Аманжол мен Мұхамеджан айтысы (1-бөлім)
Аманжол Әлтаев, Мұхамеджан Тазабеков · 2 мин оқу
Аманжол:
Батасы қабыл болғай байтақ елдің,
Сөзі бар алашына айтар ердің.
Мәреден сәт тілеген асыл халқым,
«Ақ жол» деп алдарыңа қайта келдім.
Ағайын, дарыныңды бағалап көр,
Көрмесін текті сөздің жағалап көр.
Ханға да ақыл айтқан қараша едің,
Кім озып, кім қалғанын саралап көр.
Ұл болып қазақ деген жалынды елге,
Ағаң ем соқпақ салған сағым белге.
Өнердің додасына қатар түскен,
Бір сәлем Мұхамеджан дарынды ерге.
Байқаймын, белің бекем буылғандай,
Ұл едің тұғырлы елде туылғандай.
Керіліп хас тұлпарлар бір көсілсе,
Жарқылдап жердің бетін қуырғандай.
Дұрыстап айтысайық енді інім,
Қынаптан алдаспанды суырғандай.
Сен келдің бұл айтысқа «ағаласып»,
Көрмейік қос жүректі жараласып.
Өнердің додасына мен қосылдым,
Арқадан қадамымды дара басып.
Екеуміз бір қазақтың баласымыз,
Сондықтан, отырмайық табаласып.
Дәмесі таудай болған інім едің,
Көр енді Аманжолмен жағаласып.
Доданың биігінде табысып көр,
Дарияның толқынында ағысып көр.
Бел буған ұлы өнерге ағаң едім,
Ал, енді қамшы басып жарысып көр.
Мұхамеджан:
Жаратқан сөз береді жақ бергенге,
Қасқайып ой айтсын деп қақ төрлерде.
Құлақ түр, айтыс құмар аяулылар,
Құмарыңды қандырар сәт келгенде.
Тыпыршып, тақым қыспай тұра алмайсың,
Жүйрік ақын менен ат көргенде.
Біздердей айтушыда арман бар ма,
Сіздердей тыңдаушыға тап келгенде.
Есті ақын ескі жолды шиырламас,
Біз едік сыйластықтың сыйына мас.
Шелек толы шекердей сөздерім бар,
Салмағынан майысар иін ағаш.
Айтары көп, Аманжол, аманбысың,
Дүбіріңе көз тіккен дүйім алаш.
Жапырақтай жыр төксін жан-жағына,
Жар басында жайқалған биік ағаш.
Көрінеді айтыс та көкпар құсап,
Түсірер азаматсың аттан қышап.
Әріптеске әдемі көз тастайсың,
Таққа жаңа отырған шаһтар құсап.
Түпкі ойың түріңнен еш байқалмайды,
Қар астында құрылған қақпан құсап.
Айтыстың арғымағы алқынбаған,
Бас қойып, мейірі қанса бал тұнбадан.
Жүйесіз сөз иесін ұятты қылар,
Киіздей шала пісіп қарпылмаған.
Жаман-жәутік жігіттің бірі емессің,
Салды балақ қарғадай салпылдаған.
Сабы алтын, сағағы жез семсер болсаң,
Жүзіңді жұртқа көрсет жарқылдаған.
Балдай еріп ал енді тыңдайықшы,
Қандай сөз туады екен нар тұлғадан?
Аманжол:
Тегім бар түбі текті Тұрандайын,
Алдында «Ақжолтайлап» ұрандайын.
Інімнің қалысатын түрі жоқ қой,
Тұлпармен жағаласқан құнандайын.
Бауырым, арзан сөзді дау етпессің,
Әрине, Аманжолды жау етпессің.
Ұсталған ши ішінде қасқыр құсап,
Бауырым, сол қақпаннан сау кетпессің.
Ағаңды өнерімнің досы деп біл,
Сөзімді көңілімнің қошы деп біл.
Жер бетінде жүретін пенде болсаң,
Ұсталған жерім менің осы деп біл.
Көріп ем талай жерде айбатыңды,
Жақсы ақын белін буып, айға атылды.
Қазақ деген халықтың ортасында,
Бұлбұлдай талай текті сайратылды.
Шын ақын екендігің рас болса,
Ал, енді көрсетіп бақ қайратыңды.
Ұлы едім Сарыарқадай дөң-белестің,
Әрине, ешкімнен де кем емеспін.
Өнердің соқпағында келе жатып,
Әркімнің бір сөккенін елемеспін.
Сондықтан, шабытыңды шақыр інім,
Бұл жолы жол беретін мен емеспін.
Мұхамеджан: