Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Керімқұл мен Бибіайша айтысы (2-бөлім)

Керімқұл Жүнісов, Бибіайша Әбілдақызы · 3 мин оқу

Керімқұл:
Әр жерде құрып жүрміз ойын-сауық,
Өлең жақтан қылмаймыз аса қауіп.
Өтірік айтып, құдаша, тана берме,
Осы жерден де береміз куә тауып.

Бибіайша:
Қараспан алыс емес, жақын-ақ жер,
Айтылған соң шығады іштегі шер.
Өлең тарқап кетті деп қоймадың ғой,
Өлең тарқап кетті деп жаныңды бер.

Керімқұл:
Өлеңнің тарқағаны жалған ба еді,
Іздегенің, құдаша, жанжал ма еді.
Жаныңды бер дегенің не дегенің,
Сенің жаның тастан да, арзан ба еді.

Айтпаймын жайымды аса жамандарға,
Сөзімді жақтырмасаң шарам бар ма?
Ауылда бір бұйымым ұмыт қапты,
Мұнымды сұрайтұғын адам бар ма?

Бибіайша:
Бір нәрсең ұмыт қалса бопты қиын,
Әр жерде айтып жүрмін тойда-жиын.
Мұрша келсе тұралық тауып беріп,
Ауылыңда ұмыт қалған қандай бұйым?

Керімқұл:
Шақшамды жүріп едім қолыма ұстап,
Насыбайдың құмары отыр құштап.
Сол бойынша кетіпті ұмыт қалып,
Бір жерге қоя сап ем асығыстап.

Бибіайша:
Ауылдың жарамайды көп алысы,
Кісінің жақсы болар көз танысы.
Құдеке-ау, ұмыт қалған насыбай ма,
Қайғырма, болар оның бір мәнісі?

Қыз айналы, әсем шақшасын сыйлайды. Бір жылдан кейін бұл екеуі тағы кездесіп айтысады (Керімқұл әдейі іздеп келеді). Бұл жолы Бибіайшаның қасындағы серік қызы ұзатылып кеткен екен.

Керімқұл:
Мейманбыз бұл дүниеге сіз бенен біз,
Таусылып өмір өтер жаз бенен күз.
Көп айлар көрмегелі көп күн болды,
Жүрмісің күліп-ойнап, Бибіайша қыз?

Бибіайша:
Замандас, мал да аманат, жан да аманат.
Заулатқан қаршығаны екі қанат,
Көп айлар көрмегелі көп күн болды,
Жүрмісің күліп-ойнап сау-саламат?

Керімқұл:
Ермегім өлең болды жасымдағы,
Бұл енді сөз болуға ашылғаны.
Жүрмісің күліп-ойнап, Бибіайша қыз,
Серігің қайда кетті қасыңдағы?

Бибіайша:
Құлақ сал менің айтқан кеңесіме,
Ойлансам өлең түсер көп есіме.
Мал бергені болған соң қиын екен,
Серікті табыс қылдым егесіне.

Керімқұл:
Егесіне бердім деп арман көрме,
Бибіайша-ау, бұл сөзімді жалған көрме.
Күліп-ойнап жүрмісің, Бибіайшажан,
Серігің де аман ба барған жерде?

Бибіайша:
Әр жерде керегеңнің көктесі бар,
Етіктің қисаймайтын өкшесі бар.
Серігім күліп-ойнап жарқылдап жүр,
Азырақ бірақ сізге өкпесі бар.

Керімқұл:
Әр жерде айтып жүрмін жиын-көпке,
Әр сөзім айта берсем келеді епке.
Мәнісін айтыңызшы есітелік,
Серігіңіз қылып жүр қандай өкпе?

Бибіайша:
Бұл жерде ойлап па едің көремін деп,
Сөзіңе кім айтады сенемін деп.
Сол бойынша кеттің ғой алдап, тастап,
Былтырғы жыл бір көшіп келемін деп.

Керімқұл::
Ауылдың жақыны бар, алысы бар,
Кісінің көз көргендей танысы бар.
Бибіайша-ау, айтып-айтып өкпе қылма,
Ондағы келмегеннің мәнісі бар.

Бибіайша:
Болған соң еріндің ғой ауылың алыс,
Болғанда келмей кеттің жаңа таныс,
Кәнеки, айтыңызшы есітелік,
Ондағы келмегенің қандай мәніс?

Керімқұл:
Сендерді мен жүріп ем мақтауменен,
Бір сөйлескен түріңді ақтауменен.
Шорапалдың ақынын құп жеңдім деп
Көрінгенге жүріпсің даттауменен.

Бибіайша:
Жайлауы – біздің елдің Арыс, Бадақ,
Сөзіме түсінбейді кейбір надан.
Ондай сөз ауызыма түскен емес,
Ол сөзді сізге айтқан қандай адам?

Керімқұл:
Таздардың осы сөзді бәрі айтады,
Тым болмаса таздардың жарымы айтты.
Сондай сөз ауызыңнан шыққан шығар,
Болмаса оны таздар неғып айтты.

Бибіайша:
Дүниеде нақы бар ма, сақы бар ма?
Көңілдің онша-мұнша даты бар ма?
Ол сөзді айтқан сізге қандай адам,
Атын айтып берсейші, аты бар ма?

Керімқұл:
Бұл күнде сөзден танып болдың нашар,
Уәделі сөзінен надан қашар.
Бибіайша-ау, атын айтып бер десеңіз,
Бұл сөзді айтқан бізге Қайыпназар.

Бибіайша:
Жасымнан ойлағаным өлең-дағы,
Өлеңмен таныс болған көп ел-дағы,
Ондай сөз ауызымнан шыққан емес,
Дұшпансыз ер болмайды деген-дағы.

Таз – ру аты

Керімқұл:
Көңіліміз қатты сөзден қалатұғын,
Ойың жоқ қабатыңа алатұғын.
Аузыңнан айып, қата сөзің шықса,
Әдетің ұстады ғой танатұғын.
1925 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз