Кәсімбай мен Айжамыш айтысы (2-бөлім)
Кәсімбай Құсайынұлы, Айжамыш · 2 мин оқу
Найманның жігіттері ершімді екен,
Ұстадым өз жерімдей еркімді кең.
Бәрі де қонақ бол деп жабысады,
Жіберер түрлері жоқ кетем десем.
Айжамыш:
Бісмілла, мен бастайын алдыменен,
Келіпсіз ұзақ жүріп алыс жерден.
Таныстық болмаған соң бұрын-соңды,
Сәті осы сәлемнің де жөні келген.
Керек не жараспаса асылға қап,
Жақсының жүздескені бір ғанибет.
Көркі мен көз сүрінтер жерім мынау,
Ұжмақтың бақшарындай тұрған жайнап.
Найманнан қыз боп туған жұрағатпын,
Бойдағы қасиетім инабатым.
Туған соң айлы түннің жарығында,
Сол себеп Айжамыш деп қойған атым.
Жасымнан өлең десе құмар болдым,
Мереке ойын күлкі жүрген жерім.
Өзіңдей өнерлі жан кездескенде,
Бойымды қыздырады өлең пірім.
Болады желі қатты тау үстінің,
Өлеңнің бәрін айтып тауысты кім.?
Кезек ал керей мырза ақын болсаң,
Обалың болмасын деп ал ысқырдым.
Кәсімбай:
Сұрасаң тегім Керей, атым Қасен,
Ешкімге кеткен емес сөзден есем.
Дарыған өз бойыма қасиетім,
Тұра алмаймын өлеңге желденбесем.
Аққудай айдындағы көп таранған,
Ай сылқым өзіңдағы жүрсің бе есен.
Жақсылар кезіккенде сыйласады,
Шенділер бой таласып сынасады.
Керімсал жібек мінез жан екенсің,
Кім келіп сен болмасаң тіл ашады.
Ауылыңа кештеу келдім өз жәйіммен,
Қарсы алдың балдай тәтті таңдайыңмен.
Төгейін нөсерлетіп сөз маржанын,
Шөліңді қандырайын айғайыммен.
Бәйге деп кім қосады атқа тайын,
Білдірмес ә дегенде жатқа жәйін.
.................................................
Келе сап жайған шоққа қақтамайын.
Айжамыш:
Сөз шіркін күшті айтылса атылған оқ,
Бет шалар қызумен шашылған шоқ.
Кездікті келістіріп ұстай алсаң,
Темірді алмасқа ыстап, асылдап соқ.
Жарқыным қалай келдің біздің елге,
Жалғыздың кім көтерер тасын өрге.
Ұмытқандай бір нәрсеңді жалтақтайсың,
Өзіңде болмай отыр еркің неге.
Кәсімбай:
Қарауға көрінесің жастан кіші,
Ежелден оңған емес асқан кісі.
Құйрығы өзің басқан тыныш жатқан,
Жыланның етте қалар шаққан тісі.
Жәйім не жат елге кеп бұлдануға,
Жігіт пе шыдамаса бір дауылға.
Болсаңда алтын басты әулиедей,
Торғайдай сенде отырсың түз қолында.
Білмесең дәрменіңнің жоғында ойлап,
Болса асыл асар еді темір де әйбәт.
Алдымен алмасқа ыстап суын тапсам,
Жүрерсің кім болсаңда қолымда ойнап.
Айжамыш:
Естуге сөздеріңнің айғағы көп,
Жаныңда шуақ болса аспаның көк.
Күбідей жел кеуленіп ісінгенмен,
Өзгеде мандып тұрған асқаның жоқ.
Келгенмен шын тіресіп айтысуға,
Олақтау көрінесің жанасуға.
Мақтан ғып әрбір істің басын шалдың,
Менімен шамаң барма таласарға.
Кәсімбай:
Күн тумас көл болмаса шағалаға,
Басқаны дәл өзіңдей шамалама.
Жалымды жел тараған ақтангермін.
Қыранға теңесерлік қарға барма.