Кәсімбай мен Зылиха айтысы (2-бөлім)
Кәсімбай Құсайынұлы, Зылиха · 2 мин оқу
Зылиха:
Әр істің орны менен кезегі бар,
Ойламы аз кей жандардың өзегі тар.
Жақсының жанған отын қызғанады,
Жанында жазылмайтын сүзегі бар.
Өзі айтса болмайды кім ақылды,
Болдым деп отырсың ба сөз батыры.
Шырағым, шешенге де талғам керек,
Қадірлей біл бастағы ұятыңды.
Кәсімбай:
Ешкім де жоя алмайды ұятымды,
Жаныма қондырмадым симайтынды.
Ұтымды орны бар сөз айтылғанда,
Ол қайта асырмай ма қымбатыңды.
Күнде той жақсылардың үйі базар,
Байқасаң кейбіреулер гуілге зар.
Жастықтың қызулығы не қылады,
Жаманы көңілдегі талқан ызғар.
Жігітке өлең керек, өнер керек,
Бойыңа қонады ол болсаң зерек.
Қырандай бабы келген кезім осы,
Келемін жыл-жыл сайын әнге түлеп.
Зылиха:
Отыр ем осы сөзді айтайын деп,
Айғайың барған сайын барады үдеп.
Аспанда қанша биік ұшқаныңмен,
Құс болып адасқаның кімге керек.
Асылдың бәрі бірдей асыл емес,
Түсе ме мақтанғанда тасың он бес.
Алдымен алдыңдағы артықты көр,
Ешкім де жасамайды жалғыз дербес.
Кәсімбай:
Жоқ менің басқалардан артық жерім,
Қашанда ел емеспе асқар белің.
Қолымнан қоя алмайсың тасымды сен,
Барма маған айтарлық басқа дерің.
Ел көрмей бойға қонар салдық қайда,
Өлеңмен жүрген жандар арықтай ма.
Көңілден тояттайтын мен емеспін,
Өнерсіз басқалардан парық қайда.
Өтті ғой Әсет, Біржан ел аралап,
Тұрғызды мұнарасын әннен қалап.
Сөзіңді құндылыққа бағаласам,
Кетесің өзің лағып андағайлап.
Зылиха:
Ілгенім иығыма мақпал шапан,
Жоқ емес сенде болса менде мақтан.
Ауылымның аялайтын келінімін,
Жарамас аққа келіп қара жақсаң.
Біржан, Әсет болуың өз еркіңде,
Жетпей қалсаң қайтерсің өз сертіңе.
Астамдықпен айтылған сөзде құн жоқ,
«Мынау» деп өнеріңді көрсетуде.
Астық егіп мал бағу жоқ па сенде,
Жаралдың ба ел кезіп күй шертуге.
Кәсімбай:
Келмейді өнерімді аяқтатқым,
Құны артық он биеден жарақты аттың.
Салдықтың бағалауда салты бөлек,
Бұл істі неге сонша қажақтаттың.
Көрген жоқ әлі күнге жаным жүдеп,
Барлығын қадіріңнің елің білед.
Алтынды теңге орап қойғаныңмен,
Көрмеген соң қызығы неге керек.
Зылиха:
Қиын іс кедейліктен қол тарайған,
О да қиын үзілсе жан сарайдан.
Салдықтың салты бөлек дейсің бала,
Болмай ма осы сөзің қайталанған.
Мен айтсам сөз шындығын шешіп тұрып,
Шыттың құны артылған қай торғыннан.
Арындап тұлпар мініп жүргендердің,
Қалатын жәйі де бар қой торыдан.
Ашынсаң соқыр көзден жас шығады,
Албырт кеуде басыңды мерт қылады.
Өнеріңе өзіңді әкеп көп телисің,
Бос жүр деп ойлайсың ба басқаларды.
Кәсімбай:
Ұғарсың әр нәрсені көңіл бөлсең,
Артыңда із қалады өзің өлсең.
Сенде емес жалғыз ғана сөз шындығы,
Болмай ма өтірік айтсаң орның өртең.
Кеудесімен кім соғып тау құлатты,
Тұрады өлмей ешкім кім тұрақты.
Көзіңе бәрі сүркей көрінгенде,
Табасың қайдан іздеп ұлағатты.