Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Аманжол мен Мұхамеджан айтысы (3-бөлім)

Аманжол Әлтаев, Мұхамеджан Тазабеков · 2 мин оқу

Әйтпесе, біздің қазақ қырық пышақ,
Ұрпағында секілді үмітті шақ.
Құшақтасып отырып сырласады,
Бір-бірінің аяғын күліп, тұсап.
Әрқайсысы өз дәрежесін салмақтайды,
Табаққа сап тартылған жілік құсап.
Сонда да үміті елдің сөнер емес,
Түп жағы жылтылдаған білік құсап.

Етекте елеңдейді көп құлағы,
Қарапайым халықтан жоқ қырағы.
Биікте тақ таласы боп жатқанда,
Қоғамның басылмайды көк тұманы.
Қазаншының қақпасын толтырам деп,
Талайлардың тағдырын доп қылады.
Бірінің отын кейде бірі көсеп,
Ерлердің көкейінде кек тұнады.
Көш бастар көсемдерден гөрі бүгін,
Көсеулер көбейгендей боп тұрады.

Сөйлеші ал, Аманжол, самалдатып,
Кетпесін менің тізем саған батып.
Айтыстың ажары жас болғаннан соң,
Өткізейік айшықпен амалдатып.
Сый табағын ұсыншы сыйластықтың,
Қара өлеңнің сирағын маған тартып.

Аманжол:

Бауырым, көңіліңе наз қонды ма?
Жырыңның айдынына қаз қонды ма?
Тағы да дәмеленіп сен отырсың,
Жамбылда жол бергенім аз болды ма?

Жарасады ұлына құлан десең,
Айтылған айбарлы елге ұран десем.
Мен сені айдалаға тастамас ем,
Ағаңды қақпан демей қыран десең!

Шұғыласын көрген ұлсың дара таңның,
Айбатың қылышындай Қараханның.
Соншама неге інім терлеп кеттің,
Төрінде отырғандай Арасанның.

Кешегі Бұхарлардың жалғасы мен,
Кешегі Қасымдардың арнасы мен.
Ініге сирақ беріп не қылайын,
Жырымды ұсынамын жамбасымен.

Төрінде біз отырмыз бір елестің,
Төрінде біз отырмыз дүр егестің.
Жырымды татар болсаң жамбастан тат,
Бауырым, сирақ жейтін құл емессің.

Жарасар Аманжолмен кеңескенің,
Жарасар ескегіңді тең ескенің.
Өлеңнің сүбесінен тоя жеші,
Баласы бәйбішенің емес пе едің?

Мұхамеджан:

Тер емес, көңілімнен көлді шашам,
Айтыста есті сөзбен езді басам.
Бәйбішенің баласы болсам рас,
Төле би атам құсап төрді басам.
Жамбас берер ағам болсаң, Аманжол-ау,
Жол сұрамай, қайтеді, жөн сұрасаң?

Сен бе едің келешекте дара тұлға,
Қайрат-күш қонақтайтын қанатында.
Кешегі Сүйінбай мен Жанақтар да,
Жақсының болмаған жас санатында.
Сыйлаймын деп сыбағаңды тартып отсың,
Осылай жастық шақтың тор атына.
Қызыл сөзді қайтеміз соза беріп,
Қысыр сиыр бұзаулап қалатындай.

Танытқан айтысқанда өз қабағын,
Бозторғайы секілді боз даланың.
Атақты Абайлар мен Қасымдар да,
Тіліне тиек еткен өз заманын.
Болашағын елімнің ойлап кейде,
Боз жусандай теңселген бозбаламын.

Сөйлейік жүректердің сыртын жамап,
Ұлына отырған соң ұлтым қарап.
Аузына ешкім келіп су тамызбас,
Жұлдызға жатқанменен жұртым қарап.
Қой күзеткен төбеттер тойған заман,
Үйден шыққан мысықтың мұртын жалап.

Мен де айтыста, Аманжол, қаршығамын,
Дей алман табаныңда жаншыламын.
Болашақтың кемеңгері біз емес пе,
Тағдыр алдан тартатын сан сұрағын.
Шынашақтай ініңнен жол сұрамай,
Одан да туған елден хал сұрағын.

Аманжол:

Алынбас Шыңғыс қорған қамалдаймын,
Арқадан қол бұлғаған сағымдаймын.
Қызық қуған халықты шаттандырған,
Мен деген бүгін Иран бағындаймын.

Кеудемде қайрат жалын лықсып ақса,
Қалайша ағыл-тегіл ағылмаймын?
Дүбірді бұзып-жарып үйренгенмін,
Жол бер деп саған, інім, жалынбаймын.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз