Маясар мен Нұрлыбек айтысы (1-бөлім)
Маясар, Нұрлыбек Баймұратов · 3 мин оқу
Маясар:
Шежіре домбырамды қолға алайын,
Несіне айтар сөзге толғанайын.
Табысын Қарағанды жариялап,
Алдында көпшіліктің жорғалайын.
Уыстап лақтырады түзу сөйлеп,
Өлеңі ақындардың қолда дайын.
Арқадан Алатауға құлаш керіп,
Орныққан ордаң едім іргем берік.
Қазақтың салтын істеп үлкен үй деп,
Астанам сәлем бере тұрмын келіп.
Кешегі кер заманда шалқалаған,
Салмағын сен жорықтың арқалаған.
Ерлікпен елдік құрған көне жерің,
Тапсырды сәлем айт деп Арқа саған.
Басынан күн өткізген не бір қилы,
Тарихта атам қазақ атың сыйлы,
Жау тисе ел шетіне аттан салған,
Ел едің өр мінезді, ер қимылды.
Батыры батырлардың Қобыланды,
Қастасып жер алмақ боп торығанды.
Қасқайып қан майданда қойдай қырып,
Асқар тау, көк майсаңды қорыған-ды.
Атасы ақындардың Асанқайғы,
Қазаққа ата қоныс тауып жайлы.
Іргең нық, сескенбестей ел болуға –
Деп еді бес қаруың тұрсын сайлы.
Баласы Жәнібектің сардар Қасым,
Қазақты біріктіріп құрап басын.
Осы жер ата қоныс, мекенің деп,
Найзамен сызып кеткен шекарасын.
Қазақтың ел қорғаған батырлары,
Өмірде жауына таң атырмады.
Шұқшиып сан шапқыншы шықса-дағы,
Тұмсығын бірінің де батырмады.
Үш жүзде кім жетеді Абылайға,
Айбатын ашуланса білеп айға.
Қаптаған қара құрттай қалың жауды,
Тоғытқан қойдай қылып Бурабайға.
Ер Кене, батыр Науан, бала Баубек,
Еш уақыт жасқанбаған жауды жау деп.
Арқадан ту көтеріп, дабыл ұрған,
Егескен ел шетіне тисе жау кеп.
Ұрпағы осылардың Аманкелді,
Мақсаты теңгермек боп азды, кемді.
Патшаға, байға қарсы қан майданға,
Аттанған ту көтеріп бастап елді.
Құт орнап сонан бері айналама,
Өң кірді құлазыған айдалаңа.
Байлығы, сәні, салты көз тұндырад,
Барсам да қай аулың мен қай қалаңа.
Елімнің ата жауы бұрыннан да,
Тап беріп кеше тағы ұрынғанда.
Лап қойған қалың қазақ қан майданға,
Малшынып ат тұяғы қызыл қанға.
Төлеген, Нүркен менен Мәлік, Асқар,
Әр бірі он сан қолдық жауды жасқар.
Қазақтың сайып қыран батырлары,
Еш ерлік ерлігіне келмес астар.
Беттесе беті қайтпай құздан, мұздан,
Қасқая қарсы шауып қамал бұзған,
Атыңнан атам қазақ айналайын,
Ел көркі осылардай ұл туғызған.
Кен көлкіп, мал мыңғырған Қазақстан,
Жауына қаһар тігіп Күншығыстан.
Майданды еш уақыт тарықтырмас,
Марганец, молибден мен көмір, мыстан.
Әйгілі бар әлемге аты шулы,
Қазыналы Қазақстан қызыл тулы.
Болғанда ер майданда, майдан елде,
Ақынның қимылдайтын күні туды.
Шыңғысты шынтаққа алып шалқайғанда,
Көсілген сонау қиыр Алтайға да.
Екі арыс ел едіңдер Арғын, Найман,
Байлығың талай дастан айта алғанға.
Ертеде Абай сынды ұл туғызған,
Ел едің әруағыңа бас ұрғызған.
Келелі жиын тойда ақыл айтып,
Қазақты қадіріңе тік тұрғызған.
Соны ойлап терезесі тең ел ғой деп,
Арқадан ат терлетіп келгенде іздеп.
Нұрлыбек, Сапарғали қайдасыңдар,
Жөнелмей мына топта түптеп тербеп.
Нұрлыбек:
Шарықта, шалқы қиял асқарға асып,
Өр көңіл, өткір тілмен астарласып.
Орғытып ой өрісін ор текедей,
Селдетіп кетсін сөзден тасқын тасып.
Қара алтын, қалың қаймақ Қарағанды,
Алыппен алар кезде күш сынасып.
Ағытып жыр нөсерін, сөз бұлағын,
Алтыннан алқа тағып, маржан шашып.
Жырласақ ел байлығын, жердің құтын,
Таң қалсын тыңдаушысы аузын ашып.
Айтар жер, алқа әлеумет отырғанда,
Алайық жыр көрігін басып-басып.
Екі арыс егіз елдің жайын сөйлеп,
Көрейік көп алдында бір шайқасып.
Шендескен шеңберлі Алтай аспан көкпен,
Әлемге аты шулы даңқы кеткен.
Қара нұр, қалың нулы орманым бар,
Тауларым қойынынан алтын төккен.
Ертістен алтын астау аударылып,
Күн күліп, жағасына нұрын сепкен.
Құндағым алтын бесік анам Алтай,
Емізіп ақ төсінде еркелеткен,
Құмынан сапа алтынды күреп алып,
Тасына қатпар-қатпар гауһар шөккен.
Кереку, Өскемен мен Қарқаралы,
Енші алып егіз ұлым отау тіккен.
Артында орда иесі үлкен үймін,
Алдымда талай өрен тізе бүккен.
Суы бал, шөбі шүйгін, жері құтты,
Шыңғысқа Сарыарқада қай тау жеткен?