түзу қарар,
Сөйлейтін сөздері де ыждағатты.
Тумай ма жақсы ұрпақ жақсы анадан,
Тәрбие басталмай ма бас панаңнан.
Балалар сені көрген қайдан оңар,
Жараспас жақсы әйелге астам болған.
Айжамыш:
Өзіңше балам бар деп шіренесің,
Сен байқұс еркексің бе неменесің.
Қарызын білген болсаң ұрпағыңның,
Кептіріп жүрмес едің кенезесін.
Жаратты-ау, құдай сені еркек етіп,
Қаңғыртып көрінгенге телмеңдетіп.
Дәл бүгін кәперіңде ештеңе жоқ,
Отырсың мұнда келіп өлеңдетіп.
Қолыма ине ұстаймын оймақталған,
Қаңғырған қадірсізді кім жақтырған.
Ауылға құдай айдап өзің келдің,
Қолыңа таяқ беріп қой бақтырам.
Кәсімбай:
Білемін жат жарылқап сыйламасын,
Кім алар, кімнің тартып сыбағасын.
Көзіңе үрей болып көрінермін,
Алғанда қыран бүркіт томағасын.
Сенде жоқ тек танитын дана түсін,
Жарбаңдап жармасасың қара дүрсін.
Болсаң да ханның қызы күн сарайда,
Түседі еркектерге күнде ісің.
Бақ болмас мақтан қылған қозы-лағың,
Көп сөздің бетін ашып қозғамайын.
Артыңа жинап алар болмаса ұрпақ,
Шашылып жұртта қалар тоғанағың.
Әйелдің бірі етемін сарала етек,
Бойыңнан айрылғанша жаман әдет.
Ала қашпа қу сөзге сала берме,
Әйел деп сенен басқа не дәметед.
Шығарлық тауым биік өрісім кең,
Хабарсыз жан екенсің ер ісінен.
Бәйбішем бір күтуші керек – деуші ед,
Күнә ма алып барсам келісіммен.
Айжамыш:
Үкідей тақылдатпа таңдайыңды,
Мендағы қолың жетпес түз қайыңы.
Жем көрген қара құстай қылмыңдайсың,
Кәсеке, білмейсің кей жағдайымды.
Ашпайсың қабағыңды түйілесің,
Онымен шешілеме түйген ісің.
Таппаған мен кінәлі сол баланы,
Бұртиып бұған несін бүлінесің.
Ақымақ есірік бар ерден-дағы,
Өзіне жолдас болмас ерген бағы.
Көрпені бойға шақтап жамылған жөн,
Үлгі тұт мен секілді көрген жанды.