Аманжол мен Жібек айтысы (4-бөлім)
Аманжол Әлтаев, Жібек Болтанова · 3 мин оқу
Аманжол:
Сұлусың тереңнен сыр шертетіндей,
Бір сөзің бір ғасырға жететіндей.
Жібектің бес саусағы тимеген соң,
Шытынап шыны құман кететіндей.
Қазақтың таныса да затын ғалам,
Жоқтықтан үрейленіп жатыр далам.
Шегірден қалғаныңды шетел алды,
Жұртым-ау, неміз қалды сатылмаған?!
Бірі кеп сатып алды теміріңді,
Бірі кеп сатып алды көміріңді.
Барасың Қазақ елі қайда кетіп,
Өзгеге жетектетіп өміріңді.
Халықты қағып қойып арқасынан,
Жатқысы келеді әркім шалқасынан.
Шетелден келіп жатқан инвестиция
Аспайды шенділердің қалтасынан.
Нар болып көш бастасын бозтайлағың,
Көтеріп көкке биік көк байрағын.
Түбінде қазақ мықты бола алмайды,
Жарқырап шықпайынша өз байларың.
Жері бай ел болсаң да, даласы тоқ,
Қалтаңа басқан пұлдың бағасы жоқ.
Шенділер шетелдерде емделеді,
Ауылдың дәрі алатын шамасы жоқ.
Елімнің бірлік еді таңдағаны,
Баспасын қара түнек паң даланы.
Көп болды ауылдағы оқырмандар
Қолына газет-журнал алмағалы.
Өтсе де замананың ақтабаны,
Өмірдің жұмбақ болды мақтағаны.
Көп болды ауылдағы дархан халық,
Қуатын электрдің жақпағалы.
Сөйлейтін тереңінен оқталғансын,
Керуені өр Алаштың тоқталмасын.
Ашқаны қарынының оқасы жоқ,
Рухани ашаршылық боп қалмасын!
Жібек:
Бір заман қыздарының арын жұтып,
Бір заман халқымыздың зарын жұтып,
Кешегі желтоқсан да кетпеді ме,
Желбіреген жастардың қанын жұтып.
Замандар ала құйын өтіп жатыр,
Әйтеуір шоқ түсіріп, жалын жұтып!
Бұйрықтан адам әсте аса алмайды,
Бұйрықсыз аяғын да баса алмайды.
Әйтеуір жоңғар шапты, қалмақ шапты,
Арылды басымыздан қашан қайғы?!
Таба алмай жерұйықтай жұмақ мекен
Өтті ғой күңіреніп Асанқайғы.
Кім қарсы тұра алады келген оққа,
Әр заман өз пендесін жеңген жоқ па?
Жәңгірден жылу таппай Махамбет те,
Соңынан Исатайдың ерген жоқ па?
Жалғаннан жан таба алмай сырласатын
Қоштасып қызғыш құспен өлген жоқ па!
Бозторғай туған жерде самғайды ма,
Бедесін, бетегесін таңдайды ма.
Жайықтың жаны жайсаң қариялары,
Өлеңді құйып берген таңдайыма.
Қазағым дін аман боп жүріңдерші,
Мойымай қиындықтың қандайына.
Сендердің табаныңа кірген шөңге,
Қадалсын менің мына маңдайыма!
Аманжол:
Қазағым, қайда жүрсең қасымдасың,
Сен барда серт – бастан сөз асырмасым.
Қазаққа бақыт қонар деп тілейін,
Есігі жас ғасырдың ашылғансын!
Сөзіңді қалың қараш ұғар деймін,
Бойыңа киелі өнер жұғар деймін.
Намысы, жігері жоқ жасық бала,
Жеткенде сырттан дұшпан бұғар деймін.
Қазағым бірлікпенен қадам басса,
Жерұйық алдымыздан шығар деймін.
Қорғаның бекем болар бегің барда,
Үмітің алып шығар сенімді алға.
Шөңгелер маңдайыңа қадалмайды,
Мен барда, қазақ деген елің барда.
Жібек:
Домбыра күйге келер бұрағасын,
Жас шығар соқыр көзден бұлағасын.
Елімнің шаңырағы биік болып,
Ішінде жас сәбилер жыламасын.
Жәнібек, Керей хандар салып кеткен,
Ордасы қазағымның құламасын.
Қыз едім үлкендерден сый алатын,
Өлеңді артық кетпей, тыя алатын.
Аманжол, ардақтаған ағам едің,
Алдыңды кесуге де ұялатын.
Көбірек мақтағанмен қарындасты,
Бәйгені түрің жоқ қой қия алатын.
Аманжол:
Мен жалғыз қарындассыз қыр асам ба,
Аруға бақ тіледім құба таңда.
Жібек қыз, бір басыңа қияр едім,
Арқаның тең жартысын сұрасаң да.
Жібек:
Атымтай ер болған жоқ атақ үшін,
Ақтардай азамат ең ата күшін.
Шынымен Сарыарқаның тең жартысын,
Қиналамай бір қыз үшін сатамысың?!
Аманжол:
Көңілінде бұла қыздың шер болар ма,
Мырзалық танытпаса ер болар ма,
Еркелеп ел шетіне сұлу келсе,
Бір шетін бөле алмаса, ел болар ма?
Жібек қыз, көзімді анық байлауыңа,
Ризамын сандуғаштай сайрауыңа.
Арқаның құлан жортқан құба белі,
Айналсын Жібек қыздың жайлауына!
1997 жыл.