Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Кәсімбай мен Айжамыш айтысы (1-бөлім)

Кәсімбай Құсайынұлы, Айжамыш · 2 мин оқу

Кәсімбай:

Өмірде талай істі көз көреді,
Біреу бар, біреу тар боп күн көреді.
Заманың тайғақ болса басыңдағы,
Жоқ болса қолыңа әкеп кім береді.

Азырақ айтыс жайын баяндайтын,
Қол түзіп қалған кезім малдан жайым.
Шығатын жайлауға да мезгіл жетті,
Көлікке бас қатырып алаңдайтын.

Өліп ед осы қыста атан түйе,
Қиындап қалған еді жағдай мүлде.
Артарға көлік қайдан табылады,
Қолдағы бар қалғаны жалғыз бие.

Біреуден өгіз сұрап жүк артарға,
Үйіме келіп жеттім күн батарда.
Кемсеңдеп үйдегілер жылап отыр,
Бәрінің шамасы жоқ тіл қатарға.

Ең кіші көз жазыппыз бір баладан,
Дерегі табылмапты бұл маңдардан.
Тұманда ойнап жүріп адасыпты,
Қалмаған тінтілмеген ши, қараған.

Тағдыр деп кеш батқанда атқа қондым,
Алжасып қаңғырғандай атқан оғым.
Із шалып қарағанмен көріне ме,
Дауысымнан жаңғырды жартас қорым.

Келемін бетке алып батыс жақты,
Зар желіс ауылдан тез алыстатты.
Аңшыдай түлкі қуған қансонарда,
Бәрінен жындандырған қарғыс батты.

Ашылмай жанарыңнан жас саулайды,
Зуылдап өтіп жатыр бастан қайғы.
Сұңқылдап байғұз отыр мұңын шағып,
Ойыңа түсіреді қайдағыны.

Таң да атып көтерілді күн жиектен,
«Алла» деп сиынамын шын ниетпен.
Шұбырған көп із көрдім қара жолдан,
Жетекте түйесі бар бір ит ерткен.

Үмітім осы із болды алдымдағы,
Жаныңның қиын екен сандалғаны.
Апарды осы көп із шоқ ауылға,
Көк майса бұлағы бар аңғардағы.

Той болып жатыр екен құда түскен,
Кім білсін, кім қызына қалай түскен.
Сойылып көкқасқа тай, ақ сарбас қой,
Ақ бата жасалыпты құдай дескен.

Шетіне менде іліндім берекенің,
Түсіндім бұл бір бардам жер екенін.
Кеш батып қонақ үйге жайғасқан соң,
Басталды әңгімесі мерекенің.

Жәйімді таныстырдым мен де өзімше,
Сөзіңді кім тыңдайды жек көрінсе.
Барлық жан жанашыр боп тыңдап отыр,
Көрінбейді бөгделігім тым өзгеше.

Балам да осы ауылдан табылған соң,
Желпінді ән қалықтап біраздан соң.
Жел сөзді құдай берген аямадым,
Бастары елдің тегіс құралған соң.

Өнерге қызықпайтын жандар болмас,
Талайдың болып шықты жаны құрдас.
Ағалап кейбіреуі құрмет тұтты,
Біреулер қолын берді болып жолдас.

Аздан соң басталды айтыс қосақталып,
Өнерден қыз-жігіттер сөз ақтарып.
Той басы бұйырды іске бір жігітті,
«Әке!» деп Айжамышты қос атты алып.

Керімсал кербез келіншек келді жетіп,
Қасына әлденеше нөкер ертіп.
Қайырылып қаршығадай қарағанда,
Жіберді көңілімді елжіретіп.

Келіншек те хабарлы екен болған жайдан,
Ашылмақ сөз таласы үлкен майдан.
Ақындық дарыны да көрініп тұр,
Сөйлеген сөздерінің ыңғайынан.

Осылай тосыннан бір айтыс болды,
Келіншек те үйірлесіп таныс болды.
Мен одан білген жәйім баласы жоқ,
Осыдан жасиды екен байқұс өзі.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз