Дүйсенбай мен Әзімбек айтысы (2-бөлім)
Дүйсенбай Жұмасейітов, Әзімбек Жанқұлиев · 2 мин оқу
Әзімбек айта берсе шабыт жетер,
Көңілі көп адамның қалып кетер.
Ақша жағын ініңе айта берме,
Милиция кеп біздерді алып кетер.
Ақын болсаң айтқайсың, жер байлығын,
Елдегі ер азамат қандайлығын.
Ініңнің қу қалтасын өлең қылмай,
Жырға қос ал, кәнеки, ел байлығын.
Жырымды мен отырмын ақтара алмай,
Бұл айтыс өнер еді мақтанардай.
Өлеңнің өрт өзегін жарып айтқын,
Ойларды, сары майдай сақтағанды-ай.
Дүйсенбай:
Ақын алып шығарған,
Талай мынау ортамыз.
Көтеруге бірақта,
Өздерінен қорқамыз.
Биіктесе біреуі,
Етегінен тартамыз.
Ақын ағам өзі де,
Жазды кеше ұқтырып.
Билік емес жүрекпен,
Елді сүю – мықтылық.
Елді сүйген ерлерге,
Қол соғайық тік тұрып.
Қолын соқты байқаймын,
Мынау ел де қолдайды.
Әзімбек-ау, жырлашы,
Бір кезекте сол жайлы.
Әзімбек:
Тереңнен теріп маржан жыр аламын,
Жырламай енді қалай тұра аламын.
Еркін бір тақырыпты өзің беріп,
Ағажан, қандай жақсы сынағаның.
Әнменен биіктесін нұрлы аспаным,
Ініңмен қандай жақсы сырласқаның.
Кей сөзге жауап бермей жатсам егер,
Өкпелер Ауғандағы құрдастарым.
Осындай үстем болсын мерейің де,
Сөз маржанын уыстап терейін бе?
Арқадағы ең жақсы ағам едің,
Тағы да кезегіңді берейін бе!
Дүйсенбай:
Ауғанды көп есіңе алмағайсың,
Еліңде бейбіт өмір жалғағайсың.
Қолыңда домбыраңды автомат деп,
Ал мені дұшпан ба деп қалмағайсың!
Әзімбек:
Сөз таппай мен несіне қарманамын,
Жақсы ғой қыран болып самғағаным.
Ағасы бүгін маған айып болар,
Ауғандағы досты еске алмағаным.
Ешқашан ұмытылмас мұндай деген,
Жүректе асау тайша тулайды өлең.
Ол жақта опат болған достарымды,
Өз басым өле-өлгенше жырлай берем.
Жақсымен жүрсек ылғи бір лекте біз,
Көбейер елден алған гүл дестеміз.
Ауғандық ардагер бұл ініңізге,
Ағатай, қатты кетпей құрметтеңіз.
Жақсы өлең тудыруға тырысыңыз,
Күш сынап балқысын жыр құрышыңыз.
Ел алдында ініңді төпелемей,
Былай қарай шыққан соң ұрысыңыз.
Дүйсенбай:
Тақырып – Ауғанстан ақындарға,
Ерлерді жамандауға хақым бар ма?
Өз елін қорғаса да мақтанбаған,
Бауыржан, Қасымменен Рақымжан да.
Шақырса Отан-Анаң тұрасың ба?
Барар едім мен дағы расын да.
Қалдырған боздақтарды жат жерінде,
Кешегі тоқыраудың кінәсі да.
Әзімбек:
Осымен кезегімді аяқтаймын,
Ағамды бет-алдына қаратпаймын.
Жезқазған даласынан шырқадыңыз,
Сырт жақтан сізге қарап алақтаймын.
Кей сөзден мынау інің тұсады ма?
Куәмін биік шыңға ұшарыңа.
«Наурызды» Алматыда үш күн тойлап,
Жеңгемнің оралыңыз құшағына.
Дүйсенбай:
Қуанып, Әзімбекжан, қайтып барам,
Жеңгең де жақсы тілек айтып қалған.
Әзімбек сахнада бата беріп,
Ағасын сыйлайды деп айтып барам.
Алматыға ақындар кеп қалды байып,
Айтысты айқай емес, сән қылайық.
Бар әлі бізден кейін отыз ақын,
Уақытты соларға да қалдырайық.
1989 жыл.