Рахымжан мен Ыбыраш айтысы (3-бөлім)
Рахымжан, Ыбыраш · 2 мин оқу
Осымен тамам болды үш жұмбағым,
Шешуге бердім оның ұшқындарын.
Тырнақтай қиялымда бәсеке жоқ,
Осылай түсінгейсің істің мәнін.
Сөзімде жоқ бәсеке бұл жазылған,
Бәсеке ойлаушыға ор қазылған.
Көрініп дүниеге қызыл тілмен,
Мәшһүр дәметеміз болғаныңнан.
Болғасын тілде қалам, қолда қалам,
Ауыстыр бізге-дағы қалдығыңнан.
Жұртыңыз, туғаныңыз қазақ үшін
Жаралыс, сені Ыбыраш, жорға қылған.
Ыбыраш Мырзалыұлының жауабы:
Құрметті көп-көп сәлем Рахымжанға,
Жігітсің заманыңда жетік заңға.
Жолығып жазған сенің хатыңды алдым,
Құрбының мәжілісін сағынғанда.
Арнаған оқып көріп жұмбағыңды,
Ойланып біраз уақыт қалдым таңға.
Секілді жазған хатың кеудең ашық,
Хат қылып, кім оқымас, берсең ашып.
Аспайтын сабасынан сен бір теңіз,
Таусылмай шолақ сайдай жылдам тасып.
Осындай қасиетті мінезіңді,
Байқаймын хатқа жазған сөзден басып.
Жұмысқа ыждағатты деп айтады,
Күнің жоқ бір жалығып қалған жасып.
Мезгілде және ауысқан сауық қылмай,
Отырсың көрінгенмен қағаздасып.
..............................................................
Түбінде көп қызмет деп миың ашып.
(Жиеннен нағашы алар қызыққанын).
Сөз емес бұл айтқаным сені қосып.
Нағашы, немді аяйын сұрағанда,
Қомсынбай тек ырза бол табылғанға.
Мен бірақ айтқаныңдай жүйрік емен,
Ілессем аз болмас ед сіздің шаңға.
Шын айтсаң, жобасы осы жұмбағыңның
Сын тақпа соқпай кетсе сөзім маңға.
Бірінші жұмбақтың шешуі:
Сия сауыт секілді,
«Астананың қазаны».
«Таза жумай» ұстаңыз,
Болмайсың оған қазалы.
Жазатын сия қағазға,
«Отсыз піскен тамағы».
«Астанаға жетейік»
Ақынның жазған қаламы.
«Аспапшы» болған ғалымдар
Өзгелерден саналы.
«Қолындағы шөміші»
Жазатұғын қаламы.
Қағаз жүрер қолтықтап,
Өнер қуған жастарым,
Бір тілекші соларға,
Халыққа қорған болады.
Ұқсамайды бөтенге,
Жұмбақтың осы сорабы.
Екінші жұмбақтың шешуі:
Екінші жазған жұмбаққа,
Келейін енді жағалап.
Ақыннан шыққан сөз ғой деп,
Оқып көрдім аралап.
Азғантай мимен ойланып,
Мұны да шешіп шамалап.
«Бір нәрсені көрдім де
Таңға қалдым» дегенің
Оқып білген өнерің.
Қатарыңнан ағалап
Дәмін татып білген жан
Соңыңнан қалмай қуады,
Білімдіні сағалап.
«Таңданбақтан біреулер,
Санға алмады» дегенің –
Оқымаған надандар.
Ғылымның пұлын білсін бе?
Пікір етіп шамалап.
«Жайылған зат үлгісі
Жер жиһанға» дегенің –
Адамзаттың ішінде
Өнер білген жүйрік көп.
Тұлпар озған сорғалап,
«Қисапсыз қанат»дегенің –
Кітаптың сансыз қағазы.
«Қарашұбар ажары» -
Жазылған қағаз қаралап.
«Толып жатқан баласы»
Қағазға жазған қарыптер –
Жоримын соған шамалап.
Үшінші жұмбақтың шешуі:
«Шамшия сұлу» дегенің –
Жиһан жарығы Ай екен,
Ай нұрына мақлұқтың
Көңілі балқып жай екен.
Ай туғанда толығып,
Жарығына молығып,
Дүниеше қажеті сай екен.
Түндерді жарық күндерге,
«Кезегімен аударған»
Түнді қуған Күн екен.
«Кәдесіне сұлудың,
Қисапсыз берген пұлдары».
Сансыз жұлдыз бұл екен.
«Мұтиғы болып қош көріп,
Ұқсаған соқыр саңырауға»
Ұйқының қалың жолы екен.
Қиырдан тауып сөз қиған,
Қиыннан тауып тіл жиған,
Шайырдың зейіні мол екен.
1923 жыл.