Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Серік пен Мұхамеджан айтысы (6-бөлім)

Серік Құсанбаев, Мұхамеджан Тазабеков · 2 мин оқу

Басқалары ие болып бастамаға,
Ұшырап қап жүрмейік масқараға.
Қазығын Сарыарқаға қадаған соң,
Қазақ қарық болса екен баспанаға.
«Көш жүре түзеледі, – деп жатырмыз,
Бір-ақ жыл толды емес пе Астанаға.
Әйтпесе үй біткеннің алды әдемі,
Ал арты баяғыша басқа қала.
Көшенің көркін ашып тұр әйтеуір,
Кекіл қойып қойғандай жас балаға.

Серік:

Ат-шапан сұрамаймын айыбыңа,
Ортақ бол Іле, Ертіс, Жайығыма.
Аруақты аталы жыр қор болмасын,
Сөз ұқпас ауызы қисық бай ұлына.
Амалсыз ақ кемені армандайсың,
Ескегің болмай тұрып қайығыңа.
Айтсаң да қандай сөзді сахнадан,
Барып ал алдыменен байыбына.

Мынау ел ақиқатты мақұлдаған,
Жат емес, жан бауырым, затың маған.
Халқыңды қуанта бер асыл жырмен,
Талмасын бал таңдайың тақылдаған.
Сыйластық арасына сына қақпай,
Өлеңді ұсынайық лапылдаған.
Алаштың ынтымағын жырлап өткен,
Сұңғыла Сүйінбайдай ақын бабаң.

Қазақтың сөз қылдың да Астанасын,
Кекілді еске салдың жас баласын.
Сен енді сөзді әрі жалғар болсаң,
Шығарасың Нұрағаңның масқарасын.

Жыр болып, жалын атып лаула дейміз,
Осы бір бағытыңнан аума дейміз.
Кешегі Жамбыл, Иса, Сүйінбайдың,
Жастарға жалын жырын жалға дейміз.
Бір күнде шашсыз дағы күн кешіп ек,
Бүл күнде кекілге де тәуба дейміз.

Отырмын өлең төгіп қасыңызда,
Баянды бақыт болсын басымызда.
Алаштың ынтымағы ыдырамай,
Өрге өрлей берсін деймін тасымыз да.
Бірлігі мықты болса бұл халықтың,
Кетеді үркіп бізден қасымыз да.
Басымыз аман болса ақын інім,
Күні ертең шықпай ма екен шашымыз да.

Мұхамеджан:

Болсақ деп мемлекет мұнаралы,
Биіктетіп жатырмыз бұ қаланы,
Қазақ деген қасиет тұнған халық,
Патшаның да пайымын ұға алады.
Үлкендердің үлгі ғып жатқан ісін,
Үдесінен төріне шығарады.
Айтыс мына осы тойдың шашуындай,
Бақ келіп есігіңнен сығалады.
Аман болсақ, уа Секе, талай мәрте,
Жырға бөлеп кетерміз мына араны.
Алла жазса Астана қаламен де,
Ел болып біз қалармыз құдандалы.
Байқаймын мұндай жақсы ниетімді,
Секең де сезімімен құп алады.
Осыменен айтысты аяқтайық,
Шығады шың басына шынар әлі.
Тасты да егей берсең тамтық қалмас,
Сиыр да сауа берсең суалады.
Алтын құрсақ қазағым аман болса,
Мұхамеджан, Серіктер туар әлі.

Серік:

Алынбас шамалыға белеспісің,
Сен өзі сағымбысың, елеспісің.
Алқалы елдің шығып аясына,
Аға-іні кең отырып, кеңесті шын.
Аузыңа айтыс сайын құрсақты алып,
Сен осы гинеколог емеспісің.

Тұрғанда жарқын заман бетін беріп,
Өткенге әттеген деп өкінбелік.
Жатқанда ат шаптырып мынау далам,
Мереке берекесін кетірмелік.
Айбыны Алашымның асқақ тұрсын,
Париждің мұнарасы секілденіп.

1999 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз