Ерік пен Әселхан айтысы (2-бөлім)
Ерік Асқаров, Әселхан Қалыбекова · 2 мин оқу
Әселхан:
Адамбыз жақсылыққа жаны құштар,
Адам бар жерде бірақ жаңылыс бар.
Жатады жүрегімді дүрсілдетіп,
Сен айтқан Семейдегі жарылыстар.
Жау шапса бұрын бабам аңдайды екен,
Сасқанда жаннан қулық қалмайды екен.
Қазанның төңкерілген астында қап,
Бір бала бір ұрпақты жалғайды екен.
Көшіріп келген жаудан сақтанарсың,
Аянбай бар күшіңді ақтарарсың.
Газ, ауа, топырақпен енген дерттен,
Жаныңды қалай аман ап қаларсың?..
Ерік:
Қазақтың әз өнерін ту қылған жер,
Шалқыған ән мен күйі бір думан жер.
Тулақ боп бара жатыр Абай, Мұхтар,
Шәкәрім қажымызды тудырған жер.
Ешбір жер Шыңғыстауға жетпес еді,
Көтерді ұландарың көкке сені.
Тозаққа айналды ғой, тәуап қылар
Қазақтың Мәдине мен Меккесі еді.
Ұрпаққа жазар ма екен ержетуге,
Тазалық орнар ма екен жер бетінде?!
Бесігін шырылдаған сәбилердің,
Жерасты жарылыстар тербетуде.
Осындай біздің жағдай, көрдіңіз бе,
Өлім ғой күреспек енді бізге.
Банкіде «Неваданың» есебі бар,
Бір теңге жарнаңызды бердіңіз бе?
Әселхан:
Тарихты қазған сайын аршылуда,
Мезгілсіз дауыл жұтқан емендері.
Жүсіпбек, Ахмет, Мағжан, Шәкәріммен,
Халқымыз қандай биік, беделді еді?!
Тұрардай азаматтан айырылғанда,
Қи басты, қиқым терді төмендегі.
Қырық жыл қара киіп, жоқтау айтсам,
Шіркіндер қайта айналып келер ме еді?!
Ерік:
Ақынды ел намысы қоздырғасын,
Қалайша ашынып бір сөз қылмасын?!
Әселхан, біраз жайды ақтардық қой,
Ақталып жүрмейікші көп жылдасын.
Әселхан:
Ерікжан, сөз сөйлесің, кесек-кесек,
Өзіңдей жігіттер аз есептесек.
Кезіңде ызаланған кетесің ғой,
Қолыңмен қызыл шоқты көсеп-көсеп.
Ұмытты талай қазақ ана тілді,
Қалғандай домбырасыз дала түнгі.
Жалынға тастайсың ба демеді ешкім,
Жұлдыздай жарқыраған жанатыңды.
Баланы өзге тілде нанын тапқан,
Оқыды, жетілді деп еттік мақтан.
Сол бала жанымызды ұқпағанда,
Қасқырдай зар иледік қауып қақпан.
Дәрменсіз сыртта тұрып шуылдаймыз,
Есікті қайта аша алмай қатты жапқан.
Қазақша мектептерің жабылған-ды,
Газетке ол жайлы да жазылған-ды.
Қайтадан сол мектептер ашылды ма?
Қаулыны нақты іске асырды ма?
«Қазақ тіл неге керек?» дей салатын,
Даурықпа ағайындар басылды ма?
Ерік:
Өсер ел ауруын жасыра ма,
Оларды әлдебіреу басына ма?
Кесел боп сіңіп кеткен нигилистер,
Өлсе де Алматыда басыла ма?
Аз мектеп бар демейміз қалада біз,
Әрқайсысын бір жеңіске балағанбыз.
Жиырма бес мектеп ашты Алматыда,
Топырағың торқа болғыр,
Шона ағамыз!..
Әселхан:
Нәсіп боп кездестім ғой Ерікпенен,
Ініме тура өзіме еліктеген.
Суырылып шығып айтып Керекуде,
Жырыңмен жан-жүректі еріткен ең.
Өзгеден жақын тартып айтыстарда,
Тілеуші ем қайтуыңды жеңіспенен.
Ерік:
Құрмет қыл Әселхандай танымалға,
Жюриім, орында ойын қабыл ал да.
Әселхан сыйымыздан жаңылмадық,
Сыпайы бізден өткен табылар ма?
1989 жыл.