Нәси мен Жамал айтысы (1-бөлім)
Нәси, Жамал · 2 мин оқу
Әңгіме болып өткен-кеткендері,
Өмірдің нелер қызық өткелдері.
Нәси мен Жамал қыздың бір айтысын,
Жұмаш қарт айтып берген сексендегі.
Атса да әзәзілдер жасыменен,
Тағдырдың тәлкегіне бас имеген.
Ат жақты ұзын бойлы қызыл сары,
Кісі екен ақын, шешен Нәси деген.
Байлаған өз сенімін жырға бекем,
Ел кезіп сал-серілік құрған екен.
Мың сегіз жүз тоқсан үш қыркүйекте,
Қызылқия тауында туған екен.
Өмір-өлім сайысы таласының,
Нәсиге салған бірі жарасының.
Әке менен шешесі бірдей өліп,
Айырды тағдыр жақын жанашырын.
Қолында ержетеді екі-үш жетім,
Дүки деген немере ағасының.
Тек өлең өнері айдай арманы еді,
Жақсы менен жаманды талғап еді.
Кезінде Әсетпенен бірге ән салып,
Ілеге аттандырып салған еді.
Тиімді болмаса да дәуір жақсы,
Ел кезіп мана шүгей сәуірді асты.
Ән-күймен құлыстайды думандатып,
Көмейден мерует моншақ сауылдатты.
Сол тұста бір үлкен дау ұлғаяды,
Топ болып шешетұғын күн таяды.
Жіберді қазы Қаби Нәсиге де,
Мінгізіп шабарманға желмаяны.
Қалмақтың бір сұлуын қазақ алып,
Кеткенге Мадан қатты назаланып.
«Қызды да, жігітті де алдыма әкел,
Кесілсін басы өлімге жазаланып».
Деп Шотайға жіберіп шабарманды,
Қалмақтар қоймаған соң мазаны алып.
Шотайдан Серғазы мен Қаби келді,
Қасына Нәсилерді ертіп алып.
Жол түсті бір ауылдың шетінен кеп,
Айнала қалтарыссыз қалтыраң бет.
Ырситып азу тісін ала мойнақ,
Бұларды қаппақшы екен артынан кеп.
Қаппады ала мойнақ ырылдады,
Жақсыға мұны бұлар ырымдады.
Өзіне қарсы қамшы ұрмаған соң,
Қайтадан өзеленіп бұрылмады.
Көзінің жолаушыда қиықтары,
Көрімдеу көрінеді сиықтары.
Екі қыз үй сыртында өлеңменен,
Тұр екен кезектесіп түйіп тары.
Нәсиге қазы Қаби ым қағады,
Сағының керек болып сынбағаны.
Нәси де келеді екен көңіл қойып,
Қыздардан мынау болды тыңдағаны.
Жамал:
Құт мекен, жайлы қоныс қара қайттым,
Қырандай көгінде еркін аралайтын.
Бұлбұлмын сұлу үнді, сырлы сазды,
Беретін жаныңа ләззәт, санаңа айқын.
Қыпша бел, қыр мұрынды, қарақат көз,
Ақ жүзім ақ мамыққа баламайтын.
Ауылдың бұлғақтаған бозбаласы,
Қолыма су құюға жарамайтын.
Нәси:
Өлеңге Нәси едім құлама анық,
Жіберем ат үстінде тұра қалып.
Бозбалалық намысым қысып кетті,
Сөзіңе жаңағы айтқан шыдамадық.
Аман ба ауыл-аймақ қос бойжеткен,
Көрейін жөніңізді сұрап алып.