Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Аманжол мен Мұхамеджан айтысы (6-бөлім)

Аманжол Әлтаев, Мұхамеджан Тазабеков · 3 мин оқу

Ел едік көңілі – шай, еттері – май,
Ежелден кедейі көп, бектері бай.
Өзіңнің өзегіңе тамбай тұрып,
Өзен болып ақпасын шетке мұнай.
Мамыражай отырсаң май кекіріп,
Айтпаған болар едім текке былай.
Күлден үйің, құбылмалы биің барда,
Біздерге өзгелердің өктемін-ай.
Тірлікте тілерім сол қазағымды,
Қыспасын жерде қытай, көкте Құдай.

Аманжол:

Жол шеккен Нұх пайғамбар көк кемемен,
Ақынмын іні сөзін кектемеген.
Деп айттың қазағымның кейбір байы,
Сарайын салып жатыр Көктөбеден.
Өнер менен ғылымын ысырып тастап,
Ақшамен бар адамзат көктемеген.

Мен ұштым ақ сұңқардай самғай бекем,
Биіктен тұғырымды таңдай кетем.
Толғанған ел алдында Асандарша,
Өзім де өнерімді жалғай кетем.
Шетелдің шыныменен жаны ашыса,
Даламнан бір-бір завод салмай ма екен?

Озбассың атан мініп желсең-дағы,
Мәнін айт сөздерімнің терсең-дағы.
Өзіңді жалғыз тастап кетпес едім,
Жолыңды інілікпен берсең-дағы.
Бұл жолы Аманжолды жеңу қиын,
Айналып Алатауды келсең-дағы.

Байқасам, Алатауда үнің дара,
Жайқалып өскен едік бүгін дара.
Сүйінбай мен Жамбылға еліктейсің,
Байқасам, өнердегі сырың дара.
Бұл жолы жол бермеймін деп сөйлейді,
Шіркіннің батырсынған түрін қара!

Бір ойым бір ойыма ұласқандай,
Жүйріктер топты жарып қыр асқандай.
Мықтының мықтылығын ел біледі,
Қояйық, мен озам деп тыраштанбай.

Жақсыға ағаң сені балап жатыр,
Кекілін кері бестінің тарап жатыр.
Мен озам, мен озам деп менменсінбей,
Халықты риза қылсақ жарап жатыр.

Мұхамеджан:

Ақындық жүрек пенен сезім барда,
Төс табаны төрт елі төзім барда.
Ініңнің түрін қарап не қыласың,
Әбілхаят суындай сөзін қара.
Қырғидай мына інің риза болмас,
Қырандай жібермесең көзіңді алға.

Ошақтай бүгін маздап жанамыз ба,
Ағайын, біз қалмайық табаңызға.
Кең көсіліп, көркемдеп сөйлегесін,
Бапталған қымыздаймыз сабаңызда.
Мәртебелі мұндай тойлар көп өтсінші,
Қарауылдай қадірлі қаламызда.
Құлжаның сақасындай қолға сыймас,
Аманжолдар көбейсін арамызда.

Екеуміз сыйластықпен қала білсек,
Риза болар атамыз, анамыз да.
Біз енді орнымыздан қозғалайық,
Көшпелі болған ата-бабамыз да.

Аманжол:

Жақсылық азаматты ер етеді,
Жомарттық етек-жеңін кең етеді.
Күндес боп бір-біріне аяқ шалмай,
Сыйлас боп өткеніңе не жетеді?

Ойыма талай сөздер оралады,
Арзан сөз құмға сіңіп жоғалады.
Халықтың ақ батасын алғаннан соң,
Аманжол «ақ жолтайлап» жол алады.
Ұлдарың бір-біріне қақпан қойса,
Қалайша мына қазақ оңалады?

Қалмайын дұшпандардың балтасында,
Сыр тұрған Алатаудың жартасында.
Біздердей жақсы бала жетіледі,
Мына отырған алаштың ортасында.
Халықтың халықтығы болмай ма екен,
Бірлік сүйген ұлыңның арқасында.

Нәр алған Аманжолдың шашуынан,
Екпінін көр көк теңіздің тасуынан.
Сен айтқан ағыл-тегіл жерде қытай,
Аспасын Алатаудың асуынан.

Шабытсыз жыр-қазынаң ашылмайды,
Шабытсыз өлең шашу шашылмайды.
Ел үшін белін буған талапты ақын,
Ел үшін іште сырын жасырмайды.
Қазақтай қабырғалы халық барда,
Ешкім де енді оны басынбайды.

Мәуелі бәйтеректей жайқаламыз,
Бабаның аманатын айта аламыз.
Сумаңдап келген дұшпан болып жатса,
Басына ақ құюмен қайтарамыз.
Елімнің татулығы аман болса,
Енді біз барыс елге айналамыз.

Мұхамеджан:

Аманжол, болған соң бұл тартымды шақ,
Соңғы сөз аяқтайтын салтың құсап.
Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би,
Тарихта қалады сол алтын құсап.
Солардың саналы ісін жалғай білсек,
Болашақ бізге жаяр жарқын құшақ.
Мұхамеджан, Аманжолдар талай туар,
Ағайын, аман болсаң алтын құрсақ!

Аманжол:

Ұлың бір өр халықтың ұлысына,
Бас көтер жалпақ жердің бұрышына.
Шығыстан қара қытай қаптаса да,
Аспаған Қабанбайдың қылышынан.

Мұхамеджан:

Аманжол, сөз аяқтар қызар кезде,
Көңілі көкжиекке құлар кезде.
Бір Қабанбай бар қазаққа тұтқа болмас,
Дақ түсірме сен талай Құлагерге.
Ал, енді орнымыздан біз тұрайық,
Шырайлы күндей болып шығар елге.
Ұзағынан қоштасып кеттік біздер,
Ұзатылар қыздай боп ұзақ жерге.

Аманжол:

Қалмайын қиянаттың қолқасында,
Үлесің бөлек болар әр ғасырда.
Тағдыры бір халықтың аман қалар,
Айбынды бір батырдың арқасында.

1997 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз