Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жібек пен Құмар айтысы

Жібек Ерубайқызы, Құмар Жүсіпұлы · 3 мин оқу

Құмар:
Әр жерде өлең сөзден жел тастаған,
Әлеумет, мұныңыз кім қолпаштаған?
Саралап сөз сөйлейсің жолын тауып,
Алқада адам болса сөз бастаған.
Қарындас жасың кіші, жолың үлкен,
Жан едің жүз көрсетіп, жолдаспаған.
Көрейін шабысыңды шалықтап көр,
Бейтаныс жансыз өлең талғаспаған.

Жібек:
Өлеңім сатулы емес бұлдайтұғын,
Оймыштап қасық емес сырлайтұғын.
Несіне айтар сөзге бой байлайын,
Құмекең отыр өлең тыңдайтұғын.
Ескілік кісендеген жүйрік едім,
Тайпалсам айлық жерге талмайтұғын.
Жүр бері, болсаң егер, шын қазанат,
Қапталдап қатарымнан қалмайтұғын.

О, Құмар, бұл сөзіме қайыр дерек,
Болмаса, өлең айту неге керек?
Октябрь – алтын таңның арқасында,
Еркіндеп сөз сөйлейтін келді кезек.
Қалмаса көңіл өліп, жүрек сөніп,
Көрейін өлең өріп, тілді безеп.

Құмар:
Сындырып неғылайын назарыңды,
Жыртпайын қатты сөзбен ажарыңды,
Жасың жас, жүзің сынық, жас келіншек,
Өткіздің қайда жастық базарыңды?

Біз бұрын атыңызға қанық па едік?
Жүздесіп бұдан бұрын танып па едік?
Бүркіттей бүремін деп қамданасың,
Кім сені отыр екен алып келіп?

Қасында қаршығадай сақтағанмен,
Жаманды ақ алмас деп мақтағанмен.
Шалдығып қалып жүр ме кездескенде,
Алқынбас айлық жерге ақтабанмен.

Жібек:
О, Құмар, шамырқанып шығандайсың,
Сырымды қанша айтсам да ұға алмайсың,
Асқақтап қанша өзіңді мақтасаң да,
Сен бүгін өлең сөзден жыға алмайсың.

Ескілік салды қармақ, жүзім сынық,
Алмас ем тасқа тиген жүзім сынып.
Жас жігіт сен де реңді көрінбейсің,
Бойың бар аумай қалған түзу сырық,

Шалдыққан жан емеспін ақсағанмен,
Өзіңді ақтабан деп мақтағанмен.
Қадірлі сөз асылын жұртым сынар,
Алында әлеуметтің ақтарам мен.

Құмар:
Сөйледің, ақын Жібек, атымды атап,
Сөзіңнің соңын қойдың маған тақап.
Қызықты ұлы думан мәжілісте,
Тастағың келіп отыр сөзбен матап.

Ақынды сен секілді талай көрдім.
Мені сен өзіңіздей қалай көрдің?
Әлде сен алым көріп ұрындың ба,
Алдымда өлең айтып, аттай желдің.

Әр сөздің басын қосып қапталдайсың,
Талассаң байрағыңа шапқандайсың.
Абайла, ілінерсің, байқап сөйле,
Құрулы алдыңызға қақпандаймын.
Жеткіншек жүйрік болсаң соны қара,
Бір жауап сөзіңізге тапқандаймын.

Жібек:
Сөзіме төре берер Тама, Табын,
Ойлайды батыр жігіт елдің қамын,
Келгенше осы жасқа жолдасың жоқ,
Көбейтіп жүрсің сорлы-ау, кімнің малын?
Бетіңе күле қарап қыз сөйлесе,
Болады сыртың түтін, ішің жалын.
Сыртыңнан хабарыңды білуші едім,
Табатын жігіт деуші ед сөздің бабын.
Кезіктің жолың түсіп бүгін маған,
Айрылсаң жарар еді сынбай сағың.

Құмар:
Жайықтың жас дүлдүлі сен бір көрік,
Жандыртып ән саласың, қасың керіп.
Мүлт кетпес айтқан сөзі мен бір мерген,
Сен болсаң шаң ілікпес қасымда елік.
Күйеуге қаршадайдан жүгіріпсің,
«Кәрі қыз» атанам деп жасың келіп.
«Әлхаммен» ел алдаған жарың қайда,
Жүрмепті қошеметтеп қасыңа еріп?
Мал бақтым залым байдың есігінде,
Болмады кедейліктен басымда ерік.
Талай қыз таңдай қағып ынтығып жүр,
Жүргем жоқ омақасып, жасым келіп.

Жібек:
Құмар-ау, асқақтадың, асып кеттің,
Жарамды жүректегі қасып кеттің.
Ескілік бұраң саздай бұраса да,
Келмейді жөнсіз жүнжіп, жасып кеткім.

Сен болсаң залым байдың малын баққан,
Ескілік маған салды қанды қақпан.
Зарладым, еңіредім торға түсіп,
Су іштім қаным кеуіп қанды қақтан.

Табынып жұрт Қажидың атағына,
Қалыңның қалдым жастай шатағына.
Желпінген қарлығаштай көңілімді,
Өлтірді-ау, айуанға матады да.

Жыладым жастық кезді көп азалап,
Деп Құмар, желпінесің «Мен қазанат».
Зарлаған торға түскен кездерімде,
Қайда едің қол беруге ер, азамат?

Құмар:
Сұм заман кім-кімді де азалатты,
Жаныңды жастай сенің жазалатты.
Жан даусың шыққан кезде торға түсіп,
Жолатты қашан біздей азаматты?

Ақынды талай көрдім көшке ермеген,
Жібекжан, өлең сөзге дес бермеген,
Мына бір жұмбағыма қайыр жауап,
Болсаң шын келер жүйрік бес кермеден.
Қара нар қартайғанда мешеу болар,
Көнерсе қара мылтық көсеу болар.
Жібекжан, ақын болсаң, ойланбай айт,
Тобығы тоқсан қойдың нешеу болар?

Жібек:
Өлеңге сен де бестен, мен де бестен,
Алқада сөз сөйлейді көңіл өскен.
Құмар-ау, сен білмесең мен айтайын,
Тобығы тоқсан қойдың жүз де сексен.

Қарасы залымдардың батқаны анық,
Көңілдің шемен болған жарасы анық,
Өлеңің өрге өршіген, ақын Құмар,
Көңілге қаяу салмай аттаналық.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз