Нәси мен Жамал айтысы (2-бөлім)
Нәси, Жамал · 2 мин оқу
Жамал:
Қызы едім Майқараның Жамал атым,
Ақылды перизатқа саналатын.
Қызды көрсең Қайныштай қасымдағы,
Теңіздің елестетер шағаласын.
Жігіт жоқ соңымыздан шырақ алып,
Түссе де бұл жаһаннан таба алатын.
Көрдің ғой қарағайлы қарлығашын,
Жүрегің бірақ байқа жарылмасын.
Ал өзің кім боласың жөніңді айтшы,
Қалжыңға ішің бірақ ауырмасын.
Сөз білмес өлез болсаң қараңды өшір,
Алдыңнан Алла өзі жарылқасын.
Нәси:
Осынша кім еді сені қызық еткен,
Қыз десе кететіні қызып өкпем.
Сұрасаң атым Нәси, атам Шотай,
Сан рет сөз дариясын жүзіп өткем.
Оқыған талай қыздың айла түрін,
Қызыл тіл найзасымен үзіп өткем.
Болсаң да қанша шешен, ей Жамал қыз,
Аспассың сызған сызық құдіреттен.
Жамал:
Бұл Нәси айтып салды шынын маған,
Мен емес ол қыздарың ырымдаған.
Дүмпуін ондай сөздің көп көргенмін,
Шайлығып жас жүрегім суынбаған.
Ақынмын ауылымның ақ семсері,
Сөзден-сөз айтқан сайын туындаған.
Жіберер жанды бір-ақ жаһаннамға,
Жебемін қарауылға зуылдаған.
Нәси:
Жамал да айтып салды сырын маған,
Сөзінің сыңайы бар қырындаған.
Өзіңдей мықтысынған талай кербез,
Менің де тақымымда құлындаған.
Ақылы қайратына сай келген соң,
Болсаң да бесті асаудай бұрымдаған.
Өмірде қыз боп қалай күн кешеді,
Жігіттің мейіріне жылынбаған.
Қарымым бар тегеурінді қыран едім,
Қансонарда шабытқа құмар едім.
Темірдей тегеурінмен шеңбектесем,
Шыңғырған құлын дауысың шығар еді.
Өзінше мықтысынған батыр қызым,
Бас ұрып аяғыма жылар едің.
«Өмірлік мен сендікпін ағатай» деп,
Жамал қыз құшағыма құлар едің.
Жамал:
Кім білсін қыранбысың, құмаймысың,
Сөзіңнің әр түйінін сынайды ішім.
Қыздардың қырық түрлі айласы бар,
Біріне сол айланың шыдаймысың.
Нәси:
Қажетсіз айлаң маған мың болса да,
Я мақтан, яки оның шын болса да.
Жасынмын түсетұғын қарсылассаң,
Хан, қара, би менен бек кім болсаң да.
Қызсың-ау, жөнін білмес ештеменің,
Жарым күн тұрдық, аттан түс демедің.
Айлаңның бізге қылған бірі шығар,
Өзіңше қасақана істегенің.
Тексіздеу көрінеді ауылың да,
Шәй болсын түсіп аттан ішпегенім.
Ежелден сырты сұлу, іші надан,
Сендейден бақытымды күтпегенмін.
Жамал:
Ондай-мұндай болады ауыс-күйіс,
Қоңырсыған сөзіңнен шығады иіс.
Біз үшін барар жолың неге керек,
Аттан түсіп, шай ішіп, тары түйіс.
Нәси:
Терге шылап Жамал қыз жаныңызды,
Өлеңменен қыздырдым қаныңызды.
Біз кетейік бетке алған жолымызға,
Қинап болдық жолыққан кәрі қызды.
Келі сізден болғанда келсап бізден,
Кешке түйіп берелік тарыңызды.