Керімқұл мен Бибіайша айтысы (1-бөлім)
Керімқұл Жүнісов, Бибіайша Әбілдақызы · 3 мин оқу
Керімқұл:
Болдың ба есен-аман, құрбыларым,
Күліп ойнап жүрмісің, күллі бәрің.
Әдейі сонау Сырдан іздеп келдім,
Өлеңнен тарқай ма деп бір құмарым.
Бибіайша:
Әдейі Сырдан іздеп келген болсаң,
Шүкір ме, амансың ба деген болсаң.
Көңілді өлең жақтан тойдырайық,
Кәдімгі айтып жүрген өлең болсаң.
Керімқұл:
Әдейі сонау Сырдан іздеп келдім,
Басқа емес жұмысым сол сіз деп келдім.
Жалпылама жаманды іздемеймін,
Кәдіріме жететін қыз деп келдім.
Бибіайша:
Өлеңге әр алуан жеткен ғой жын,
Сөзімде айтып көрме бар болса мін.
Әдейі Сырдан іздеп келген болсаң,
Қай жұрттан, қай рудан, нәсілің кім?
Керімқұл:
Байлар-Жандар деуші еді елімізді,
Көлкөшкенмін деуші еді жерімізді.
Келес, Талас ауылының баласымыз,
Сіздерге баяндаймыз жөнімізді.
Бибіайша:
Жасыңнан бұл өлеңге бопсың көсем,
Әр жайда кез келгейміз аман-есен.
Руыңның аты-жөнін айтып бердің,
Өз атың кім болады, әке-шешең?
Керімқұл:
Шешем аты Айшагүл, әкем Жүніс,
Көңілдегі тарайды айтса кір іс.
Қасымдағы Беске, ал мен Керімқұл,
Сұрасқан соң ат-жөніңді айтпақ дұрыс.
Бибіайша:
Өлеңді әр-алуан айттым безеп,
Жел сөзді тоқтатпаймын аса тежеп.
Руыңды, ат-жөніңді айтып бердің
Ал бердім, құда бала, сізге кезек.
Керімқұл:
Шығасың талдап өріп бұрымыңды,
Көп қыздан артық көрдім қылығыңды.
Сұрасқан соңғылыққа жақсы дейді,
Сұрасақ кім болады руыңды?
Бибіайша:
Сұрасаң руымды Телең деген,
Өлең десе құлағым елеңдеген.
Құдеке, ат-жөніңді айтып беріп,
Кешіктірмей сұрадың дереу менен.
Керімқұл:
Сұрасаң Телеу екен асылы-затың,
Жасыңнан бұл өлеңге бопсың ақын,
Руыңның ат-жөнін айтып бердің
Кім болар әке-шешең, өзің атың?
Бибіайша:
Ат-жөнді сұраған соң айтпақ дұрыс,
Тарқайды көңіліңдегі айтса кір іс.
Сұрасаң әкем аты Әбділдә ғой,
Өз атым Бибіайша, шешем Ырыс.
Керімқұл:
Кісінің жақсы болар туысқаны,
Мақұл сөз ғой кісінің жуыспағы.
Құдаша, барар жерің Тама болса,
Мұныңның да айтылсын дұрыс жағы.
Бибіайша:
Өлеңнің бастан-аяқ бәрі сайлы,
Сайлап айтқан өлеңім көпке жайлы.
Тама деген сөзіме нана көрме,
Барар жерім болады Жағалбайлы.
Керімқұл:
Сөзіңнің өтірік бар арасында,
Мені де мұндай сөзге саласың ба?
Құдаша, қисаңдамай жөн сөзіңді айт
Жағалбайлы бола ма, Тамасы ма?
Бибіайша:
Өлеңді жас кезімнен жіпке тіздім,
Өлең білмес жаманнан күдер үздім.
Несіне бұл сөзіме шамданасың,
Екеуі де баласы Кіші жүздің.
Керімқұл:
Өлеңге жас күнімнен болат болдым,
Алдыңды өлеңменен орап көрдім.
Қисаңдамай бірін айтсаң болмас па еді?
Сенен мен арғы жерін сұрап па едім?
Құлағыма жақты ғой кеңесіңіз,
Ауылыңда той болса келесіміз.
Басқа бір үлгілі өлең айталық та,
Бекерге шаршамасын өңешіміз.
Бибіайша:
Ақылды халқым неғып аңсамайды,
Кейбір надан өлеңді айта алмайды.
Мен өлең айтқаныма үш күн болды,
Менің неғып өңешім шаршамайды.
Керімқұл:
Сырттарыңнан қылады әркім дәріп,
Әр алуан айтасың әнге салып.
Құдаша, баяндашы есітелік,
Үш күн өлең айттыңыз қайда барып?
Бибіайша:
Айтсам өлең түседі ойларыма,
Сөз айтамын лайық бойларыңа.
Кідірмей үш күн ұдай сол жерде айттым,
Қараспанның барып ем тойларына.
Керімқұл:
Сен барған біз де бардық Қараспанға,
Өтірік сөз ұстаттың жанасқанда.
Сол күні өлең болмай кетпеп пе еді,
Қайдауылдың бозбаласы сабасқанда?
Бибіайша:
Аралап жиын-тойды көріп пе ең көп,
Әр сөзім айта берсем келеді еп,
Кідірмей үш күн өлең сол жерде айттым,
Қайдауылдың бозбаласы сабасқан жоқ.