Қонысбай мен Ерік айтысы (1-бөлім)
Қонысбай Әбілов, Ерік Асқаров · 3 мин оқу
Қонысбай:
Қарадай жасқаншақтап батыл кісің,
Тырнағын тоқыраудың батырды шын.
Халқым-ау, наурыз көжең құтты болсын,
Ел болып өздеріңше жатырмысың?!
Өртейді бір өкініш өзегімді
Шетқақпай қылды екен деп неге бізді.
Наурызды дінге апарып шатастырып,
Қанша жыл кере қылдық көжемізді.
Қазір де жайымыз жоқ мақтанарлық,
Кезінде талай-талай артта қалдық.
Ұсталған 37-де атамыздай,
Әзерге тілімізді ақтап алдық.
Алатау – ақ жаулықты асыл анам,
Көргенде көңіл қалай тасымаған?!
Төсіңде бауырларым басын қосты,
Жан-жаққа тарыдай боп шашыраған.
Ерікжан, сыртқа салар айбарым-ай,
Түріңнен кетпеймін бе айналып-ай?!
Балама айырбастар бауырым ең,
Өзіңе қарсы салып қойғанын-ай.
Ерік:
Ассалаумағалейкүм, мен бастайын,
Жарқылда, қызыл тілім, алмастайын.
Құмарын қалың елдің бір қандырып,
Алдында жақсы ағаның ойқастайын.
Қонысбай, жөн білетін інің едім,
Жарасып, сыйластықпен жүріп едің.
Қонысбай әнге салып құбылтар деп,
Менің де түрлендірген түрім еді.
Сәлемін пайғамбардың бермей кеттің,
Аспанын астананың көрмей кеттің.
Өкпелеп қалдың ба, аға, қазағыңа,
Айтысқа бір жыл бойы келмей кеттің.
Көп сұрап сағындық қой ағаны біз,
Алдымен құтты болсын қадамыңыз.
Жабылған облыстан газет аштың,
Және де құтты болсын талабыңыз.
Азырақ сөзді бұрып сол жайына-ай,
Хадари-халімше мен толғайын-ай.
Күн туған бастарына тыныш күнде,
Па, шіркін, Маңғыстау мен Торғайым-ай.
Білмеймін қай басшының бүлдіргенін,
Ел жайы қиындап тұр бұл күндері.
Жапқанда қасиетті екі отауды,
Білмеймін кеңігенін кімнің жері.
Даламның ен дәулетін тонайын деп,
Құныққан аш қасқырдай «ағайын» көп.
Торғайды таратты ма тоз-тоз қылып,
Мұнайын Маңғыстаудың талайын деп.
Демегін көр-жерді інің не қылады,
Қызмет таппай қазақ қаңғырады.
Жабылған облыстан үлкен елдің
Ұлдары үлкен жерге барды бәрі.
Облыс болса егер қажетіңіз,
Ашынып ел алдында сөз етіңіз.
Ағасы, осы жайлы не жазуда,
Қол қойып отырған сіз газетіңіз?
Қонысбай:
Лықылдап кеудеге сөз кеп тұрғасын,
Мысымды талайлардан еттім басым.
Мақамың өзгеріпті, Ерік інім,
Халайық, сындырыңдар шөптің басын.
Ақындар жүрегінен күй ақтарар,
Халықтың еркетайы сияқты олар.
Мақамын Ерік мұндай құбылтқанда,
Бір әнмен айтқан маған ұят болар.
Ерікжан басқа әзіл таппады ма-ай,
Жаныма мына сөзі батқаны-ай.
Әлдилеп қолынан бір түсірмеген,
Халқыма өкпелеуден сақта, Құдай!
Сызылтып Кемпірбайдай сәнімменен,
Өлсем де асқақ әнге салып өлем.
Айтысқа өткен жолы келе алмадым,
Газеттің жаңа ашылған қамыменен.
Осынау өмірімді қызық еткен,
Өнерді биік қоям қызметтен.
Ақын деп таниды елі Қонысбайды,
Жүзі кеп, редактордың жүзі кеткен.
Демеймін Торғайымның топырағы,
Ерекше тоқырауда тоқырады.
Күде бір елім қалды-ау, ел басшысы
Төріңде министр боп отыр әні.
Тіліне қыздырманың ермеу керек,
Кінәні тек халықтан көрмеу керек.
Торғайым артқа тартқан болса бәрін,
Хатшысы неге жауап бермеу керек?
Мұндайды көріп жүрміз өмірімде,
Айтатын сөзім көп қой көңілімде.
Тізгілеп осы жайдың барлығын да,
Газеттің жазам әрбір нөмірінде.
Ерікжан кезек күтіп қалмасын да,
Өлеңін ағасының жалғасын да.
Көп болды аттың ізін салмағалы,
Айта отыр, не жаңалық Алматыда?
Ерік:
Сұраққа жауап таппай қаламыз ба?
Жабылды екі облысы даламызда.
Бірақ та секретарьлар кінәлі емес,
Барлық гәп Мәскеудегі ағамызда.
Талайдың қала жаздап табанында,
Бұл күнде ел болуға жарадың да.
Жабыла жаздады ғой Алматың да,
Хрущев пен Юсуповтың заманында.
Тарихтың көп сөйлерсің кәрі күйін,
Демегін жырлай айту бәрі қиын.
Қазақтан президент сайланбаса,
Е, халқым, хал-жағдайың әлі қиын.