Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шаймерден мен Мұзарап айтысы

Шаймерден Шегебаев, Мұзарап Жүсіпов · 2 мин оқу

Шаймерден:
Отатшы, адам бөліп күріш орнын,
Жай қылып, жадыратып, келтір формын!
Несіне оны маған айттырасың,
Істейтін өзің біліп бар ғой орның?
Қаулап тұр арам шөптер алас ұрып,
Бидайға деп айтады: «Сенен зормын!»
Мәдени өсімдіктің мәнісі жоқ,
Жағдайсыз, жапырағы түсі солғын.
Қолдағы жас жауынгер, жеткіншектің,
Үркердей ұйымдастыр, қаптат жорығын!
Аралас арам шөппен мал да сонда,
Еске алып ескермесең егіс қорығын.
Жайлаудың өзің қамын ойламасаң,
Қайтейін, қайта-қайта айтып болдым.

Мұзарап:
Қазылып жатыр құдық «Көктөбеден»,
Егістен аулағырақ, шет төбеден.
Өзімнің ойымдағы жұмыс та сол,
Отаққа адам бөлу көктегеннен.
Күріш жер күшімді де бөліп жатыр,
Қаншама омыраулап өктегенмен.
Бұл ағаң арттан шауып, ақырда озад,
Басқа сөз оған дейін тек көлденең.
Кемістік кейбір жерде кез келеді,
Себебі күшің толық жетпегеннен.
Есептеп күш-құралды жатсаң толық,
Өзім де ұялар ем, сөкпегенмен.
Бірақ та, айтқаның жөн, орындаймын,
Тап осы сағатында етпегенмен.
Еске алмай егістікті жүрген жоқпын,
Өзіме өзара сын өтпегеннен.
Өзің де жәрдемдесіп шығар өрге,
Бұл бір сын өмірімде көп көрмеген.
Қарауыл әлдеқашан дайындалған,
Мал қанша егістікке беттегенмен.
Мұнан кейін Шаймерденнің «Асқақ әнші, қатардағы халық ақыны едің, кейінгі кезде сол өнерді қойып кеткенің қалай» деп Мұзарапқа жазғаны:
Неліктен іні сөзін тыңдамайсың,
Ақылды ең, ізгілікті шыңдамайсың?
Жүйрік ой, терең зейін ер едіңіз,
Әніңді домбырамен шырқамайсың?
«Алтынның қолда барда қадірі жоқ»,
Сұлу сөз сары алтындай, сырға байсың.

Мұзарап:
Жақсы сөз жан сүйсінер үміт етсең,
Үлгіден шашау қадам ұрмағайсың.
Халық үшін қайыспастан қызмет ет,
Көңіліңді балалыққа бұрмағайсың.
Кішік бол ақ көңілді қалайда да,
Алғыстан абыройлы құрғамайсың.
Алайда, алаңғасар сотқар болсаң,
Ақыр бір арық малдай тұралайсың.
Сынауға ағаңа сөз жаз демесең,
Өзің де жастайыңнан жырға байсың.
Ісіңе жоба сызып, жұмыс етсең,
Әрдайым ыдысыңды былғамайсың.
Жатық бол, жар көкірек болма тентек,
Ойланбай еш жұмысты қылмағайсың.
Бұл мысал ағаңның да басында бар,
Десең де: «бітік шыққан мырғадайсың».
Басқа өнер ақындықтан ағаңда жоқ,
Несіне мені зорлап жұлмалайсың?!

Қармақшы, 1942 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз