Аманжол мен Мұхамеджан айтысы (2-бөлім)
Аманжол Әлтаев, Мұхамеджан Тазабеков · 2 мин оқу
Кез қылдым Аманжолдай аяулы ұлды,
Өзіңе теңгерейін қай ақынды?
Қақпанға егер аяғым түсіп қалса,
Арлан құсап білмеспін аянуды.
Құдай берген бойымда намысым бар,
Шайнап тастап кетемін аяғымды.
Қолыма мен шиырып сақа алғанмын,
Алысқа мен де ауыр жүк апарғанмын.
Өркеші жығылатын мен емеспін,
Артына ілескен соң атандардың.
Жығылып қақпаныңда жатқанымша,
Жақсы ғой ақсақ қасқыр атанғаным.
Бұл сөзі Аманжолдың тұрлауындай,
Баталы сөз айтайық бұл қауымға-ай.
Өзің тұлпар, ал мені құнан қылдың,
Жүрісінен жорғаның бір жаңылмай.
Жалынды жас шағыңды аңсайсың-ау,
Оттарын өшірмеген түнгі ауылдай.
Оңай жұтам деп мені отырғанда,
Көмейге кептелмейін құм қауындай.
Шекең қызып бұл жерден сен кетпессің,
Шегірткеге таланған қырғауылдай.
Көпшілікке сөзім бар жағатұғын,
Жүректерге сіңеді ол ақырын.
Айтыстағы мен едім көк қаршыға,
Қанатынан көк дауыл соғатұғын.
Ал сіз, аға, қырансыз – қылыш қанат,
Қияларға қиналмай қонатұғын.
Қыран бірақ ешқашан ұмытпасын,
Қауіптің тек төменнен болатынын.
Аманжол:
Жұртым бар Алатауды жатқан құшып,
Жақсы іні сәлем берер аттан түсіп.
Бұл жолы Аманжолдан құтылмассың,
Кетпесең қанат бітіп аспанға ұшып.
Дәл бүгін ағаңнан мін таба алмассың,
Мен деген жарқылдаған ақ алмаспын.
Аяқты тістеп үзіп кетсең дағы,
Алысқа үш аяқпен бара алмассың.
Не жетсін шабыттанып боялғанға,
Не жетсін ақ таң көріп оянғанға.
Жалпылдап үш аяқпен арлан жүрсе,
Сыртынан мазақ қылар қояндар да.
Мәреңде жамандарды жұп қылмайды,
Арзан сөз бұл ағаңды ықтырмайды.
Елімнің жолбарыстай жігіті едім,
Шаққаны шегірткенің түк болмайды.
Ағаң да тегін әнге салмас білем,
Шабыстан дүбір сайын танбас білем.
Әр уақытта жолын білген азаматқа,
Жорықта жалғыз Алла жолдас білем.
Төркінін осы сөздің жақсы түсін,
Жақсыны төмен жақтан шалмас білем.
Жырымды қазынаға құйып келгем,
Сөзіне жақсылардың ұйып келгем.
Төрінен Алатаудың үміттеніп,
Көлеңке-күдіктерді тыйып келгем.
Үкілеп алтын Арқа жіберген соң,
«Алла!» деп шабытымды жиып келгем.
Төменнен дәме күтіп не қыласың,
Көрінген дұрыс, інім, биіктерден.
Мұхамеджан:
Менімен айтысуға мамандансаң,
Сыйлап тұрған жоқпын ба, ағам болсаң?
Тартыспай-ақ сыбағаңды берер едім,
Өзіндік биігіңді табанда алсаң.
Қақпан құрып қанымды ағызғанша,
Жақсы емес пе шалып қап аман қалсаң?
Сөзін тыңда, Аманжол, сәнді ұлыңның,
Иесі Алла болар тағдырыңның.
Төменнен неге нәсіп мен күтпейін,
Жерден нәр ап бекіген әр буыным.
Күн сәулесі шыңға ерте түскенменен,
Етегіне сыйлайды бар жылуын.
Сен едің айтыстағы ақ бөкенім,
Мен бүгін қадамыңды бапты етемін.
Ізетті інің болып көтерейін,
Сыйластықтың білген соң тәтті екенін.
Жеңемін деп желпініп отырсың-ау,
Сезетіндей жарыстың сәтті өтерін.
Баяғының қайда екен ағалары,
Інісінің ұлғайтқан бақ-мекенін.
Кіндіктен өнген ұлын жолға тастап,
Атасы бір інісін ап кететін.
Басатын шыңға талай қадам болмай,
Болмайды сөз өнерге маманданбай.
Қылығы қыздан зият ағам едің,
Бір қарасаң қырық қыз таранғандай.
Айтыс сайын келесің арқаланып,
Барынша бауырыңнан жаранғандай.
Сәкен сәндес ұл едің сынық мінез,
Сыпайы сыйласуға жаралғандай.