Аманжол мен Жібек айтысы (3-бөлім)
Аманжол Әлтаев, Жібек Болтанова · 2 мин оқу
Көздері жігіттердің көп түскесін,
Сүттің де дәмі кетер көп піскенсін.
Оң жақта омалып көп отырмадым,
Қып-қызыл жүрегіме шоқ түскесін.
Келін бе ерте тұрып, жай жатпаған,
Шоқ салып самаурынға қайнатпаған.
Қолыма шелек ала жүгіремін,
Бұзауды байлап қойып ойнақтаған.
Қолымда бірде кесе, бірде қалам,
Шайымды кім ішпейді қаймақтаған.
Ағажан, басқан ізім білінбейді,
Қазандық әуенімен уілдейді.
Қолымнан шәй ішеді үлен-кіші,
Тасқұман мені көрсе күлімдейді.
Қолымнан түспеген соң сыпырғыш та,
Таянсам босаға да дірілдейді.
Теріні ширықтырар иі дейді ғой,
Қыздарды қырық үйден тый дейді ғой.
Табаға салған кезде бауырсағым,
Қосылып маймен бірге билейді ғой.
Содан соң секіргенде табағымда,
Ішінде біреуі де күймейді ғой.
Көңілін алғанымның табамын деп,
Әйтеуір шабамын кеп, шабамын кеп.
Ертемен шай құюға асығамын,
Атамның батиқасын аламын деп.
Аманжол:
Куәмін қыз сандығы ашылғанға,
Намысым биік еді басымнан да.
Қасқайып хан ұлындай мен тұрайын,
Жібек қыз мойыныма асылғанда.
Шығайын асуына биіктердің,
Арманы сол емес пе сүйікті ердің.
Абайдай оң қолымды ұсынайын,
Тоғжан боп бір кесе шай құйып бергін.
Білемін батыстағы тұрағыңды,
Білемін Ақжайықтай бұлағыңды.
Мінеки, Алатауға бүгін жақтың,
Жібек қыз, өнердегі шырағыңды.
Жігіт боп сырлы кесе мен тосайын,
Жібек-ау, қолыңа алшы құманыңды.
Жібек:
Жаңа айттым: ерте тұрып, жай жатамын,
Ас үйде өнерімді байқатамын.
Шайын сен сахнаның не ғыласың,
Үйіме келсең, аға, қайнатамын.
Сөзіне қарындастың сенбеймісің,
Өзің біл, терлеймісің, тергеймісің
Жайыққа қонақ болып келіп-кетіп,
От жаққан жерімді, аға, көрмеймісің?
Болмаса аю басқан тас құлағың,
Өзіңді бір Аллаға тапсырамын.
Қыздырып Дина әжемнің күйлеріне,
Мұхиттың әндеріне мас қыламын.
Ұсынып қайта-қайта ой табағын,
Қонағым көңілденсе жай табамын.
Махамбеттей өзіңе қайрат беріп,
Сырымдай шешен етіп қайтарамын.
Көрген мен білгеніңді байыптағасын,
Өзің-ақ өнерімнің айт бағасын.
Ал, енді, мына халық не дер бізге,
Ел жайлы бір ауыз сөз айтпағасын?
Заманнан түңілмелік, суынбалық,
Біз де сол уақыттан туындадық.
Адам ата, Хауа ана жаралғалы
Қойдан қоңыр емес пе біздің халық?
Атымтай жомарт сынды қазағымды
Қыспаққа алып отыр бүгін нарық.
Замана түлкі болып құбылғанмен,
Біз сірә тазы болып туылмадық.
Қайтеміз қайта-қайта шулап енді,
Қалайша Абай, Мұхтар тумақ енді?
Төсінде құс сайраған, мал айдаған,
Тулақтай тоздырдық па туған жерді.
Кей кезде Алдаркөсе секілденіп,
Болуға Қожанасыр тура келді.
Кездесіп қиындықтың орманына,
Қазағым тағы батты сорға мына.
Бір кезде Жәнібекке Асанқайғы,
Көл бедері кетер деп болжады ма?
Бір кезде Абылайға Бұқар жырау,
Бетке айтып елдің жайын толғады ма?
Қаңғыған бұл заманда көше кезіп,
Адам мен ит тағдырлас болғаны ма?
Жұлдыздар жанар шақта жана алмай жүр,
Табаны тиген тұлпар шаба алмай жүр.
«Адам басы – Алланың добы» деген,
Кей бастар өз иығын таба алмай жүр.
Сырын біз тыныштықтың ұғамыз ба,
Бұлақтай бастауынан тұнамыз ба?
Бұл кезде тіл сайрамай, пұл сайраған,
Болашақ ұрпақ сенбес бұл аңызға.
Ішінен «Мың бір түннің» нарық деген,
Адам боп, не пері боп шығамыз да!