Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Аманжол мен Мұхамеджан айтысы (4-бөлім)

Аманжол Әлтаев, Мұхамеджан Тазабеков · 2 мин оқу

Аманжол сауық-сайран құрғандай-ақ,
Сөйлейін сөйле десең бұлданбай-ақ.
Өзіңе жолдың жайын тілеп кеттің,
Жеңістің кілті сенде тұрғандай-ақ,

Не жетсін аққу қаздай қамданғанға,
Алашқа асқарлы оймен жалданғанға.
Бауырым, құлақ бітеп тұрып па едің,
Дәл жаңа қалың елге толғанғанда.

Сөйлейін ағаң болып жүрекпенен,
Ақын ек сөз қадірін жүдетпеген.
Ақынның ақындығы болмас білем,
Кешегі Сүйінбайдай үдетпеген.
Ел жайлы біраз жайды айтып едім,
Дәл жаңа айтысқанда Жібекпенен.

Мен-дағы толастамас дауылыңмын,
Мен көрдім ғажайыбын ауылыңның.
Астында ұзақ шыдап тұра алмаспын,
Төгілген ағыл-тегіл жауыныңның.
Тағы да сен «айт» десең мен айтайын,
Бүгінгі жағдайын мен ауылыңның.

Жазық деп жүрген жолым жар секілді,
Шаттық деп күлген күлкім зар секілді.
Төмендеп күннен күнге барады ауыл,
Жапырағы түсіп жатқан тал секілді.
Әлемнің көшін бастар күн туар ма,
Керуенді жол бастаған нар секілді.
Есігін жаңа ғасыр ашқаннан соң,
Білмеймін, бір жақсылық бар секілді.
Дегенмен, ескерусіз жатыр ауыл,
Баласы тастап кеткен шал секілді.

Ұтылмас өз сөзінен қазір ағаң,
Сөйлейді тереңнен ой қазып ағаң.
Қиындық ел басына төніп тұрса,
Жанын да пида етуге әзір ағаң.

Ал, енді жолға түсіп аяңдаймын,
Қасыңа ақын інім, аялдаймын.
Жұртыма өткен күннің шежіресін,
Кешегі қарт Бұхарша баяндаймын.
Елімнің баласы боп туғаннан соң,
Ел үшін ештеңеден аянбаймын.

Мұхамеджан:

Қазақтың жолы талай иректелді,
Идеология терідей илеп келді.
Ауылдағы ел енжар деп кінә артпаймын,
Себебі, оны саясат сүйреткен-ді.
Жетпіс жыл жаншығандар жалпы жұртты,
Өзінше ойланбауға үйреткен-ді.
Қиын ғой көлге бірден көндіктіру,
Қолдан жем жеп үйренген үйректерді.

Бел берсін қайыспайтын қайран нарға,
Өмір деген бітіспес майдан барда.
Атандардың өркеші жығылған соң,
Тайлақтарда шама жоқ тайраңдарға.
Ауылдан жұрт үдере көшкені рас,
Не таппақ ен далаға байланғанда,
Меккеде жағдай болмай, қыспақ көріп,
Мәдинаға көшіпті Пайғамбар да.
Пайда тауып ауылда жатпаған соң,
Пайғамбардан асырар айлаң бар ма?

Көбейсін еңсеңді елім көтерген ұл,
Қайтемін уайым қып бекерге құр.
Нұрлы жолға халықты салсам деген,
Нұрағамның ниеті көкейде жүр.
Заманға сай бір қызмет атқарам деп,
Заңды ойлармен Заманбек көкем де жүр.
Шекесіне шертіп-ақ сайлап алған,
Шенеуніктер шыр бітіп шетелде жүр.
Аяғы сау, басы аман кейбіреулер,
Кең кебісін кие алмай бекерге жүр.

Кешегі ғұмырлы Ғұн, Сақ бабамның,
Қасиетін қазақтай сақтаған кім?
Күлтегіннің жырларын тастан оқып,
Тоныкөктің толғауын жаттағанмын.
Айдаһар мен арыстан арасынан,
Ұлан ғайыр даланы сақтаған кім?
Одақтың ошағының шоғын басып,
Желтоқсанда табанға таптаған кім?
Бабалардың еске алып батырлығын,
Мына күн перзенттік сыр ақтарар күн.
Дарқандығы даламның қанға сіңіп,
Қазақ болып туғаныма мақтанамын.

Заманды жеңе алмаспын зарлап айтып,
Қарқылдап құтылмаспыз қарғаны атып.
Байқайық баста тұрған бағымызды,
Балағың жүрмесе де балға батып.
Намыс барда нарықтан өткен абзал,
Қыс секілді келгенмен қар боратып.
Ширайды шымырланып, шынығады,
Қыранның жұмыртқасы қарда жатып.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз