Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Кәсімбай мен Айжамыш айтысы (4-бөлім)

Кәсімбай Құсайынұлы, Айжамыш · 2 мин оқу

Кәсімбай:

Ішің тар күйгелектеу көрінесің,
Ақын боп жүрген едің неменесін.
Айтылған қалжың сөзге қызбалансаң,
Арамтер келдің мұнда неменесін.

Танысаң мен боламын еркек деген,
Іздесең таба алмайсың жер-көктерден.
Әйелдің мен білмейтін қылығы жоқ,
Өтетін күндері көп көлкектеумен.
Дәл қазір еркінсініп отырғанмен,
Қай ісің өтушеді ер тектеуден.

Айжамыш:

Есер деп естуші едім кей ерлерді,
Сол қылық көріне ме сенен өзі.
Қол жайып отырғандай түрің мынау,
Кеміңді айта берсем түгелмейді.
Сен айтқан төмен етек болсамдағы,
Өз жұртым ерлерінен кем көрмейді.

Мен болам күн мен айы жабылғаның,
Оралып келмес түгел болжағаның.
Асқанға да бір тосқан бар емес пе,
Кетпесін шығындалып бір құлағың.

Кәсімбай:

Әйелдік өсек болар сенде кей ой,
Ер азамат шетінен көреді өгей.
Ел атына дақ салған ең қиыны,
Болғаны жаман шығар көңіл кедей.

Найман мен Керей қашан егес көрді,
Бірі аға, бірі іні емес пе еді.
Кезінде жауға қарсы бірге шапқан,
Бірлігің болмаса егер өлмес пе еді.

Жығылса сүйеу болар құлағанды,
Шаңдатпа албаты ұрып тулағанды.
Мен дағы баспанасыз жүргенім жоқ,
Ұстауға қолың жетпес құлағымды.

Ешкімнің ермегіне жаралмағам,
Айта түс шерің болса төге алмаған.
Дауысың да жарқаштанып бара жатыр,
Түбінде бір тартасың бір аңдаудан.

Ыржыңдап жалтақтайсың сүйрең қағып,
Келіншекті сендей сары кім алмаған.
Басыңды қаншалықты бұлдасаң да,
Терінің бірі сенсің күнде қалған.

Айжамыш:

Өзіңше сөз таптым деп мақтанасың,
Бар қане әйелдерге жаққан ісің.
Қаңғып кеп ұйқы көрмей таң атқанша,
Сопыдай сүмірейіп аттанасың.
Сызданып зілденетін мен нең едім,
Жоқ шығар әйелдермен бақ таласың.

Шошимын көздеріңнің аласынан,
Кейпің жоқ жұрдай болған жарасымнан.
Індегі қыстай жатқан борсықтай боп,
Арықтап шыққандайсың қар астынан.

Кәсімбай:

Келеді беті қалың сыйламастың,
Тоты боп сен де байқұс жырғамайсың.
Қаңтарда іш тастаған кәрі ешкідей,
Жасыңа жетпей жатып қылаңдапсың.

Түксиген сорайған жақ шикіл сары,
Секілді көп қайнаған шөже тары.
Әйелдің бәрі сендей жаралса егер,
Не болар оны алған жігіт нәрі.

Әр сөзге шадырлайсың жөнін айтсам,
Жыларсың айыбыңды тегіс айтсам.
Ынтық боп келген өзің мені здеп,
Жөн болмас қайқаң қағып тұра қашсаң.

Айжамыш:

Қаларын өзім білем көңіл неден,
Арманның ақ сұңқарын көп іздеген.
Айтысып талай тойлар жүрсем-дағы,
Басыма кемсітерлік сөз ілмегем.

Құдайда тіленгенге бақ бермейді,
Біреуге сөз бермесе тақ бермейді.
Қаншалық қамшы басып қысасаң да,
Бәйгеден бап болмаса ат келмейді.
Күн шығып кеткен екен әріптесім,
Ел-дағы тоқтар болсақ айт демейді.

Кәсімбай:

Айтпасаң өлеңге көп зорлығым жоқ,
Ақынның бірі екенсің білерің көп.
Айтысып талай істің бетін аштық,
Бізге бұған жұрттың да сөгері жоқ.

Сөз тұнып біте бермес жақ біреуге,
Дәм айдап келген екен ақ тілеуге.
Қасыңда көмекшіңде көбірек болды,
Жабысып қайтем мен де жат біреуге.

Айтыстым талай жерде талайлармен,
Сүріндім, сүрінттім де талай жерден.
Айжамыш ойы шымыр ақын екен,
Тіл-жақты құдай оған қалай берген?

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз