Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қанапия мен Нұрғали айтысы

Қанапия, Нұрғали · 3 мин оқу

Отырды Қанапия қой күзетіп,
Нұрғали келеді екен үміт етіп.
Келгенін Нұрғалидың қыз да біліп,
Сондағы сөзі мынау өлеңдетіп.

Қанапия:

Ауылға бұл неме кім келіп жүрген,
Соңынан шайтан қаптап еріп жүрген.
Қораның сырт жағында бүкең қағып,
Қатындай қара құмақ теріп жүрген.
Қалжың ғып кеше бір сөз айтып едім,
Сол сөзге Нұрғали-ау, сеніп жүрген.
Шын көріп мазақ сөзді мақұлықтай,
Ақылын нәпсі билеп жеңіп жүрген.

Нұрғали:

Мен едім әтей саған келіп тұрған,
Өлеңге мен де ақынмын желіп тұрған.
Айтыстың ұятсынбай айғай салып,
Кезікші ауашада құдай ұрған.
Шақырған жәй жүргенде өзің едің,
Жоқ едім бұрын саған мойын бұрған.
Сөзіңде әуелгі айтқан тұрар болсаң,
Жолыңа әкетайым жаным құрбан.
Мен сені қадір көрер деп ойлаушы едім,
Япыр-ай, жан екенсің сөзің сырғаң.

Қанапия:

Нұрғали, ұят пенен арың қайда?
Қаңғырып мұнда жүрсің, жарың қайда?
Қатыран менің ием, алар жарым,
Айтыссам сеніменен тарылмай ма?

Көрген соң сені ұстап сабамай ма?
Қораға бұзау салған қамамай ма?
От жағып үйге апарып жарық қылып,
Бетіңе сен кімсің деп қарамай ма?
Қаларсың қатты ұялып сағың сынып,
Бұл сөзім ақылыңа жарамай ма?

Кет деп ем аманыңда тіл алмадың.
.............................................................
Өз обалың өзіңе су мұрыным,
Қасыңда тіпті сенің тұра алмадым.

Нұрғали:

Байыңа мен не қылдым сабайтұғын,
Қораға бұзау салған қамайтұғын.
Мұрасы бұрынғының емес пе еді,
Бозбала қызды ауылды жанайтұғын.
Атаң ұл, анаң қыз боп көрмеп пе еді?
Мін бар ма бұл сөзімде сыймайтұғын.
Бесік табың беліңде жоқ емес пе,
Сен емессің жамандық қылмайтұғын.
Сондай іс қай біреуде болушы еді,
Бар екен бір тамырың қимайтұғын.

Қанапия:

Ән салсам қоңыр қаздай күмбірлеймін,
Сырымды сендей жанға білдірмеймін.
Бесік табым белімде болмаса да,
Тап саған етегімді түргізбеймін.

Жігіттің қайда жүрмес қара басы,
Өзіне хан көрініп дара басы.
Қимайтын досың бар деп топшылайсың,
Болған соң сен біреудің салабасы.
Байлаған әр төбеге қолтоқпақтай,
Сен едің әр қатынның жанамасы.
Қарға едің жүретұғын жемтік шоқып,
Сұңқардың қайдан бітті дәрежесі.

Нұрғали:

Шарқая тіліңді тарт сөзбен қазбай,
Ащы су ит татпайтын балшық саздай.
Қаз болсаң қарсыласар қайратың жоқ,
Қояр ма сұңқар сенің тырқың жазбай.
Қырғауыл мен едім деп тағы айтарсың,
Ақсұңқар қоюшы ме еді оны да алмай.
Қиянат өміріңде істемесең,
Қамзамен неге жүрдің ала жаздай.

Қанапия:

Нұрғали мені айттың-ау шарқая деп,
Өлеңге осының да болама сеп.
Қамзамен тамырсың деп кіна қойдың,
Жаныңды беремісің рас еді деп.
Ердің құны екі жүз жылқы деуші еді,
Жаныңды беріп сөзіңді растап кет.
Әсіресе сөйледің ит мінез деп,
Осы арада құдайға болдың-ау шет.
Әйелдің бірі өзіңнің туған шешең,
Сен болдың одан туған еркек төбет.
Келдің-ау, итаяқтан ас ішкелі,
Сөзіңнің жігіт болсаң түбіне жет.

Нұрғали:

Өлең шіркін шығады терең ойдан,
Пері қызы болсаң да сені қойман.
Ер Қасен Қайыпжамал періні алған,
Осыны білемісің түбін ойлан.
Қамзамен сені қазір беттестірем,
Артымда ат ұстатып әкем қойған.

Соны айтты да Қамзаны алып келді,
Нүкеңнің қыздан көңілі қалып келді.
Жолдасым сөзге мүлдем болмасын деп,
Мойнына Қамза растап салып берді.

Қанапия:

Қамза, сен өтірікті айттың неге,
Өш қылды-ау екеумізді мынау неме.
Мұныңның сөзбен берем сыбағасын,
Қосылсаң сен де ішінде өкпелеме.
Сағымың сайтан қуған ел екенсің,
Ойлашы Қамза атыңа осы жөн бе.
Өтірік әзіргіге жалған айтпай,
Ақыры істің түбін затың шене.

Қамзаның төрелік сөзі:
Ей жаным келіп едім сені көріп,
Айтқам жоқ мен ешкімнің сөзіне еріп.
Сөзіңді бағанадан естіп тұрмын,
Сөйледің қайдағының бәрін теріп.

Менің де бірталайдан аузым берік,
Нұрғали болып еді маған серік.
Қайтайын жолдасымды ертіп алып,
Сендерді қоса алмаспын бүгін теліп.

Сонда қыз қарғып-шоршып аттай желіп,
Майдалап сөйлеген соң Қамза келіп.
«Құдай атқыр Қамза!» деп бір қойып қап,
Қыз сонда ыржың қағып кетті-ау, кеңіп.
Менің де кісілігім қалмай қалар,
Келген соң әтей іздеп ұйқы бөліп.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз