Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ерік пен Әселхан айтысы (1-бөлім)

Ерік Асқаров, Әселхан Қалыбекова · 2 мин оқу

Ерік:

Алдымен мен берейін елге сәлем,
Тізілген әділқазым – төрге сәлем!
Айтыста асуы жоқ, кешуі жоқ
Ақ сеңгір –
Әселхандай белге сәлем!

Әселхан, сен де бұлбұл, мен де бұлбұл,
Әніміз уайым болды-ау елге бұл бір.
Өзіңді Ерік інің «апайлайды»,
Біреулер түлен түртіп жеңге ғып жүр.

Шақырып Наурыз той жетеледі,
Көңілді көктем шіркін көтереді.
Түркістан тайқазаны қолда болса,
Көжесі бар қазаққа жетер еді.

Құт кетті, ол қазанда есе кетті,
Ақынсың, соған бір сөз десең етті.
Магнит толқыны көп Алматыда,
Әселхан, көктем қалай әсер етті?

Әселхан:

Алып ең ел-жұртыңның ақ алғысын,
Шабыт құс тағы қанат қағармысың?!
Елімнің мәртебесін биіктеткен,
Алматы, Алатауым, аманбысың?!

Есен бе, құрбы-құрдас, жалпы халық,
Ақын ба, қол соқпасқа халқы танып?!
Хал қалай, қатарласқан әріптесім,
Екеулеп жыр-өзенін шалқыталық.

Есеміз әр жерде де кетіп жүр ғой,
Кештеу боп парызымыз өтіп жүр ғой.
Ерікжан, айтпай-ақ қой сол қазанды,
Айтқаның бұдан басқа жетіп жүр ғой.

Ерік-ау, өлеңнен бір ырысымыз,
Асады біреуінен бір ісіміз.
Бұлбұл деп Көпбайларды айтады ғой,
Қопалдау, не де болса, ірі ісіміз.

Беремін жалғыз сұрақ бастамаға,
Көңілім саған деген – ақ шағала.
Қарқынды серпіліс бар біздің жақта,
Ерікжан, не боп жатыр астанада?

Ерік:

Салған соң жырындыға жырындыны,
Айтыстың туып тұр-ау бүгін күні.
Ел бізден өрескел сөз күте ме екен,
Котлет қылса екен деп бірін бірі.

Айтыста жалын аттық, гүл аттық қой,
Бауыр боп бір-бірімізді ұнаттық қой.
Ең үлкен жаңалығы Алматының –
Олжасты аман-есен құлаттық қой.

Ел ме едік ерлерінің құнын білер,
Батыраш боп алдық сүріндірер.
Сабаса Абайыңды надан қазақ,
Олжасты сабап жүр ғой «білімділер».

Құлашын кең дүниеге жайған адам,
Халқыңа көңілің қалды-ау, қайран ағам,
Қазаққа бұдан кейін өкпелеп көр,
Шоқанын аға сұлтан сайламаған.

Шырылдап отқа түскен халық үшін,
Ақыннан арылмайды-ау бәрібір сын.
Біреуге жақпады ма күрескені,
Атомның тоқтатам деп жарылысын.

Әселхан:

Гәп бар ғой сайланбаса дара мұнда,
Аз әлі жетілуі сананың да.
Топанын тоқыраудың сілкіп тастап,
Енуі оңай емес жаңаның да.

Қазақтың, бар әлімнің арман-мұңы
Олжастың тұнып тұр ғой қабағында.
Туса да азаматқа бақ сынар күн,
Дерт пе еді әр жыл сайын асқынар бұл?..
Қып-қысқа бұл ғұмырда неге-неге,
Жолдары болмайды екен жақсылардың?

Ерік:

Бірік деп қалың елге сайрап жүрем,
Құлжа ғып әр ағамды сайлап жүрем.
Бәрін де жақсы көрем өздерінің
Бастарың піспей қойды, қайдан білем?!

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз