Рахымжан мен Ыбыраш айтысы (2-бөлім)
Рахымжан, Ыбыраш · 2 мин оқу
Бірінші жұмбақ:
Қолымда қазаны бар астананың,
Ішіне таза жумай ас саламын.
Көп халық қазанымнан пайда қылып,
Жеркенбей қолданады ас-тағамын.
Әркімнің сыбағасын құйып беріп,
Қолыма шөміш алып, бас саламын.
Тамағын талай адам тауыса алмай,
Қысып жүр қолтығына тостағанын.
Көп және сол қазанның кереметі,
Ішінде піседі асы жанбай оты.
Шамасы тамағынан жалғыз қасық,
Ішеді аспан асты, жердің беті.
Берсем де ашқа-тоққа қызғанбай-ақ,
Ортаяр қазанымның жоқ реті.
Не нәрсе қолда жүрген қазанымыз,
Ішінде таусылмайтын тамағыңыз?
Таусылмай қалған асын қолына алып,
Кім болар қарық болған адамыңыз?
Аспазшы көптен шығып, біреу болып,
Не болар үлестірген тамағыңыз?
Шешіп бер жұмбағымның мағынасын,
Жігітсіз тау жұтқандай талабыңыз.
Екінші жұмбақ:
Көрдім де бір нәрсені қалдым таңға,
Көрсеттім таңсық қой деп әрбір жанға.
Біреулер таңырқады мендей болып,
Алмады әсемдіктен біреу санға,
Сонда да тіршілікке керек болып,
Үлгісі жайылған зат жер-жаһанға.
Бұл заттың толып жатқан қанаты бар,
Ажары қанатының қара шұбар.
Тұлғасы тартпай туған анасына,
Өзінің әлденеше баласы бар,
Секілді бірі бүкір, бірі шүкір,
Ұқсаусыз бір-біріне қарасы бар.
Сөйледі түрлі тілмен әр бірісі,
Тілде жоқ тума болып түсінісі.
Сөзінде жалғыз келсе маңызы жоқ,
Сөйлейді ишаратпен үн шығармай:
Лайық өздеріне ұсынысы,
Сөйлесең бір орынға жиып алып,
Пікірін анасының жариялап,
Қаз-қатар қанатына сыйып алып,
Тілімен табиғаттың сөйлеседі,
Адамға үш мың тілді бірдей анық.
Үшінші жұмбақ:
Бір жұмбақ тағы келді қиялыма,
Сөйлемей қиялымды тыямын ба?!
Көңілге бірен-саран түскен сөзді,
Жібердім тарту қылып зиялыға.
Зиялы сөздерімді жерге тастап,
Басылмас хайуанның тұяғына.
Көлбеңдеп қыз Шамшия көз алдымда,
Секілді құрмет еткен өз алдыма.
Меншіктеп сол сұлуды жалғыз өзім,
Қарғыбау ем болмайды тағарыма.
Есімі Шамшияның жер жүзінде,
Жынысы қол жетпейді жоғарыда.
Құрметі Шамшияның көпке бірдей,
Жәндік жоқ құр қалдырған көзіне ілмей.
Тек қана адам емес, құрт-құмырсқа,
Түгел-ақ алады ырзық қарап жүрмей,
Әйелден Шамшияның заты басқа,
Құрметін көрсетеді ойнап-күлмей.
Тағы бар жеке шыққан қара дәуім,
Сол дәудің еш білмеймін елін, жауын,
Сол келсе Шамшияның қабағы ашық,
Еркімен тақтырғандай қарғыбауын.
Мұтиғы бұл ғамалға іштен тынып,
Шығармай жарияға ешкім дауын.
Шамшия сия берер зор мақтауға,
Тек емес кереметтен қара дәу де.
Кәдеге қисабы жоқ пұл береді,
Ұқсаған сәуле беріп саңылауға.
Қош болып көңіліміз сол уақытта,
Ұқсаймыз әрі соқыр, саңырауға.
Қара дәу өзі қожа, өзі уәли,
Қосылған Шамшиямен әуез әні.
Бұлжымай үлестірген қалыбынша,
Қолына қайтып тұрар кәде малы.
Бірталай содан бері заман өтті,
Кезегі бір аумастан келеді әлі.