Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шағырай мен Қарсақ айтысы

Шағырай Төбетұлы, Қарсақ Қопабайұлы · 1 мин оқу

Шағырай:
Аралап жүруші едім елден елге,
Кез болып бұйырған көп тұз бен дәмге.
Отырмын қартайған соң халым кетіп,
Шыға алмай қадам басып ешбір жерге.
Тасқұлдың баласынан алған олжаң,
Қайырлы болсын інім, бір мың теңге.
Әдетім ескілікті еске түсті,
Өзіңдей кез болған соң кемеңгерге.
Дауысың бұлбұл құстың сайрауындай,
Сөзің бір бейне ұқсас шалқар көлге.
Адамның өзің қатар жүйрігісің,
Келіп тұр айтқаныңның бәрі жөнге.

Жасымда ақын болып еттім сайран,
Атымды Шағырай шешен халқым жайған.
Сыртыңнан атыңды естіп құмар едім,
Дәм тартып Қарсақ інім, келдің қайдан.
Сырнайға әнді қосып өлең айтқан,
Отырмын дауысыңды естіп сонадайдан.
Өнердің артық біткен арқасында,
Біздердей қарт ағаңа тисін пайдаң.

Қарсақ:
Ал аға, құмар болған мен Қарсағың,
Жел сөзге қайым біткен тіл мен жағым,
Атанған Шағырай шешен атағың зор,
Халыққа мәшһүр болған әруағың,
Кетпекке сәлем беріп, жүзің көріп,
Менің де әдейі арнап келген шағым,
Сыйласқан аға болса, сыйлап кетем,
Сынбайды дүние үшін менен сағың,
Мінеки, кәрілігіңді есіме алдым,
Сүйеді үкімет те кедей табын.

Ақындық атамда жоқ бұрын-соңда,
Берген соң сөз ілхамын болдым жорға.
Отырсың қартайған соң қозғалмастан,
Секілді ақ сұңқардай түскен торға.
Атанып Шағырай шешен халқың сыйлап,
Қолыңды сермегенсің оң мен солға.
Өз жолың бұрынғылар бастап келген,
Аулыңнан ат пен шапан алдым олжа.
Баласы Тасқұлының сыйлап берген,
Ал аға, риза бол бір мың сомға.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз