Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Іскендір мен Уамық айтысы

Іскендір Байсүгірұлы, Уамық Қалжанұлы · 2 мин оқу

Іскендір:
Уәке, сізге арнап бұл жазылған сөз,
Тірлікте дидарласып бола алмай кез.
«Арасы жақсы, жаман – аспан, жердей» ,
Қашаннан халық аузында келатқан сөз.
Жақсының тұқымысыз халық білетін,
Мақсат іс көңілдегі: «көрсе, - деп, - көз».
«Жақсыда шарапат бар» деген анық,
«Үлгі сөз үйретеді» деп үміттіміз.
Жас үлкен, жатарлық жер жақындап тұр.
Әйтпесе, жоқ, шырағым, міндетіміз.
«Жақсымен етсе сұхбат, дидар көріп,
Пайдасы болар» деген өздеріңіз.

Қалған сөз қариядан – қатесі жоқ:
Жаманға жақын жүрме күдеріңді үз!
Бірнеше барсам-дағы Жалағашқа,
Бола алмай дидар нәсіп қапа жүрміз.

Шырағым, халық біледі атаң даңқын,
Жаратқан оның артық топырағын.
Дүниеге талай жақсы келіп кеткен,
Тіршілік шаршататын ол бір сағым.
Қай бір жан тиянақтап тұра алмайды,
Әлемнің алғаннан соң шамшырағын
Қайғысыз рахатта өмірлі бол,
Кейбіреу айырмайды істің ағын.
Алыстан ұзақ өріс ала алмайды,
Қол қысқа болса егер бойы шағын.
Кіші жүз, Алтын, Айдар – шыққан тегім,
Қысқартып доғарайын сөз аяғын.
Қол қойған Байсүгірдің Іскендірі,
Қорқыттың вокзалында отырамын.
Ғашық боп ағаң сырттан сөз жазады,
Айырмай руымды Алтын, Табын.
Шал жазған шатпақ сөзін айып етпе,
Жағдайлап адал ниет білдіремін.
Қош, сау бол саламатта жолыққанша,
Ұзартып сөз аяғын неғыламын.
Қорқыт, 1939 жыл.

Уамық:
Ісеке, сәлеміңіз келді хаттан,
Көрсетіп адресін Қорқыт жақтан.
Сайраған сандуғаштай секілденіп,
Паруаз қып тамаша айлап ұшқан бақтан.
Елестеп жазған сөзден аңданады,
Хабардар екеніңіз әр тараптан.
Руың – Кіші жүздің Бай баласы,
Алтында Айдар екен сіздің таптан.
Іздесін, «Жөніңізді білем» деген,
Іскендір Байсүгірұлы деген аттан.
Дүниеге келген жанның баршасының,
Өзінше олқысы жоқ, бәрі батпан!
Құрулы халық алдында таразысы,
Қарасын сол безбенге, нарқын баққан.
Меніңше, мұнда да бар жаңылтпаштар,
Аңсызда адастырып халықты алдатқан.
Наданға – надан қымбат болғаны үшін,
Етеді өз тұстасын әркім мақтан.
Кімге кім кездескенде мінездес боп,
Жарасып сұхбаты да соны ұнатқан.
Һәм және әр заманның нарқы басқа,
Қардарға қарасаңыз нәрсе сатқан.
Сатушы, алушымен әр базардың,
Бұйымын қадірлеген қымбаттатқан.
Тартымды бір базарда сиыр болса,
Тағы бір алушысы жылқылатқан.
Әр заман үстіңдегі – мысалы базар,
Сол базар адамды да бағалатқан.
Болыпты бір заманда батыр қымбат,
Базарға мал орнына құл айдатқан.
Ақ сүйек, патша мен бек бір заманда,
Өзгені өздері үшін зар жылатқан.
Мақтауға біреулерді «шайқы, ишан» деп,
Ол жолды шындық жеңіп мүлдем жапқан.
Бұрынғы ғалымдарды мақтауға да,
Оны да оқығандар басы қатқан.
Фараби, Ибн Сина, Ұлықбектер,
Шынымен солар еді ілім тапқан!
Жатқанда жұрт ұйқыда олар ояу,
Дүниені дабыл қағып таңырқатқан!
Данышпан сол секілді ғалымдарды –
Орынсыз, жан бола ма жабырқатқан?
Заманның өтіп кеткен оқулығы,
Болыпты көбірегі құрапаттан.
Жарыққа ілім, білім жаңа шықты,
Арасын аспан, жердің жақындатқан.
Жетпейтін мың жылда да жерде жүріп,
Дыбысты сабырлаған сапылдатқан!
Емес пе құл еткені табиғатты,
Жансызға тіл бітіріп қақылдатқан?!
Жайнаған жастарды да жаңа көрдік,
Халық едік қараңғыда қапыл жатқан.
Ісеке, олай болса, балаларға –
Қызық қой бақыт тілеп ауыз баққан.

Жалағаш, 1939 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз